«Киік атып сотталған азаматтарды босатсын»: Алмасбек Садырбаев билікке ұсыныс жасады

“Шопан ата” ұлттық агро-қозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбаев «ADAL ADAM» youtube-арнасына берген сұхбатында киік ату мәселесіне қатысты ұстанымы мен мәселені шешу жолын ұсынды.

«Киік атып сотталған азаматтарды босатсын»: Алмасбек Садырбаев билікке ұсыныс жасады

«Киікті ұжымдасқан түрде атуға қарсымыз. Батыс өңірдегі киік төлін Бетпақдалаға көшірсе, мәселе шешіледі. Біз, шаруалар, оған көмектесуге дайынбыз», — деді ол.

Сондай-ақ сарапшы киік атып сотталған азаматтарға бостандық беру туралы ұсыныс айтты. Айтуынша, бұл қадам әділдік орнауына ықпал етеді екен.

«Үкіметтің тұрақсыз, шала саясатын айтқым келеді. Кезінде қанша азамат киік атқаны үшін сотталды. Олардың артында зар еңіреп бала-шаға, ағайын-туысы қалды. Ал қазір киікті атуға ресми рұқсат беріп отыр. Онда бұрын киік атып сотталған азаматтарды босатсын. Әділетті заң шеңберінде солай жасау қажет», — деді ол.

Сонымен қатар қоғам белсендісі киік санын реттеу саясатының жүйесіз жұмысын сынға алды.

«Қызығы, киікті атуға ресми рұқсат берілгенімен, оның етін сақтауға, өңдеуге және сатуға заңмен тыйым салынған. Яғни, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қауіпі бар.

Демек қазіргі таңда киік атып, етін сақтап, сатып, өңдеп жатқан азаматтар заңға қайшы әрекет етуде. Бұл биліктің біліксіздігінен туындап отыр», — деді Алмасбек Садырбаев.