Прямая трансляция

Астана

Астана

-16.03°C

«Өмірге үш мәрте қайта келсем де, 1,3 млрд теңге айыппұлды өтей алмаймын» - Елжан Біртанов

Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов пен орынбасары Олжас Әбішевке ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы, 4-тармағы  бойынша айып тағылып, 2020 жылы қамауға алынған еді. Екі жылға созылған сот процесінің шешімі бойынша Біртанов шартты түрде бес жылға, Әбішев төрт жылға сотталды. Алайда, экс-министр тағылған  айыппен келіспейді.

«Өмірге үш мәрте қайта келсем де, 1,3 млрд теңге айыппұлды өтей алмаймын» - Елжан Біртанов
«Өмірге үш мәрте қайта келсем де, 1,3 млрд теңге айыппұлды өтей алмаймын» - Елжан Біртанов фото: Nege.kz

NEGE тілшісіне сұхбат берген Елжан БІРТАНОВ бұл жаладан түбінде ақталатынына сенеді.

«Хорваттарды куәгер ретінде сотқа қатыстырмай қойды»

– Елжан Амантайұлы, сот процесінің басынан соңына дейін өзіңізге және орынбасарыңыз Олжас Әбішевке тағылған «Ақпараттандыру платформасын іске қосу арқылы қызмет бағын асыра пайдаланды және мемлекетке 1,5 млрд теңге көлемінде шығын келтірді деген» айыппен келіспейтініңізді айттыңыз. Сот процесі жайында жұрт білмейтін жағдаяттарды өзіңізден естісек...

– Осы іс қозғалғанына да үш жылдан асты. Ешқандай қылмыстық іс болған жоқ. Әрине, бұған біздің жағымыздан шағым көп болды. Тергеу органдарына, Бас прокуратураға келіспейтінімізді айтып, дәлел келтіріп, сот кезінде де шағым түсірдік. Негізі қылмыс бойынша сотта екі жаққа да тең мүмкіндік беріп, дәлелдер көрсетілуі қажет.

Ең бірінші объективті дәлел – «мемлекетке шығын келтірді» деген айыппен келіспеу. Сол сияқты қылмыстың мотивіне байланысты тергеу органдары мен прокуратура сотта тағылған екі айып бойынша ешқандай дәлел көрсеткен жоқ.

Екіншіден, Олжас Әбішев екеуміздің арамызда ешқандай мотив болған жоқ. Мысалы, «Олар 2015 жылдан бері осы қылмысты жүзеге асыруға дайындалды. Біртанов сол үшін Әбішевті вице-министр қызметіне алып келді. 2017-2018-2019 жылы олар қылмысты жасау үшін бірқатар шараларды істеді...» деген сияқты айыптар айтылды.

Әрине, мұның бәрі өтірік. Жалған екенін әріптестерім де, халық та біліп отыр.
Біз елімізге өте қажетті инвестициялық жобаны қолға алдық. Оны іске асыру үшін білім деңгей, мүмкіндігімізге байланысты бүкіл күшімізді жұмсадық. Жоба жұмысын аяқтап, іске қосуға уақыт болды. Себебі, халықаралық келісімшарттың бітуіне әлі 3 жыл бар еді. Соған қарамастан тергеу органдары жобаға кірісіп, қорқытып-үркітіп, бәрін тоқтатып тастады.

2020 жылы Денсаулық сақтау министрлігі басқа министрліктермен бас қосып, платформаны әрі қарай жүзеге асыру үшін бірқатар жұмыс атқаратын болғанбыз. Бірақ тура сол айда орынбасарым Олжас Әбішевті қамауға алып, жобаны тоқтатты. Көп ұзамай жобаны жақсы білетін мамандар жұмыстан қашты. Ал қазір Денсаулық сақтау министрлігінде платформаны іске қосып, жұмыс істей алатын маман да жоқ.

