COVID-19: енді кез келген нысанға QR кодсыз кіре алмайсың

Алайда бұл жобаға байланысты қазақстандықтарда бірқатар сұрақ пен наразы пікірлер пайда болып жатыр.

COVID-19: енді кез келген нысанға QR кодсыз кіре алмайсың
фото: ашық дереккөз

Қазақстандықтар ПТР тесттен өткен-өтпегендігі және оның нәтижесі бойынша түс-түске жүктелетін болады, деп хабарлады paryz.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі бұл деректер "Ashyq" қосымшасында көрсетілетін болады деп отыр.

Министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта бұл жоба карантиндік шаралар кезінде қызметіне шектеу қойылған бизнес өкілдері арасында (spa-орталықтар, фитнес орталықтар, кинотеатрлар) пилоттық режимде іске асып жатыр. Егер осы орталықтарға баратын болсаңыз, міндетті түрде QR-кодты сканерлеп, кіреберісте көрсетуге тура келеді. Бағдарлама қызыл, сары, көк және жасыл түстерге бөлініп, ПТР тесттің нәтижесі бойынша көрсетіліп тұратын болады. Әр түстің мағынасы төмендегідей:

Қызыл түс – қозғалысты шектеуді, карантиндік шараларды қатаң сақтап, үйде оқшаулануды білдіреді.

Сары түс – көпшілік жерлерде қозғалысына шектеу қойылу, яғни азық-түлік дүкендеріне және өзі оқшауланып жатқан жерден 500 метрге дейінгі жерде орналасқан дәріханаға баруға ғана рұқсат етілген адамдар.

Көк түс – ПТР тест міндетті (мысалы, әуежайда) жерлерден басқа орындарда шектеу қойылмайтын жандар.

Жасыл түс – Ешқандай шектеу жоқ адамдар. Бұл адамдарда ПТР тест теріс нәтиже көрсеткен.

"Аталған бағдарлама карантиндік шаралар кезінде жұмысы тұралап қалған бизнес үшін және дені сау адамдарға қауіп төндірмеуге мүмкіндік береді. Егер келушілерде смартфоны болмаған жағдайда ЖСН арқылы немесе жеке куәлікте көрсетілген штрих код арқылы тексеретін де функция бар", - деп атап өтті министрліктегілер.

Алайда бұл жобаға байланысты қазақстандықтарда бірқатар сұрақ пен наразы пікірлер пайда болып жатыр.