Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"ШҚО-да маскасыз жүрген әр адамға 85 мың теңге айыппұл салуда" - журналист

"Мобильді топтың ішінде аудан әкімінің орынбасары жүр дейді. Мемлекет қарапайым халықты қанағанын қашан қояды?.." - дейді ол.

"ШҚО-да маскасыз жүрген әр адамға 85 мың теңге айыппұл салуда" - журналист
фото: ашық дереккөз

Журналист Нәзия Жоямергенқызы Facebook-тегі парақшасына ШҚО-да аудан әкімінің орынбасары бастаған мобильді топтың ауыл тұрғындарына маска тақпағандары үшін жаппай айыппұл салып жатқанын жазды, деп хабарлады paryz.kz.

"Түркітілдес журналистер қорының Whatsapp группасына бір әріптес жазды. Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданы, Қалбатау-Аягөз арасындағы ауылдарда маска тақпаған азаматтарды (жүргізуші, аула сыпырушы, т.б.) ұстап алып, 85 мыңнан айыппұл салып жүр екен. Бұл ауылдағы ағайынға қаржылық тұрғыда ауыр соққы! Мобильді топтың ішінде аудан әкімінің орынбасары жүр дейді. Мемлекет қарапайым халықты қанағанын қашан қояды, Ерлан Қарин, Берік Уәли?!" - дейді әріптесіміз.

Осы орайда ол ең төменгі жалақы - 42500, ал айыппұл - 85 мың теңге екенін айтып, әлгі әрекеттің логикаға қайшы келетінін алға тартқан. Сондықтан құзырлы органдар ереже бұзғандарды жазалағысы келсе, басқа шара тапсын деп отыр.

"Тоқаевтың хабары жоқ па сонда, әлде құптап отыр ма? Былтыр жазда маска тақпағандардан 300 млн теңгеден астам айыппұл жиналды деп "сүйінші сұраған" еді "біреулер". Масканы тегін таратпайды, оны сатып алуға елдің ақшасы бола бермейді. Былтыр көктемде 200-250 теңгеге көтерілген маска құны қазір 25-30 теңгеге арзандады. Бірақ соның өзі қымбатқа түседі кейде, қарапайым халық үшін! Көшелерде әбден ескіріп, жүн-жүні шыққан маска таққандар бар", - дейді Нәзия Жоямергенқызы.

Сол себепті, билікке наразы болып, ашынып отырған халықты Әбілязов сияқтылар оңай арандататынын да ескертіп қойды ол.

"Билікке сол ма керегі? Осы біздің шенеуніктер арасында елдің ашуына әдейі тиіп, ортаға от тастап отыратын оңбағандар бар сияқты көрінеді кейде. Карантиннен кейін банкротқа ұшырағандар, жұмыссыз қалғандар, отбасын асырауға қиналғандар көбейді. 85 мың деген көп ақша ғой адамдарға. Халыққа жаны ашымау деген не сұмдық?" - деп түйіндеді журналист жазбасын.