Қоғам қайраткері, көсемсөзші, журналист, мәдениеттанушы, этнолог "Qasqa Jol " Youtube арнасында қонақта болып, соңғы кезде қоғам талқысына түскен мәселелер туралы ой бөлісті, - деп хабарлайды Paryz.kz Skifnews.kz-ке сілтеме жасап.
Серік Ерғали Магнум сауда желісіне бойкот жарияланғанға дейін де бармайтынын, оның артында олигархтар тұрғанын айтты.
"Мен Магнумды бойкоттаушылардың қатарынанмын. Ол сауда желісіне бұрын да бармайтынмын. Үйдің айналасында көп-ақ, соларға барамын. Әрине, жақсы жоба. Бірақ Магнум сияқты ірі жобалар біздің елімізге жасанды жолмен келген. Оның артында үлкен олигархтар тұр. Біздің автократиялық қоғам жағдайында табиғи жолмен емес басқа жолмен байығандар. Содан кейін олар ойларына келгенін жасайды. Тұтынушыны қадірлемейді, сол елді қадірлемейді, сол халықтың тіліне қарамайды. Біз не берсек, соны ішіп-жейсің деген пиғылдан пайда болған бизнестің түрі. Біздің ел жалпы өзгермейінше кез келген салада мұндай ушығу болады да тұрады", - деді қоғам қайраткері.
Сондай-ақ, мәдениеттанушының айтуынша, Магнумға қатысты болған жағдай халықтың санасы өскендігін білдірмейді. Ол жерде мүлде басқа дүние жатыр.
"Магнумдағы жағдай халықтың саяси санасының өскенінен деп ойламаймын. Ол біздің халықтың әлеуметтік жағдайы өшіп тұрғандағы қыр көрсетуі, жауабы. Сол жағынан шығып жатыр. Өйткені орыс тілін қорғап тұрған қазақ жігітінің әрекеті де сол ашынғандықтан туындап отыр. Психологиялық жағынан қарасаңыз, өз елі мен тіліне әбден ренжіген адамның әрекеті. Сол жағынан шығып тұр. Шабарман жігіт оған мән де беріп тұрған жоқ. Артынша отқа тамған тамызық болып кетті. Ол болмаса да бұл мәселе шығатын еді. Халық пісіп-жетіліп тілін талап етіп отыр дегенге мен сенбеймін. Себебі ондай халық болсақ, балаларымыздың 40 пайызы орыс мектебінде оқымас еді. Неге біз өз тілімізді аяқасты етіп, оны қайта талап етіп отырмыз? Мұндай жағдайлар болғаны дұрыс, біраз ушықпағаны дұрыс", - деп түйіндеді этнолог.