“30 жыл тозаққа түстік”: Танымал кинорежиссер Назарбаев жүйесі туралы ойын айтты

Кинорежиссер Талғат Теменов “Адал адам” youtube-арнасына берген сұхбатында Қазақстан қоғамы 30 жыл тозаққа түскенін айтты. 

- “Адасқанның алды жөн, арты соқтақ” дегендей, біздің қоғам көмескі-көмескі межелерді белгілеп, соған қарай кетіп бара жатыр. Алайда жолымыз күңгүрттеу, тұмандылау болып тұр. Біз, қазақ халқы өзге жұртпен салыстырғанда бағы жанбаған елміз. 100 жылдан астам коммунистік-фашистік қоғамның құрбаны болдық. Яғни большевизм де фашизмнің бір түрі. Лениннің келуінен бастап қазақтың маңдайынан сор кеткен жоқ. Халық қырылды. Тоз-тоз болды. Өзіміздің ұлттығымыздан, болмысымыздан, мерекемізден, берекемізден айрылып қала жаздадық. 70 жылға созылған азаптан кейін 30 жыл тозаққа түстік. Ешкім шын ойын айта алмайтын болды. Өтірік өзеуреп өрге шыққанда шындық шырылдап жылайтын болады”, - деді Талғат Теменов. 

Оның айтуынша, қоғамның күні шоумен өтіп жатыр. 

“Өміріміздің бәрі шоуға айналып кетті. Саяси шоу, телевизиялық шоу, той да шоу, өліми шоу. Бұл адасқан, шаршаған, шалдыққан көрінісіміздің түрі”, - деді режиссер.