– Дауға айналған 1,5 млрд теңге Хорватияның Ericsson Nikola Tesla компаниясының есепшотына түскені туралы сондағы өкілдер түсініктеме берді ме?

– Әрине, олар сот алдындағы тергеуде Хорватиядағы сотқа барып, түсініктеме берген. Мұны прокуратура арқылы Қазақстанға жіберді. Тіпті, компания өкілдері «сот процесіне тікелей қатысамыз» деп еді, судья Әлкенов рұқсат берген жоқ.  

Екі жақтың арасында келісімшарт бар. Бұл келісімшарт Азаматтық кодекспен негізделген. Мәселен, екі жақтың бір жағы екіншісіне қандай да бір талап жіберсе, бәлкім, Денсаулық сақтау министрлігі Ericsson Nikola Tesla компаниясына келіспейтінін жерін айтса да, жұмысты аяқтау немесе ақшаны қайтару мәселесі тек өзара келісімшарт аясында шешіледі. Компания өзінің жобаны атқарудағы дайындығын 2020 жылы тергеу басталғанда, одан кейінгі екі жылдың ішінде де тергеушілердің атына, президент Қ.Тоқаевқа да бірнеше рет ашық хат жазды. «Біз жұмысымызды толық бітірдік. Денсаулық сақтау министрлігі келісімшарт бойынша тиісті ақшаны заңды түрде төледі. Осы тұрғыда «қылмыстық әрекет болды» деген айыппен келіспейміз. Сонымен қатар Қазақстан еліне өте қажетті цифрлық платформаны іске қосуға дайныбыз» деп 2022 жылдың соңына дейін бірнеше рет жазып келді. Бірақ бізде мемлекеттік қызметкерлер тергеу органдарынан қорқады. Былайша айтқанда, Денсаулық сақтау министрінен бастап қызметкерлеріне дейін әбден қорқытып тастаған. Содан кейін де платформаны іске қосатын мүмкіндікті пайдаланбай шетке ысырып қойды.

«Қыруар қаржы әлдекімдердің қалтасына кетіп жатыр»

– Бұл платформа іске қосылса, медицина саласына тигізетін ең басты пайдасы қандай болар еді?

– Егер платформаны енгізсе, еліміздегі медициналық қызмет есепте болады. Әр азамат осы жүйе арқылы электрондық құжатын бақылауға алып, тексеріп отыруына мүмкіндігі бар. Бірінші, Денсаулық сақтау министрлігіне, екіншіден сақтандыру қорының жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Себебі, дәрі-дәрмекті есептеп, жоспарлап, алдын ала болжам жасауға болады. Оған бөлінген қаржыға да бақылау жүргізе алады. Бұл ақпараттың бәрі 20-дан астам инфожүйеде сақталады. Қазір Денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға келгенде әлеуметтік медициналық қордың ақшасы жетпей жатыр. Неге? Бұл – осы платформаны қоспағанның салдары.

Бұл пікірімді сот отырысы кезінде де айттым. «Мына платформаны қазір қоспасаңдар ертең мемлекетте үлкен қиындық болады. Денсаулық сақтау саласындағы дағдарыс цифрлық тіркеуде есеп жүргізілмегеннің салдарынан болып отыр» дедім.

Яғни, көптеген медициналық қызмет бақылаудан көрінбеген соң пайдаланып қалғысы келетіндер бар. Соның кесірінен клиникалар арасында сот процестері басталып, есепшоттары бұғатталды. Бүйте берсе, біраз емхана, ауруханалар жабылады. Себебі, коммуналды қызметақы, дәрігерлердің жалақысы төленбесе, жабылмай қайда барады? Белгілі халықаралық компания өзі дайындаған платформаны «келісімшарт бойынша іске қосып береміз» десе де, мемлекет келіспеді. Тек қана «Біртанов пен Әбішевке айып тағып, түрмеге отырғызу керек» деген мақсат болған сияқты. Әрине, қандай сот шешімі шықса да, тағылған айыппен ешқашан келіспеймін. Біріншіден, өз елімнің патриоты ретінде бұл айып дұрыс емес деймін.

