Продюсер Баян Мақсатқызы өзінің Instagram-дағы парақшасында «Ер адамдар әйелін хиджаб кимегеннен өлтіріп жатыр» деп айтқан әнші Ұланғасыр Қамиевты сынға алды, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Түк көрмегендік пен қараңғылық қалыпты жағдайға айналып барады. Темірден жасалған іш киім киіп алшы, өтініш, жарай ма?», – деп жазған ол.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде Ұланғасыр Қамиевтың мәлімдемесі тараған болатын.
«Күйеуі әйелін өлтіріп қойды дегеннің бәрі хиджаб кимегеннен басталған шаруа. Ұстаздар баяғыдан айтып келе жатыр, ондай оқиғалар көп негізі. Әйелі санын жалтыратып көшеге шығады, одан соң біреу оған қызығады, оны күйеуі естіп, өлтіріп қояды. «Хиджаб арабтікі, неге адасасыздар, оның бәрін шешеді бір күні» дейді. Шешпейді. Шын түсінген әйел басын кесіп алса да шешпейді. Көп айтпай-ақ қояйын. Ешкімде менің шаруам жоқ. Мен ертең әйеліме кигіземін. Басқалары кигізе ме, шешіндіре ме, шаруам жоқ. Өзімдікіне кигіземін, бұған көнетін әйел аламын, көнбесе алмаймын. Бастысы оның не үшін керек екенін түсініп тұрмын және оны түсінетін әйел іздеймін», - дейді әнші.
Осы ретте хитмен хиджаб киюдің өзі үшін қандай маңызға ие екенін түсіндірді.
«Ал енді неге хиджаб кигізесің?» десеңіздер, ер адам туғаннан бастап өлгенге дейін жауапкершілік алады. Ал үйленгеннен кейін екінші адам үшін де саған жауапкершілік жүктеледі, ақыретте екі адам үшін сұраласың. Сол үшін де ертең хиджаб киіп, дұрыс жүрмейтін әйел болса, үйленбей-ақ қойған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені өзімізді қатыра алмай жүргенде екінші адам үшін сұралғым келмейді», - деп айтқан болатын Ұланғасыр Қами.