Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

АН-26 ұшағының апаттарынан 1500-ге жуық адам қаза тапқан

"50-60 жылдан бері әуеде ұшып жүрген әуе кемелері. Күрделі жөндеу жүргізіп тұру қажет. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын да ескеру керек. Олар жасалса жақсы, бізде жемқорлық та бар ғой..." - дейді ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі.

АН-26 ұшағының апаттарынан 1500-ге жуық адам қаза тапқан
фото: rg.ru

Бұл - әлемдік статистика. Ашық ақпарат көздеріндегі деректер осылай дейді. Жүк тасымалдауға арналған әскери әуе көлігіне қатысты тағы не белгілі? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады, деп жазды paryz.kz.

"Улы үйрек". Күні кеше Алматы іргесінде құлаған АН-26 ұшағы осындай атқа ие көрінеді. Әуе кемесінің бүгінге дейінгі сәтсіз сапарларын санасақ, саусақ жетпейді. Кеңес дәуірінде шығарылған 1398 дана ұшақтың 170-ке жуығы түрлі себептермен жерге аман қона алмаған. Соның салдарынан 1500-ге жуық адамның өмірі қиылды.

2016 жылдың 9 наурызында АН-26 Бенгал шығанағына құлады. Үш адам қаза тауып, біреуі тірі қалған.

2017 жылдың 29 сәуірі. Кубадағы таулардың біріне соғылған АН-26-ның оқиға орнында күлталқаны шықты. Борттағы 8 адам түгел мерт болды.

2017 жылдың 30 мамыры. Ресейде АН-26 әуе кемесі апатты жағдайда қонып, ұшқыш қаза тапты. Одан бөлек, 4 экипаж мүшесі ауыр жарақат алды.

2018 жылғы 20 желтоқсан. Конго Республикасында да аталған әуе кемесі апатқа ұшырап, 7 адам көз жұмды.

Ал былтыр Украинада курсанттар мінген ұшақ техникалық ақауларға байланысты жерге қона алмай, жарылды. 27 экипаж мүшесінің 26-сы оқиға орнында мерт болды.

Ашық ақпарат көздерінде АН-26 әуелдегі АН-24 моделінің түрленген үлгісі екені айтылып жүр.

"Ұшақ көбіне жүк тиеуге, оны түсіруге ыңғайлы болғанымен, жолаушылар тасымалына аса жарай бермейді", - дейді мамандар.

Мұндай көліктер көбіне Әуе қорғаныс күштері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде қолданылады екен.

АН-26 әуе кемесінің техникалық сипаттамасы мынадай: Ұшақ 24 тоннаға дейін жүк көтере алады. Әдетте, оған 5 тоннадан бастап, 23 тоннаға дейін жүк тиеледі екен. Жоғары жылдамдығы - сағатына 540 шақырым. Қанат аралығы - 29,2 метр. Ұшақтың ұзындығы - 23,8 метр. Биіктігі - 8,6 метр. Ішіне 40 адам сыяды.

Еліміздегі ардагер ұшқыштар бізде АН-26 секілді Кеңес заманынан қалған ұшақтардың көп екенін айтады. Темір болған соң тозбай тұрмайды. "Сапалары сын көтермегендіктен құлап жатыр" деген пайымда.

"50-60 жылдан бері әуеде ұшып жүрген әуе кемелері. Күрделі жөндеу жүргізіп тұру қажет. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын да ескеру керек. Олар жасалса жақсы, бізде жемқорлық та бар ғой. Кейде сапалы жасалмайтын кездер болады. Техникалар ескірген. Ұшақтың техникалық ахуалы да ескерілуі керек. Соңғы рет қашан жөнделгені", - дейді ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі Арат Нарманбетов.

"Ал шынына келгенде, әскери ұшақтар азаматтық әуе кемелеріне қарағанда кез келген жағдайға сақадай сай болуы керек" дейді мамандар. Сондықтан олардың жарамдылығы әрдайым жіті бақылауда болуы тиіс.