Прямая трансляция

Астана

Астана

-24.03°C

Ұлттық кино: Қоғамдық сананы қалыптастырудың құралы

 Бүгін «AMANAT» партиясы фракция депутаттары Ж.Әшімжан, А.Әлтай, Қ.Әлішев Қазақстан Республикасының Премьер-министріне  елдегі киноиндустрияның өзекті мәселелері мен оның ұлттық идеологиядағы орнына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп жазады Paryz.kz.

Ұлттық кино: Қоғамдық сананы қалыптастырудың құралы
Фото: ҚР Мәжіліс баспасөз қызметі
Бұл сауалда қазіргі кино саласының проблемалары, әсіресе ұлттық құндылықтарды насихаттау, мемлекеттік тілді сақтау және болашақ ұрпақтың санасын қалыптастырудағы киноның рөліне ерекше мән берілген.
 
- Кино – бұл тек өнер емес, сонымен қатар қоғам санасын қалыптастыратын мықты құрал. Өткен ғасырда Жапонияның ұлттық болмысын қалпына келтіруде киноның ерекше рөл атқарғаны белгілі. Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген сөзі бүгінгі күні «Ел боламын десең экраныңды түзе» деп айтылуы орынды. Қазіргі таңда кино жастардың дүниетанымы мен мәдениетіне айтарлықтай әсер етеді. Алайда, еліміздегі фильмдердің сапасы қоғамның талабына сай келе бермейтіні алаңдатады, - дейді депутат Ж.Әшімжан.
 
2024 жылы Қазақстанда 90 фильм прокатқа шықса, соның 56-сы комедия жанрында түсірілген. Бұл ұлттық киноның көп жағдайда жеңіл, үстірт дүниелерге бет бұрғанын көрсетеді. Күлкілі сәттер арқылы қоғамды тәрбиелеу мүмкін емес, әсіресе қазіргі жаһандану дәуірінде. Кинонарықтың коммерциялық сипат алуы сапаға кері әсерін тигізіп отыр. Ұлттық құндылықтарды, тарихи тұлғаларды дәріптейтін, елдің рухани деңгейін көтеретін фильмдер жеткіліксіз.
 
Депутаттық сауалда көтерілген маңызды мәселелердің бірі – кино арқылы ұлттық тілді, салт-дәстүрді сақтау және дамыту. Алайда, көптеген фильмдерде бейпіл сөздер мен шұбарланған диалогтар қазақ тілінің көркемдік деңгейін төмендетіп жатыр.
 
Дамыған елдердің тәжірибесі ұлттық киноға мемлекеттік қолдау қажеттігін айқын көрсетеді. Мысалы, Германия жыл сайын кино саласына маман дайындауға 76 миллион еуро бөледі, ал Оңтүстік Корея шетелдік фильмдердің көрсетілуін шектеп, ұлттық киноның үлесін арттырады. Бұл тәжірибелерді Қазақстан да өз кинематографиясында пайдалану қажет.
 
Кино саласын дамыту және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында депутаттармен мынадай шаралар ұсынылды:
- фильмдердің идеологиялық, тілдік және ұлттық ұстанымдарын реттейтін арнайы көркемдік-сараптамалық кеңес құру;
 - мемлекеттік тілдегі фильмдердің үлесін арттыру;
- фильмдерде мемлекеттік тілдің нормаларын сақтау және бұзылуын қадағалау;
- ұлттық киноларды насихаттайтын кинотеатрлар желісін кеңейту.