Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Атырауда нан қымбаттап кетті

Нан үйден пісіргеннен де пайда шамалы көрінеді. Ұнның да бағасы шарықтап кеткен.

Атырауда нан қымбаттап кетті
фото: ашық дереккөз

Атырауда нан қымбаттады. Бұған дейін 100 теңгеден сатылған ас атасы жеке дүкендерде 110, кей жерлерде 115 теңгеден саудалануда деп хабарлайды Paryz.kz“Астана” телеарнасына сілтеме жасап. 

Аймақ тұрғындары күнделікті тұтынатын азықтың қымбаттауы қалтаны қағатынына наразы. Әкімдіктегі жауаптылар баға тағы да көтерілу мүмкін екенін айтады.

Жалғызбасты, жұмыссыз ана Галина Ермекшова, екі баласына Үкіметтен берілетін көмек ақшаға күнелтіп жүр. Соңғы кезде ақшасын жеткізе алмай әлек.

Бүгін 5 теңге, ертең 10 теңге. Баға қайда барады білмеймін. Біздің үйдің маңындағы дүкенде 105 теңгеден сатылып жатыр. Үнемдеп үйренгенмін, қазір қонаққа бармаймын. Қонақ шақырмаймын, – дейді Атырау қаласының тұрғыны Галина Ермекшова. 

Біздің отбасымызда адам көп. Күніне 4 қалаш нандай кетеді. Қымбат енді. Арасында үйден пісіреміз. Көбіне дүкеннен аламыз. Қалтаға тиіп тұр ғой оның бәрі, – дейді Атырау қаласының тұрғыны Асылбек Қорғанбаев.

Нан үйден пісіргеннен де пайда шамалы көрінеді. Ұнның да бағасы шарықтап кеткен.

25 кг жоғары сортымыз 5 100 теңге. Оған дейін 4620 болды. 480 теңгеге өсіп тұр. Реніш бар. Бірақ халық алып жатыр, – дейді сатушы Сәнім Иманғалиев.

Қазір аймақта 16 наубайхана жұмыс істейді. Оның 10-ы қалада. Наубайханашылар шығынымыз тым көбейіп, жабылудың аз-ақ алдында тұрғандықтан бағаны көтергендерін айтады.

Ұн қымбатсып кетті, шемешкі май қымбат, секер қымбат  қосалқы бөлшектер қымбат. Олай етпесек қосалқы бөлшектерді жаба алмаймыз. Пешіміз тоқтайды. Жұмысшыларға жалақы бере алмаймыз. Жергілікті қорда арзан ұн жоқ, – дейді жеке кәсіпкер Айбар Шындыбаев.

Мұны әкімдік өкілдері растады. Былтыр меморандум негізінде алынған 10 мың тонна бидай таусылған. Биыл ұн бағасы Қостанайдан қымбат келгенін жеткізді.  

Нан бағасының өзіндің құнының артуына байланысты көтеруге мәжбүр болып отыр. Бірақ қазір біздің шекті бағадан асп отырған жоқ, – дейді Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы нан бағасы алда тағы өсуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Айтуынша, жақын күндері "Азық-түлік корпорациясы" арқылы  тағы да бидай келеді.  Бірақ оның қанша уақытқа жететіні белгісіз.