Бұл – бүкіл қазақ еліне тағылған айып. Неге десеңіз, қазақ халқы, медицина саласы осы платформасыз қиналып жүр. Осы үш жылдың ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің бірқатар лауазымды қызметкерлерінен «Біз жаңа платформа қосамыз. Ақша бөлінеді, бәрін жасаймыз» деген әңгімені жиі естідім. Бірақ бәрі сөз жүзінде ғана. Ешқандай әрекет жоқ. Өйткені, жұмыс істейтін азаматтар жұмыстан шығарылған немесе сотталған. Ал қалғаны жауапкершіліктен бас тартып, қағазға қол қоюға қорқады. Мұндай стратегиялық жобаны енгізу үшін, біріншіден, патриот болу керек. Мүмкін, ертең қаржыға батқан фармацевтикалық-медициналық компаниялар қарсы болып, айқай-шу шығаруы мүмкін. Содан сескенеді. Медицинада ақша көп ұрланатыны бәріне белгілі. 2019 жылы медицинаға 1 трлн теңге жібердік. Бүгінгідей «ақша жетпейді» деген сөз болған жоқ. Яғни, ашық түрде жұмыс істедік.

Қазір үш жыл өтті, қаржы екі жарым есе көбейіп, бөлінген 2,5 трлн теңгені жеткізе алмай отыр. Себебі, есеп болмағанның салдарынан жемқорлыққа жол беріліп, қаржының біразы әлдекімдердің қалтасына кетіп жатыр.
Ол ақша өртеніп кеткен жоқ қой. Құдайға шүкір, пандемия өтті, ешқандай соғыс жоқ. Ал бөлінген қаржы медицинаның қай саласына жіберіліп жатыр? Оны кім пайдалануда? Кімге түсті? Мұның бәрі белгілі.

– Сот процесі кезінде заңсыздықтар болғанын, сондай-ақ судья И.Әлкенов тарапынан негізсіз әрекеттер жасалғанын өзіңіз де, қорғаушыларыңыз да айтты. Демек, судья шешімді жалғыз қабылдаған жоқ дейсіз бе? 

– Біз конституциялық мемлекетте тұрамыз. Бірақ «Елімізде заң жұмыс істейді» деген сенімге көп жағдайда селкеу түседі. Заңда «Әр азамат өзінің құқығын қорғауға бүкіл заңдық мүмкіндігі бар» деп жазылған. Осы тұрғыда ҚР Қылмыстық-процестік кодекс бойынша адвокаттарым да «Қазақстанда заңдар керемет жазылған. Өкініштісі, оны ешкім орындамайды» дейді. Қылмыстық тергеу кезінде, сот отырысы барысында да 100-ден астам түрлі заңсыздық болды. Қылмыстық-процестік кодекстің бірнеше тармағы бұзылды. Біз мұны нақты көрсетсек те, сот оған еш мән бермеді. Тергеудің негізгі материалдары, яғни сот сараптамасының бәрі жала, қолдан заңсыз жасалған. Оны сот кезінде бүкіл халық естіді, көрді. Бірақ соттың жемқорлыққа батқаны соншалық, шындықты қорғамай, тергеу органдарының сөзін қорғады. Себебі, судья да өзіне жасалатын компроматтан қорқады. Есесіне, заңсыздықты қолдап, сот тергеуін, сот отырысын заң бойынша өткізбеді. Құқымды қорғау үшін маған да конституция бойынша мүмкіндік берілген жоқ. Сондықтан бұл сот шешімін қабылдамаймын, мұндай сотқа сенбеймін. Маған берген 5 жылды да мойындамаймын. Мен қылмыс элементі емеспін.

