Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

"Көршілеріміз аурудан өліп жатыр": елорда тұрғындары әкімге кіре алмай әлек

Әлеуметтің сөзінше, дәл жеке сектор аумағында тұрған электр сымдарынан тарайтын магнитті сәулелер қалыпты нормадан бірнеше есе артық екен. Ұзақ жылдан бері басымыз ауырады дейді.

"Көршілеріміз аурудан өліп жатыр": елорда тұрғындары әкімге кіре алмай әлек
фото: видеодан скриншот

Елорда тұрғындары 90-жылдардың соңында көшелеріне тұрғызылған жоғары кернеулі бағандар өміріне қауіп төндіріп жатқанын айтты. Жұрт мәселесін айтып қала әкімінің қабылдауына бірнеше жылдан бері кіре алмай жүр екен. Ал соңғы уақытта Байқоңыр ауданында қатерлі ісіктен қайтыс болғандардың қатары артыпты, деп хабарлады paryz.kz, "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап. 

Жергілікті тұрғындар елорданың дәл осы оң жағалаудағы ауданды онкологиялық аурулардың ошағы деп санайды. Оған көшенің қақ ортасынан өтетін жоғары кернеулі бағандар себеп. Осыдан шыққан магнитті сәулелер адам денсаулығына орасан қатерін тигізетін көрінеді. Сөзімізге дәлел, дәл осы Күлтегін көшесінде соңғы бір жылда 4 бірдей адам қатерлі ісіктен көз жұмған.      

Жұрт арасында бұл жоғары кернеулі сымдар "өлім бағаны" деп аталып кеткен. Дәл үйлерінің іргесінен өтетін қуатты электр құрылғылары денсаулықтарына әбден зақым келтіріп тыныпты. Жиналғандардың басым көпшілігінің созылмалы дерттері бар екен. Бірнеше ауру бойынша емханаларда есепте тұрған көрінеді.       

"Мына жоғары вольттың есебінен біз қаншама зардап шегіп жатырмыз. Үкіметтен ешкім артық нәрсе сұрамайды. Біз неше жылдан бері тұрғалы салығын да, барлығын да төледік. Енді өзімізге керек нәрсені сұрауға құқылымыз. Екі балам бірдей аллергия, кішкентай немерем қант диабетімен ауырады", - деді қала тұрғыны Райхан Ибраева. 

Әлеуметтің сөзінше, дәл жеке сектор аумағында тұрған электр сымдарынан тарайтын магнитті сәулелер қалыпты нормадан бірнеше есе артық екен. Ұзақ жылдан бері басымыз ауырады дейді.

"Мына жерде 4 көршім қайтты. Жылы да болған жоқ. Онкологиядан бәрі. Ана жерде Мұхтар,  Роза, мына жерде Сергей, мына жерде Орынбек қайтты. Бәрі онкологиялық аурудан өлді. Бізге жол, свет керегі жоқ. Өлейін деп жатқанда свет жағамыз ба? Бір аяғымыз - төрде, бір аяғымыз - көрде", - деді тұрғын Баян Садуова.

Тұрғындар ұлардай шулаған соң, электр бағандарына жауапты мекеме өкілдері де төбе көрсетті. Олардың сөзінше, жоғары кернеулі сымдар заң шеңберінде тартылған, тиісті құжаттары да бар. Магнитті сәулелер қалыпты деңгейден жоғары деген сөзге келіспейді. Қайта сынама жүргізуге әзір екендерін жеткізді.

"Сол уақытта бұл электр бағандарының тұрғызылуы үшін барлық тиісті құжаттары берілген. Мемлекеттік мекемелермен де келісім жасалған. 1999 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Біздің компанияға бұған дейін де электр бағандарының магниттік сәулесі жоғары деген хаттамалар келген. Бірақ біз онымен келіспейміз. Тұрғындармен бірге қайтадан тексеру жүргізуге дайынбыз", - деді "Ақмола электр желілік үлестіру компаниясы" АҚ басшысының орынбасары Александр Сырвачев.

Байқоңыр ауданына қарасты бұл көшеде 1 мыңға жуық адам тұрады. Басым көпшілігі 90-жылдары жер алып, баспана салып алған. Ал енді жылжымайтын мүлікті сатайын десе, өтпейді. Сондықтан магниттік сәуледен зардап шеккендер ескі үйлерінің сүріліп, орнына жаңасы берілуін талап етеді.