Министр бұл қарапайым халықтың аударымдарына әсер етпейтінін айтты.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қазақстандық кәсіпкерлер мобильді аударымдар үшін енді бөлек шот ашатынын айтты деп хабарлайды Paryz.kz.
Министрдің айтуынша, Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, Бизнес қауымдастығымен және Қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп, мобильді аударымдарды реттеу туралы заң нормаларын әзірледі. Қазір ол Парламенттің қарауында жатыр.
Оның негізгі мәні мынада: қазір жеке кәсіпкерлер кәсіпкерлік қызметпен айналысқанда да, жеке аударымдар жасағанда да, ақша бір шотта араласып кетіп жатыр. Бұл салықтық әкімшілендіруге мүмкіндік бермейді. Сондықтан біз заң аясында кәсіпкерлерден кәсібі үшін жеке шот ашуын талап етеміз. Ал жеке аударымдарды өзінің шоты арқылы жүргізе беруіне болады, – деді Жамаубаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министр бұл қарапайым халықтың аударымдарына әсер етпейтінін айтты.
Халық тарапынан алаңдаушылық болмауы керек. Себебі азаматтардың қолданып жүрген карта шоттары сақталады, күнделікті өзара ақша аударымдарына ешқандай нұқсан келмейді. Яғни бүкіл процесс сол күйі қалады. Біз мобильді аударымдарды фискализациялау үшін ғана жаңа өзгерісті біртіндеп енгіземіз, – деді ол.
Ол Ұлттық банкке сілтеме жасай отырып, 2021 жылдың сегіз айында онлайн жасалған төлемдер мен ақша аударымдарының көлемі шамамен 36 триллион теңгені құрағанын мәлімдеді.
Бұл айтарлықтай сома, – деп атап өтті Жамаубаев.