Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Қаперге бермейді, салады": Шыңғыс Мұқан қате пост пен пікір жазып, әбден ұятқа қалды

...Екі сұрақ та жауапсыз қалды. Абай айтпақшы, "Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан" дегеннің керін келтіргенге ұқсайды...

КОВИДТІҢ НҰР-СҰЛТАН МЕН АЛМАТЫДА БАСТАЛҒАН “ҮШІНШІ ТОЛҚЫНЫ” ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСКЕ ЖЕТЕ МЕ? Жетсе, жоспарымыз...

Опубликовано Shyńǵys Muqan Вторник, 30 марта 2021 г.
"Қаперге бермейді, салады": Шыңғыс Мұқан қате пост пен пікір жазып, әбден ұятқа қалды
фото: ашық дереккөз

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның Facebook-тегі парақшасына "Ковидтің Нұр-Сұлтан мен Алматыда басталған "үшінші толқыны" үшінші мегаполиске жете ме?" деген тақырыппен жариялаған үш сценарий туралы посты мен комментарийі қатеге ұрынып, желі белсенділері оның сауатына "үштік" қойып тастады, деп жазды paryz.kz.

"Өздеріңізге белгілі, қалада коронавируспен күрестің 3 сценарийі әзірленген болатын. Қазір А сценарийі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл сценарий бойынша 1380 төсек-орын дайын. B және С сценарийлері бойынша 5 мың төсек-орынға дейін дайындалады", - дейді шенеунік.

Осы орайда ол "Қазіргі таңда денсаулық сақтау мекемелерінде 284 науқас коронавируспен ем алып жатыр" деп жазған. Негізі адам коронавируспен ем алмайды, ауырады ғой. Белгілі заңгер Айгүл Орынбек пост астына "Ұланасыр той өткізіп алып, ковид жайлы айтып отырғаның тым күлкілі!" деген пікір қалдырды. Ал оған Шыңғыс Мұқан "қаладағы іс-шаралар барлық эпидталаптар сақталып, эпидқызметтің қатаң бақылауымен өтіп жатқанын қаперіңізге беремін" деп жауап беру арқылы тағы бір қате жіберген. Оны көзі қарақты оқырманның өзі түзетіп берді.

"Қаперіңізге бермейді, қаперіне салады. Қазақ сөзі бұзылмасын деген тілектен" деп жазды Анар Бек. Айгүл Орынбек болса, "Анар Бек, біздікілер әбден беріп үйреніп қалған ғой" деп, шымкенттік шенеуніктерді кезекті рет тілмен түйреп өтті. Сондай-ақ Әділ Жабықбай атты азамат та "қаперіңізге беремін" емес, қаперіңізде болсын, қаперіңізге саламын деп жазған дұрыс болар" деген ақыл қосты.

Бұдан бөлек, заңгер әкімнің орынбасарына "Мәдениет басқармасында жұмыс істейтін қызметкерден ковид шыққанын неге жасырып отырсыздар онда?" деген сұрақ қойды. Даник Ануарбекович деп тіркелген желі қолданушы да "Шыңғыс Мұқан, яғни эпидталаптар сақталса, мейрамханада той өткізуге болады екен ғой, дұрыс па?" деді. Алайда екі сұрақ та жауапсыз қалды. Абай айтпақшы, "Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан" дегеннің керін келтіргенге ұқсайды. Есесіне екінші сұраққа қатысты Айгүл Орынбек "Даник Ануарбекович, иә, Шыңғыс Мұқан той жасады. Сендер де 100%-ға толтырып, жасаңдар!" деп қыжыртып қойды.

Тағы оқи отырыңыз: Әйтеновтің орынбасары қазақша киім киюге өз-өзінен әбден ұялыпты

Қысқасы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан осылайша бір пост жариялаймын деп, желі белсенділеріне әбден мазақ болды. Алақандай бір пост пен бір ауыз пікірден "тілі сүрініп" жатқан оның кезінде "Жас Алаш" сынды қабырғалы басылымда журналист болып қалай жұмыс істегеніне, бүгінде тапсырыспен қандай кітаптар жазып, шығарып жүргеніне таңғалмасқа шара жоқ.

Ұлттық құндылықтарын дәріптеуден әбден ұялу мен жазбалары арқылы әбден ұятқа қалу әдетіне айналып кетпесе жарар еді...