Qazbilim group компаниясы басқарма төрағасы, ұстаз Аятжан Ахметжанұлы жасанды интеллект пен оқу процесі жайлы айтып, өзінің ұсыныстарын жасады, деп хабарлайды paryz.kz.
Бүгінде жасанды интеллект (ЖИ) өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бірнеше жыл бұрын ғана өлең жазып, эссе құрастырып, есеп шығарып береді десе, қиял секілді көрінетін. Ал қазір бұл – шындық. ЖИ-дің қарқынды дамуы әсіресе білім саласына үлкен әсерін тигізуде. АҚШ пен Қытай жасанды интеллектіні дамытудан жарысып жатса, біз оны пайдалануды ғана үйреніп келеміз. Бірақ бұл технологияның білім беру процесіне тигізер оң және теріс жақтары қатар өрбіп жатыр, - дейді ол.
Білімге ЖИ-дің әсері қандай? Бүгінде мұғалімдер алдында күрделі сұрақ туындап отыр:
- Үй тапсырмасын оқушының өзі орындап жатыр ма, әлде ChatGPT-ге жасатып алды ма?
- Шығарма жазу тапсырмасында оқушының өз ойы бар ма, әлде ЖИ көмегіне жүгінді ме?
- Математикалық есептерді өзі шешіп отыр ма, әлде барлығын ЖИ орындап берді ме?
- ТЖБ мен БЖБ тапсырмаларын да ЖИ-ге жасатып жатыр деген дабыл қағылуда.
Бұл жағдай балалардың ойлау қабілетін дамытуға қалай әсер етеді? Егер барлығын ЖИ шешіп беретін болса, оқушылар өздігінен ойлануды қояды, ал бұл болашаққа үлкен қауіп төндіруі мүмкін, - деп санайды Аятжан Ахметжанұлы.