Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

"Ханы мақтаншақ болса, халқы жағымпаз келеді": Мәди Мәуленнің баласы емес пе?..

...Ол елбасы қатысатын шараларда жұдырығын түйіп алып, ұрандата, екпіндете сөйлегенде, тіпті, Әшімбевтың өзі "Мен неге осылай сөйлемейді екенмін?.." дегендей тамсанып қалады...

"Ханы мақтаншақ болса, халқы жағымпаз келеді": Мәди Мәуленнің баласы емес пе?..
фото: коллаж

"Бақсақ, бақа екен" дегендей, Мәжілістің "ең жас депутаты" Мәди Ахметов алдыңғы буын әріптесі Мәулен Әшімбаевқа қатты ұқсайды. Бәлкім, туысқан бауыры шығар? Әйтеуір, түр-әлпеті мен қимыл-әрекеті, сөйлеу мәнері нағашылы-жиенді, аталас ағайыны болып шықса да ешкім таң қалмайтын қалыпта. Әлде, баласы емес пе екен, ә?.. Қазақстанда ештеңе жайдан-жай бола салмайды ғой. Кім болса да, бір анығы – Ахметов Әшімбаевқа еліктейді.

Жалпы, саясаткер Мәулен Әшімбаевты билік пен бұқара өкілдерінің көбісі жаратпауы мүмкін. Өйткені ел көзінен тыс жағдайда болмаса, оны біреудің ашықтан-ашық қолдап-қолпаштап отырғанын көрмедік. Иә, әу баста оның ғылыммен аты шыққаны мәлім. Ал саясаттағы салмағының қоғамдық сын таразысына тартылғаны шамалы.

Бұл ретте қазақ қоғамы үшін "базардан келе жатқан" Мәуленге қарағанда, "базарға бара жатқан" Мәди қауіптірек. Біріншіден, ол – әлі жалындап тұрған жас. Әп дегенде-ақ елбасына жағынумен аты шыққан бала. Одаға жақсы леп қосқан. Оның замандастары, яғни 90-жылдары туған жастар демократияға дем беруге тырысып, жаппай жаһандануға ұмтылып жатқанда, бұл Ахметов өзінің кеңестік форматтағы, коммунистер билігінің қалыбына құйылып қойған біреу екенін анық дәлелдеді. Ол елбасы қатысатын шараларда жұдырығын түйіп алып, ұрандата, екпіндете сөйлегенде, тіпті, Әшімбевтың өзі "Мен неге осылай сөйлемейді екенмін?.." дегендей тамсанып қалады.

Қанша жерден Әшімбев болуға тырысса да, екеуінің сырт келбеті мен билік басында сомдаған рөлдері ұқсап жатса да, Мәулен мен Мәдидің арасы – жер мен көктей. "Түбі мына баладан бірдеңе шығады" дегенді "ең жас депутатқа" қарата айтсақ, бұл – оза шапқан одашы Балтабек Нұрғалиевтің елбасының көз алдында сайрай алған "сыңары" ғана. Ал оның "сыңарлары" аз емес. "Ханы мақтаншақ болса, халқы жағымпаз келеді" деген әйгілі Шыңғыс қағанның тәмсілін ескерсек, Балтабек бастаған жағымпаз буыннан елбасыдан басқаның үміт күтуінің өзі әбестік болар. Мәди Ахметовті қауіптірек деп отырғанымыз сол. Билікке бедел, Ақордаға абырой әпермейді-ау бәрібір?!. Сонда Мәди Мәуленге не үшін еліктейді екен?..

Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?