Заңсыздық әрекет жасап отырғанын өздері толық біледі. Бірақ осы үшін болашақта бәрібір жауапкершілікке тартылатынын да сезеді. Себебі, ерте ме, кеш пе, мен халықаралық сот арқылы ақталып шыққаннан кейін-ақ «Қалай бұлай болған? Заңсыздыққа кім жол берді?» деген заңды сұрақ туындайды. Бірақ ҚР азаматы ретінде заңды сыйлаймын, сот шешімін орындаймын.

– Сіз министр болып тұрған кезде құрығы ұзын біреудің жолын кесіп кетіп, әлдекім аяғыңыздан шалғысы келген жоқ па?

– Әрине, мұндай шешім мықты тіреусіз қабылданбайды. Басқа салаларға да қарасақ, бізде әділ сот болған емес. Бәлкім, аяқтан шалғысы келген адам болуы да мүмкін. Қазір бұл маған қызық емес. Бірақ бәрі кейін анықталады. Оған бас қатырып, іздемеймін. Бір білетінім, ол – сотты өткізген судья Әлкенов. Ал оның артында кім тұр, кім қоңырау шалды, бәрібір емес пе?

Ол заңсыз шешім шығарды. Мұндайлар бізде көп. Мұны бүкіл ел көрді, заңгерлер мен адвокаттар да таң қалды. Жап-жас судьяның жауапкершілігі қайда? Ол сотты заң бойынша өткіземін деп неге айтпайды?
Ел үшін жұмыс істедім. Жұмыс бабымен елді аралап жүрмін. Қай жерде болсын, ұшақта, базарда, дүкенде, медициналық мекемеде болсын, таныған жұрт келіп амандасып: «Сот процесінің қалай өткенін көрдік. Біз сізге сенеміз. Заңсыз шешіммен келіспейміз. Бәрі жақсы болады, әлі-ақ ақталасыз» деген пікір айтады. Осындай жылы сөзді күн сайын қарапайым жұрттан естіп жүрмін. Маған соның өзі жетіп жатыр. 

– Заңның жұмыс істемейтінін, соттың әділ шешім шығармайтынын басыңызға іс түскенде біліп отырсыз ғой. Алайда, осы қалпымызда Әділетті Қазақстан құра аламыз ба?

– Бізде әділетті Қазақстан құрудан басқа жол жоқ. Біз оны қолдасақ та, қолдамасақ та, эволюция бойынша өзі келеді. Бірақ оған қанша уақыт керек? Оған дейін қанша адам жазықсыз түрмеге жабылады? Бұл мәселені шешу өз қолымызда.

Өткен аптада саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алдық. Біздің заңнамалық құжаттарда әлі күнге дейін қылмыстық баптар бар. Мәселен, митингіге шығып, өзінің ой-пікірін білдірген азаматтарға қылмыстық жауапкершілік бар. Осындай заң баптарын өзгерту үшін оған да уақыт қажет. Ол үшін билікте, саясатта жүрген азаматтарға мүмкіндік беру керек. Сондай таза азаматтар ғана елді ұшпаққа шығарады.

Өкініштісі, дәл сондай тұлғаларды 1937 жылдары атып, қырып тастадық. Қазір соларды еске алып, жылап отырмыз. Ал бүгін осы мәселені кім шешеді, соны ойлану қажет. Екіншіден, бұл менің де басыма келді. Қызметте жүргенде осындай іске шырмалып, қылмыстық іске тартыламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Жемқорлыққа қолымды былғаған жоқпын. Себебі, қашан да өзіме жүктелген жауапкершілікті сезінемін. Мемлекеттік қызметте жүріп, жемқорлықпен айналысатын біраз азаматты білемін. Олар: «Егер ұсталып қалсам, түрмеге отырып шығамын. Бірақ ақша отбасыма, балаларыма қалады», – дейді. Мұндай байлық кімге керек? Ертең балалары әкесіне тағылған «жемқор» деген айыпты естісе, не болады? Ата-бабамызды, әке-шешемізді сыйлайтын тәрбие көрген соң, мұндайды түсінбеймін. Өз басым отбасымның абыройын, балаларымның болашағын ойлаймын. Бес балам бар. Ертең олардың өмірінде, қызметінде «әкесі сотталған» деген айып сөзсіз әсер етеді. Сондықтан соңғы демім қалғанша заң бойынша барлық мүмкіндікті пайдаланып, өзімді ақтап алу үшін күресемін!

