Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

«Баламның қазасына қатысың болса, құдай жазаңды берсін»: Журналист экс-министрге шүйлікті

Түрмеде отырған бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының аштық жариялағаны жайлы мәлімет тарауда. Экс-министр аштық жариялағанын осыдан екі күн бұрын, яғни 10 ақпанда әлеуметтік желіде мәлімдеген. Енді журналист Сәуле Әбілдаханқызы экс-министрдің өзіне істеген жамандығы туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Баламның қазасына қатысың болса, құдай жазаңды берсін»: Журналист экс-министрге шүйлікті
Коллаж: sn.kz

"Недәрә Жаманқұловтың сөзін сөйледі" деп мені иттің итақайы істеп жүрген Жүргеновтен қуғанын екі дүниеде ұмытпаспын. Мен ол кезде нағыз жан-жақты толысқан маман едім. Доценттікке бір қадам қалған (хотя карьерист емеспін). Мәдениет саласын жекешелендіріп алғандай әбден құтырып еді. Маңайына өңкей өзі сияқты жемқор жағымпаздарды, көтігүл шымшықтарды жинап еді. (Әрине, ол жердегі кейбір бірен-саран адал адамдарға бұл сөздердің қатысы жоқ. Сол өзі айналасына жиған жағымпаздары, олардың балалары, тамыр-таныстары "білім іздеп, ғылым қуып".

Жүргеновтің бакалавриатын ғана емес, магистратура, докторантурасын грантта "оқыды" ғой. Сол жерде талай жыл аңдар патшасының оң қолы болған бір курстас құрбыммен неге араласпай кеттім? Біріншіден, осының оң қолы болғаны үшін, екіншіден, театртану саласын "жекешелендіріп" алғандай бүкіл туыстарын театртанушы қылғаны үшін араласпай кеттім. Бұның Астанадағы жемқорлықпен тапқан байлығы, музейлердегі қымбат мүліктерді өз мүлкіндей сатқаны, рейдерлікпен жиған дүние-мүлкі, шенеуніктерді қызбен қамтамасыз ететін жеңгетайлығы, "актриса боламын" деп армандап барған қаракөз қыздарымыздың талайының обалына қалғаны т.б. тірліктерін былай қояйық... Магистратура, докторантураға оқуға түскісі келетіндерден осының "шохасы" қожайынының атынан оқуға түсу ставкасын жинайтын. Қателеспесем, магистратура 4 мың доллар, докторантура 6 мың доллар ма еді?

Әлде магистратура 6 мың, докторантура 10 мың доллар ме еді. Ұмытыңқырап қалыппын. ҚР Мәдениет қайраткері атағы 15 мың доллар болған. Магистратураға тапсырғанымда менен де сұраған сол "шохасы" (құрғырдың аты кім еді... ұмытып отырмын. Есіме түссе жазамын. осында бар, тіпті, онысы сол жылдары ұсталып, тергеуден құтылды ма, әлде "қожайыны" соттан алып шықты ма, әйтеуір көп ұзамай портфелін көтеріп бостандықта жүрді.

Оған пара бергенше ақылы бөлімде оқығаным артық деп, магистратураны жылына 800 мыңдай төлеп ақылы бөлімде оқыдым. Ол кезде балам Мәскеуде студент еді, оған ай сайын 500-600 доллар жіберетінмін (пәтерақысы, жолы, тамағы, керек құралдары т.б.) Бұл қаржыны табу мен үшін өте қиын болды, 2-3 жерде істедім. Сол кезде грантқа "өз күштерімен түскен" группаластарымның "ғылыми жұмыстарын" да, ғылымға қызығушылығын да, қорғаған кездегі түрлерін де көзіммен көрдім ғой. Кейін докторантураға тапсырғанда грантқа тағы осының тізімі өтті. Обаевтың қолымен мені қалай аяқтан шалғанын сол кезде жазғанмын, қайталамай-ақ қояйын.

"Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театр" да бұның кезінде тым ластанып кетті. Солайша мен өзім бала кезден ғашық болған театрдан да, ғылымнан да жеріндім, безіндім. Театр – тазару үшін баратын мешітім еді. Ішкі-сыртқы кухнясын білген сайын жеріндім. Арамдық пен ластық жайлаған жерде ұзақ жүре алмаймын, жүрегім сығылып кетеді. Титтей арамдық байқасам ол адамнан да, ол ортадан да алыстаймын деп айттым ғой деймін. Бұл – театр, өнер деген тұнығымды лайлап кеткен. Мен сияқты талай адамның театрға, өнерге, өнертануға деген махаббатын өлтіріп, жолын жауып, обалына қалған бұл итке обал жоқ. Енді келіп ұялмай "ақпын, адалмын, өлемін" деп қорқытуға көшіпті. Құдай бетін ары қылсын. Айтқан жерден аулақ. Тіпә-тіпә, өзімен кетсін. Таба емес, тоба! "Бұ дүниенікі о дүниеге кетпейді, адамның көз жасы жібермейді" деген осы баламның қазасына қатысың болса, құдай жазаңды берсін! Басқа айтарым жоқ", - деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы әлеуметтік желідегі парақшасында.