Медициналық сақтандыру жарнасын төлемегендер де тегін медициналық көмекке қол жеткізе алады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елордалық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Белгілі болғандай, МӘМС жүйесінде сақтандыру жарнасын төлемейтін пациенттер де медициналық көмек алуға мүмкіндік бар. Оларға тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде қарастырылған медициналық қызмет түрлері ұсынылады.
Тегін медициналық кепілдендірілген көмекті кімдер алуға болады?
Көмектің бұл түрі үшін медициналық қызмет ақысы бюджет қаражатынан төленеді және оларды:
- Қазақстан Республикасының азаматтары;
- қандастар;
- босқындар;
- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын (және тұруға ықтиярхаты бар) шетелдіктер;
- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын (және тұруға ықтиярхаты бар) азаматтығы жоқ адамдар ала алады.
Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, пана іздеген адамдардың айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары болған кезде медициналық көмек алуға құқылы.
Тегін медициналық кепілдендірілген көмек аясында қандай медициналық қызмет көрсетіледі?
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне мыналар кіреді:
1. Жедел жәрдем қызметтері, оның ішінде белгілі бір жағдайларда медициналық авиация шақыртылады. Яғни, шұғыл көмек қажет болған жағдайда пациентке оның сақтандырылғанына немесе сақтандырылмағанына қарамастан көрсетілуі тиіс;
2. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек қызметтеріне сіздің емханаңыздың учаскелік қызмет деңгейінде көрсетілетін негізгі қызметтер кіреді:
1) ең көп таралған ауруларды диагностикалау, емдеу және қадағалау;
2) халықтың нысаналы топтарын (балаларды, ересектерді) профилактикалық тексеру;
4) иммундау (вакцинация);
5) салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау;
6) ұрпақ жаңғырту денсаулығын қорғау жөніндегі іс-шаралар;
7) жүкті және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерді бақылау;
8) инфекциялық ауру ошақтарындағы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар.
3. Амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмекке емхана деңгейінде, оның ішінде есепте тұрғандар үшін және шұғыл жағдайлар туындаған кезде көрсетілетін қызметтер жатады:
1) АИТВ-инфекциясының және туберкулездің алдын алу және диагностикалау;
2) жарақаттар, уланулар немесе басқа да шұғыл жағдайлар кезіндегі қызметтер, оның ішінде елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауын тудыратын аурулар кезіндегі және оларға күдік туындаған жағдайларда сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық адамдар үшін мобильді бригаданың қызметтері;
3) әлеуметтік маңызды аурулар кезіндегі диагностика және емдеу;
4) динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар кезіндегі диагностика және емдеу.
4. Стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек. Айта кетерлігі, бұл коронавируспен ауырған науқастарды үйде емдеуді де қамтиды:
1) әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу кезінде;
2) елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауын тудыратын аурулар кезінде және оларға күдік туындаған жағдайларда сақтандырылған мәртебесіне қарамастан, барлығы үшін үйдегі стационар қызметтері;
3) динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар кезінде емдеу.
5. Стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық көмек пациенттердің белгілі бір санаттары үшін ауруханада емдеуді қамтиды:
1) айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік аурумен ауыратын науқаспен қатынаста болған адамдарды, сондай-ақ бактерия тасымалдаушыларды, вирус тасымалдаушыларды және қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік ауруға күдікті адамдарды оқшаулау кезінде;
2) инфекциялық, паразиттік ауруларды және айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруларды емдеу кезінде;
3) сақтандырылу мәртебесіне қарамастан адамдарға шұғыл көмек көрсету, оның ішінде тәулік бойы стационардың қабылдау бөлімшесінде емдеу-диагностикалық іс-шаралар өткізу;
4) жоспарлы тәртіпте.
6. Медициналық оңалту:
1) негізгі ауруды емдеуде;
2) туберкулезбен ауыратын науқастар үшін.
7. Паллиативті медициналық көмек;
8. Мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде медициналық көрсетілімдер болған кезде қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету;
9. Амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезіндегі патологиялық-анатомиялық диагностика;
10. Қазақстандықтарды шетелге емделуге жіберу және (немесе) отандық медициналық ұйымдарда емделу үшін шетелдік мамандарды тарту;
11. Дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, мамандандырылған емдік өнімдермен, иммундық-биологиялық дәрілік препараттармен қамтамасыз ету. Бұл санатта әлеуметтік маңызы бар, созылмалы аурулары бар динамикалық есепте тұрған адамдар үшін қарастырылған.
Егер сізге шұғыл көмек қажет болып, МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебеңіз жоқтығын алға тартып, медициналық көмек көрсетуден бас тартса, дәрігерге пациенттің өз құқықтары туралы мәлімдеп, олардың сақталуын талап ету қажет. Қордың елорда филиалына осы мазмұндас өтініш-шағымдар да жиі түседі. Сондықтан азаматтар өз құқықтарын білсе екен дейміз, – деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Аталған барлық жағдайларда сақтандырылмаған азаматтар мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде оларға көрсетілетін қажетті көмекке арқа сүйей алады.
Барлық құқықтар қорғалған. baq.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз: https://baq.kz/saqtandyru-tolemin-zhasamagandar-tegin-meditsinalyq-komek-ala-ala-ma_270574/