Белгілі заңгер Айгүл Орынбек шизофрения ауруымен ауыратындарға мемлекет тиісті деңгейде көңіл бөлуі керек деп есептейді. Оның айтуынша, қазақтар бұл ауруға онша мән бере бермейді, қазақша «құс келгенде, құс кеткенде ауырады» деп балаларын үйде ұстап отыра береді, - деп жазады Paryz.kz.
«Бұл толық жазылмайтын созылмаулы ауру түрі. Мұндай аурумен ауыратын адамдардың фантазиясында шек жоқ. Кейбірінің миы сау адамдардан артық жұмыс істейді. Бізде қаншама ата-ана бұндай диагнозы бар балаларын үйлерінде ұстап отыр. Себебі балаларын жындыханаға апаруға қимайды. Халықпен тығыз жұмыс істеген соң мұндай балалардың жағдайымен көбірек жолығамын. Ең алғаш осыдан 6-7 жыл бұрын Маржан деген қыз жайлы да қатты шу болған кезде, бұл ауру жайлы екі-үш ай зерттедім. Көптеген ғалымдардың зерттеулерін оқыдым. Біраз мамандардан кеңес алдым. Қоғамда резонанс болған соң, жындыханаға кіріп қыздың құжаттарымен, анасымен, дәрігерлермен сөйлесіп кішкентай кезінен емделген құжаттарын көрген соң, ол қыз сол жақта қалып ем алғаны дұрыс деген тұжырымға келгем. Сол кезде кейбір адамдар сол қызды жындыханаға мен апарып жатқызғандай шулады. Ал негізінде ол қыздың анасы үш жасынан бастап Алматы қаласында дәл осы диагнозбен емдеген. Шымкентке ол қыз өскен соң ауыстырылған. Бірақ қоғам шулады, анасын қаралады, дәрігерлердің қортындысына сенейік деген мені қарғап сіледі. Нәтижесінде оны асырап алған әнші де одан бас тартты», - деп жазды ол.
Заңгердің айтуынша, біреуді аяушылық, жанашырлық қоғамға қауіпті болуы әбден мүмкін.
«Кейде халыққа дұрыс жол көрсетсең де жақпайсың, дұрыс па, бұрыс па зерттемейді де ауыздарына келгенді құса береді. Жанашырлыққой деулеріңіз мүмкін, кейде біреуді аяушылық, жанашырлық қоғамға қауіпті болуы әбден мүмкін. Лифтідегі баланың бетін пышақпен тілгілеген оқиға соған дәлел! Кешегі жағдайға ұқсас тағы бір оқиғаны айтып кетейін. Қарғандыда кішкентай бала көршісіне пышақ тығып алған. Анасы жақында «бала үш жыл болды Алматыда ем алды, ал дәрігерлер жібермей жатыр. Шығаруға көмек беріңіз, заңсыз ұстап отыр, оның есі дұрыс», деп хабарласты. Дәрігерлер жайдан-жай ол баланы ұстамайды. Дәрігер мамандар жиналып қорытынды бермесе, ол қоғамға қауіпті дедім. Әрине, ол кісі маған ренжіді. Кез келген анаға өзінің тоғыз ай көтерген баласы әппақ, бірақ мида ауытқуы бар баланы ұстау, оны қадағалап бақылау мүмкін емес», - дейді ол.
Айгүл Орынбек қандай жағдайда да сарапшы мамандардың пікіріне жүгінген жөн екенін алға тартты.
«Қоғам кейде көп мәселені бір жақты қабылдап жатады, екінші жағын осылай оқыс жағдайлар болғанда ғана ойбайлап шулап шығады. Кез келген жағдайда нағыз сарапшы мамандардың пікіріне жүгінген жөн. Ал біздің депутаттар, ата-ана баласының ауытқуы бар екенін біліп, ауруын жасырып үйінде ұстаса, қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң шығару керек. Себебі мұндай аурумен ауыратындар біздің елде көп!», - дейді заңгер.