Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

"Әнді сүйсең, Әйтеновше сүй!": Шымкенттегі шоуларға жарты млрд-тан астам теңге бөлінген

"Сәкен Майғазиев өзі ән айтатын топтың концертін өткізу үшін өзі басқаратын мекемеден ақша бөліп отыр. Өзінің сол концертте өнер көрсеткені тағы бар..." - дейді журналист.

"Әнді сүйсең, Әйтеновше сүй!": Шымкенттегі шоуларға жарты млрд-тан астам теңге бөлінген
фото: ашық дереккөз

Қазақ сахнасында жүрген МұзАрт тобына биыл 20 жыл толды. Сондықтан олар карантин шектеулеріне қарамастан, Наурыз қарсаңында Шымкент қаласында концерт өткізді. Себебі, топ мүшесі Сәкен Майғазиев қазір Шымкент қалалық Мәдениет үйінің басшысы.

Міне, халықтың сол шараға 572 миллион теңге жұмсалды деп шулап жатқанына да біраз болды. Алайда Сәкен Майғазиев ол соманың Шымкентте жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізуге бөлінгенін алға тартып, шыр-пыр етіп отыр. Ал Наурыз мерекесінде 10 күн бойы өткен 103 іс-шараға 213 миллион теңге жұмсалған көрінеді.

Осы орайда журналист Мият Кәшібай Facebook-тегі парақшасына тек МұзАрт тобының консерті үшін Шымкент қалалық Мәдениет үйі басшысының өзі қол қойып, 30 миллион теңге бөлгенін жазды.

"Мені таңғалдырған тағы бір жайт, Наурыз мерекесіне орай Шымкетте МузАрт тобының да концерті өтіпті. Бюджет қаржысына. "Мейлі, өте берсін. Салық төлеуші - халық. Ал МузАрт тобы - халықтың сүйіктісі" дейтін шығарсыздар. Мәселе онда емес. Ол концертті өткізуге тапсырыс беруші мекеме - Шымкент қалалық мәдениет үйін МузАрт тобының әншісі Сәкен Майғазиев басқаратыны белгілі. МузАрт концерті үшін жасалған 30 миллиондық келісім-шартқа да Майғазиевтың өзі қол қойған. Порталда тұр. Елімізде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң бар. Соның 15-бабында мүдделер қақтығысы жайлы айтылған. Ал мен бұл жоғарыдағы келісім-шарттан мүдделер қақтығысын байқап отырмын. Сәкен Майғазиев өзі ән айтатын топтың концертін өткізу үшін өзі басқаратын мекемеден ақша бөліп отыр. Өзінің сол концертте өнер көрсеткені тағы бар. Заңгерлер не дейді екен бұл туралы, мүдделер қақтығысы байқала ма?" - дейді жазба авторы.

Оның айтуынша, Сәкен Майғазиев өзі қол қойған келісім-шарттардағы әрбір тиын үшін жауап беруі тиіс. Әрине, ол желідегі у-шуға желі арқылы жауап берді. Яғни, Instagram-дағы парақшасына жазба жариялап отыр.

"Ассалаумағалайкум, ардақтыларым! Естіп те, көріп те жүрмін. Бүкіл әлемнің байлығын берем десе де, қасықтап жинаған абыройымды шелектеп төгуге келіспес ем. АЛЛАh - білуші. Мерекелік мәдени іс-шаралар кеше кешкісін мәресіне жетті. Жұртты жинап алып, жын ойнақ жасағандай көрсетудің қажеті жоқ, жақсылар. Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 19 мекеме атсалысқан 100-ден астам шараға бөлінген қаражатты мен ойлап тапқан жоқпын. Қала әкімі қолдап, орынбасарлары оңтайландырып, басқарма бекітіп, мәслихат мақұлдап, жұмыла жасалған жұмыс", - дейді әнші.

Оның сөзіне сенсек, елдің аузында жүрген сома тек наурыз мерекесіне ғана қаралған қаржы емес екен.

"572 миллион теңге (565 млн емес) - жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізуге бөлінген қаржы. Соның ішінде Наурыз мерекесінде 10 күн бойы өткен 103 іс-шараға 213 миллион теңге жұмсалды. Наурызға қатысты іс-шаралар наурыздың соңына дейін, тіпті, сәуір айына дейін жалғасады. Айтайын дегенім, 213 миллион теңгенің өзі кейбір блогерлер жазып жатқандай 5-6 іс-шараға бөлінген жоқ. "Наурыз айтысқа" келейік. 40 миллион теңге - "Наурыз айтыс" атты үлкен жобаға бөлінген қаржы. Оның ішінде 2 ауқымды іс-шара бар. Екі күндік ақындар айтысы, ақын-жазушылардың проза және поэзия бағыттары бойынша өткен байқауы мен мүшайрасын косыңыз", - деп саусағын санай бастады Сәкен Майғазиев.

Айтуынша, бұл қаржының ішінде жүлде қоры, қатысушылар мен қазылар алқасының қаламақысы, олардың келу-кету мен орналасу, тамақтану мен транспорт сынды көптеген шығындары бар екен. Мемлекеттік сатып алу конкурсы бір көзден сатып алу тәртібімен өткізіліп, "Quraq group" компаниясымен тікелей келісімшарт жасалған.

"Оның үстіне, бұл іс-шараларды компания өз қаржысына өткізді. Біз бұл компаниямен сәуір айында есептесеміз. Жиһаз өндіру - компания қызметінің бір ғана бағыты. Іс жүзінде ол мәдени іс-шаралар ұйымдастырумен де айналысады. Соның ішінде ақындар айтысын ұйымдастыруға лицензиясы бар. Бұл компания осындай іс-шараларды ұйымдастырып жүрген белгілі продюссерлермен бірлесіп жұмыс істейді. Наурыздағы барлық іс-шараларда санитарлық талаптарды қатаң сақталды. Бір сөзбен айтқанда, бөлінген бюджет - бабамнан қалған қаржы емес, мен басқарып отырған әсем ғимарат - әкемнен қалған мұра емес", - деп ақталды Сәкен Майғазиев.

Еске сала кетсек, ол Шымкент қалалық Мәдениет үйінің басшысы қызметіне 2020 жылдың желтоқсан айында тағайындалған болатын. Сондай-ақ қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қалауымен Майра Мұхамедқызы, Ақбота Керімбекова, Мұрат Мұтырғанов, Мұхтархан Ділдәбеков сынды өнер мен спорт саласындағы танымал азаматтар Шымкенттің бір-бір басшылық лауазымына жайғасты. Осылайша шоубизнес өкілдерінен команда жасақтап, олар ұйымдастыратын концерттік шараларға осынша қаржы-қаражат бөле берсе, ұлы Абайдың сөзін соған лайықтап, "Әнді сүйсең, Әйтеновше сүй!" деуге болатындай-ақ екен. Әйтпесе, ол карантин талаптарын ескеріп, сол жарты миллиардтан астам қаржыға әкімдік ғимаратының табалдырығын тоздырып жүрген көпбалалы аналарды жарылқап алса да болар еді. Онсыз да қазір Шымкентте 29 наурыз-12 сәуір аралығында шектеу шаралары қатаңдатылып жатыр ғой...

Ерік ЕЛЕУСІЗ