05.10.2020, 23:40

"Өзінің діни арнасы аздық еткен бе?": Мұхамеджан Тазабек енді ұлттық арнадан "пәлсапа соғады"

фото: baigenews.kz

Егер Мұхамеджан әйелдерге тәлімді сабақ беретін ұзынетекті сақа қатын немесе 70-80 жасаған кемпір болса, түсінуге болады. Бірақ, ол ақ жаулықты ана емес, қауға сақалды ер ғой.

Қашан да көкейіндегісін ірікпей, бірдеңені біліп һәм тіліп айтатын әріптесіміз Тоқтар Жақаш бұл жолы атышулы Мұхамеджан Тазабекке шүйлікті.

Facebook-тегі жазбасын: "Сәләфиттердің саржағал балапандары "Хабар" мен "Қазақстан" арналарында толып қалған еді. Енді Мұхамеджан Тазабектің ұлттық арна эфиріне шығуы масқараның масқарасы дер едім", - деп бастаған ол, "сақалды ақынның" бұл беталысынан кәдімгідей күдіктеніп.

"Сонда, енді Мұхамеджан ұлттық арнадан бізге пәлсапа соқпақшы ма? Оған ондай трибуна кімнің пәрменімен берілді?! "Тәлім-тренд" деген дүниесі осыдан 4-5 жыл бұрын ютубта мың рет айналып, әбден жауыры шыққан. Енді сол сарқыншағын ұлттық арнадан төгуге де ұят керек шығар! Мұхамеджанға өзінің діни арнасы аздық еткен бе?" - дейді Тоқтар Жақаш.

Айтуынша, егер Мұхамеджан әйелдерге тәлімді сабақ беретін ұзынетекті сақа қатын немесе 70-80 жасаған кемпір болса, түсінуге болады. Бірақ, ол ақ жаулықты ана емес, қауға сақалды ер ғой.

"Қай қазақтың еркегі ерлі-зайыптыға ақыл айтып еді? Мен өз басым балаларымның өміріне қарғыс айтқыш сәләфиттердің қол сұғып, ақыл айтуына үзілді-кесілді қарсымын! Бұл енді тым перебор! "Еститін үкімет" көрерменнің талабын естиді деп ойлаймын! Сектанттар идеология саласынан аулақ жүрсін!" - деп салды ашынған әріптесіміз.

Қазекең қашанда айтқыш қой, Әсет Оразхан деген азамат журналист жазбасына бірден: "Тебу темасын толкать етпекші ме тағы?" - деген пікір қалдырыпты. Ал Алтынбек Төре есімді желі қолданушы: "Қазақстан арнасы іріп-шіріп бітті! Көрсететін ештеңесі қалмады. Сосын Тұрсынбектің сайқымазағы мен Мұхамеджанның пәлсапасын көрсетеді. 10 жылдан асты, телевизор көрмегелі. Қазір антенна жоқ. Тек ютуб қарайды балаларым", - деп отыр.

Басқа пікірлер легін әлеуметтік желінің мүмкіндігі көтергенмен, БАҚ бетінде бақырайып тұруы ыңғайсыз. Сондықтан қалған әңгіме – жоғарыдағы сілтемеде.

Ерік ЕЛЕУСІЗ