Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Омар Жәлел Абай, Бұқар және Мәшһүр-Жүсіпті нақышпанди етіп шығарды (ВИДЕО)

Айтуынша, ол Абайды түсіну үшін сопылық жолдағы пір, ұстаздардың бәрін зерттеп-зерделеген. Содан өзі көптеген ата-бабамыз нақышпандия тарихатын ұстанған деген ой түйген...

Омар Жәлел Абай, Бұқар және Мәшһүр-Жүсіпті нақышпанди етіп шығарды (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Белгілі абайтанушы ғалым Омар Жәлел Qasqa jol Youtube арнасына берген сұхбатында сопылық ілім – қазақтың дәстүрлі діні екенін алға тартып, тіпті, беткеұстар ұлы тұлғаларымыздың нақышпандия ілімінде болғанын айтты, деп жазды paryz.kz.

Көлемді сұхбат барысында журналист оған "Құрбанәлі Ахмед Ишан туралы пікіріңіз қандай?" деген сұрақ қойды.

"Жақсы пікірдемін. Мен ол кісілердің ілімін білемін. Өйткені, Абайдың айтып жүрген Физули, Шәмси, Сәйхали, Қожа Хафиз, Науаи, Сағди, Фирдоусилері сол жолдағы адамдар ғой. Мен Құрбанәлі ишанды пір деп есептеймін. Түрмеден босап шыққан Исматулла тақсыр да пір", - деп жауап берді Омар Жәлел.

Айтуынша, ол Абайды түсіну үшін сопылық жолдағы пір, ұстаздардың бәрін зерттеп-зерделеген. Содан өзі көптеген ата-бабамыз нақышпандия тарихатын ұстанған деген ой түйген.

"Мәшһүр-Жүсіп атамыз да нақышпандия тарихатында болған. Ал не істейміз енді? Нақышпандия болды деп, Мәшһүрден бас тартайық па? Мысалы, Бұқар жырау да нақышпандия тарихатында болған. Абылай ханға өзі:

"Қожа Бахауеддин қолдаса,

Құдай тағала оңдаса,

Қырғыз деген қатты жау,

Қадам басып жүріңіз", - дейді. Сонда Яссауи бабамыздың ілімі, нақышпандия ілімі – біздің қазақтың дәстүрлі дүниетанымы", - дейді ғалым.

Алайда ол ілімді өзі ұстана алмайтын көрінеді. Өйткені сопы болу оңай емес екен. "Ол ілімді ұстау үшін күш керек, ал оған менің күшім жетпейді, түсінесіз бе?" деп ақталды. Сондықтан өзі зерттеп жүрген Абайдың "оған үлкен білім, үлкен қайрат, үлкен сабыр керек" деген сөзін уәж етіп отыр. Дегенмен, қазір салынып жүрген жария зікірге қарсы емес екен.

"Шешендер әлі күнге дейін секіріп жүріп зікір салады. Ресейдің бүкіл мешіттерінде жария зікір салынады деп естіп отырмын... Зікірден жеккөрінішті нәрсе жасауға болмайды. Біздің ата-бабаларымыз кешегі зұлмат жылдары тығылып зікір салған екен ғой. Шешенстандағыдай зікірді кездесіп қалса, реті келсе салуға тырысамын. Құдайды еске алғаннан адам жаман болып кетпейді. Ғылыми мақсатта сондай ортаға түссем, саламын, неге салмаймын? Онда тұрған не бар? Одан адам жаман болып кетпейді", - дейді Омар Жәлел.