Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Тісі шығайын деп тұр": павлодарлық ерлі-зайыпты пневмониядан көз жұмған сәбилерінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр

Сараптама бронхит, пневмония және гепатиттен бөбектің миы ісінгенін көрсеткен.

"Тісі шығайын деп тұр": павлодарлық ерлі-зайыпты пневмониядан көз жұмған сәбилерінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр
Дереккөз. om1.ru

Павлодарлық ерлі-зайыптылар 9 айлық сәбилерінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуларынша бөбекке ақ халаттылар дұрыс диагноз қоймай, дене қызуы көтерілген сәбидің "тісі шығайын деп тұр" деп сендірген. Өкініштісі сәби пневмониядан шетінеп кеткен, деп жазады Paryz.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Кетебаевтар отбасы тоғыз айлық Тимур есімді сәбилері дене қызуы көтеріліп ауруханаға түскен. Бүлдіршін сол күйі үйіне оралмаған.

"Төртінен бесіне қараған түні қабылдау бөліміне жоғары температурамен келдік. Ол жерде дәрігерді ұзақ күтіп, ақыры температураны түсіретін екпе салдырдық. Сол жерде қолымдағы баламның тыныс алуы қиындап, артынша көз жұмды", - дейді Тимурдың анасы Алина Кетебаева.

Сараптама бронхит, пневмония және гепатиттен бөбектің миы ісінгенін көрсеткен. Бүлдіршіннің ата-анасы оның дене қызуы жоғары екенін бірнеше мәрте дәрігерлерге айтқан. Алайда "Тимурдың тісі шығып келе жатыр" деп сендіріп, оған антибиотик пен дене қызуын түсіретін дәрі жазып берген.  

Ата-аналар дәрігерлер бала еміне селқос қарап, сәбиден сол себепті айырылып қалдық дейді. Өкініштісі даулы оқиғадан кейін дәрігерге тек сөгіс жарияланыпты.

"Бізде барлығына бұл оқиға жайында айтылды. Сөйтіп бәріне ондай жағдайда не істеу керегі түсіндірілді. Ал дәрігерге сөгіс берілді. Ол қазір жұмысын жалғастырып жатыр",-деді "Дисконт" ӨК-тің бас дәрігері Сәуле Аязбаева.

Ал Кетебаевтар отбасы бұл шешіммен келіспейді. Олар кінәлі адамның жұмыстан шығарылуын талап етіп, полицияға арыз жазған. Алайда нәтиже жоқ дейді олар.

Бүгінде медициналық қызметкерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бірақ қосымша сараптаманың қорытындысы дайын болмауынан, сәби өліміне кім кінәлі екенін анықтай алмай отыр.