«Ешқандай активім де, бизнесім де жоқ»

– Жоғарғы сот шағымыңызды ескермей, Денсаулық сақтау министрлігіне 1,3 млрд теңге өтемақы қайтару туралы шешім шығарды. Мұндай көлемді қаржыны табу үшін қанша жыл керек?  

– Наурыз айында қаржы айыбы бойынша шағым жазып, Жоғарғы сотқа бердім. Маған және Олжас Әбішевке белгіленген шектеуден басқа 1,3 млрд теңге өтемақы қайтару туралы шешім шықты. Мұнымен де келіспеймін. Сот бәрін біледі. Менде мұндай ақша жоқ, болған да емес. Мен неге, не үшін қайтарамын?

Бұл ақшаны Хорватияның компаниясы атқарған жұмысына алған. Егер компанияның жұмысына шағым болса, айыппұл өтемақысын неге Хорватияға салмайды? Неге мамандарын шақырып, қайта жасатпайды? Сол жағы мүлдем түсініксіз. Жай қарапайым адамға қалай 3 млн доллар айыппұл салады? Мен – дәрігермін. Әйелім де дәрігер. 30 жыл бойы мемлекеттік салада жұмыс істеп келемін. Ешқандай активім де, бизнесім де жоқ. Өмірге үш мәрте қайта келсем де, 1,3 млрд теңге айыппұлды жабуға жеткізе алмаймын. Өйткені табиғатымыздан елге еңбек ететін отбасымыз. Бауырларым да мемлекеттік қызметте.    

– Сіз үшін қиындық туғызып отырған шектеу қандай?

–  Банк есепшоттарым бұғатталған. Қазір бала-шағамды асырау үшін үш жерде жұмыс істеймін. Үш мекемеден алатын  айлығымның 50 пайызы өтемақы ретінде Денсаулық сақтау министрлігіне кетіп жатыр.

Әкем екеуміз салған қарашаңырақты сатамыз деп отырмыз. Бірақ Құдайға шүкір, басым аман, отбасым, бауырларым жанымда. Жұмысымды істеп жүрмін. Бұйырса, бәрі шешілетін мәселе. Бір ғана шешім бар. Ол – сот шешімі жойылады. Бәлкім, бұған бір жыл немесе 4-5 жыл кетер, бірақ соңына дейін аянып қалмаймын. Бұған дәлел боларлық мысалды көріп жатырмыз.

Өзім жақсы сыйлайтын Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ 10 жылдан кейін толық ақталды. Мен де солай ақталамын деп сенемін. Оған дейін құқық қорғау органдарында елеулі өзгеріс болуы қажет. Онсыз ештеңе болмайды.

Өзімнің құқығыма, болашағыма, елімнің ертеңіне сенемін. Қазір де ел қатарлы өмір сүріп жатырмын. Жылап жүрген жағдайым жоқ. Бұл шектеулермен келіспесем де, іске асыру қажет. Ол жағынан мәселе жоқ. Полицияға да барып жүрмін. Айлығымның жартысын мемлекетке беріп жатырмын. Мен мұнымен тоқтамаймын, әрі қарай күресе беремін.

– Бүкіл әлемді шарпыған коронавирус індеті біздің елді де айналып өткен жоқ. Үкімет не істерін білмей, жұрт дәрі-дәрмек таппай абдырап қалған тұста денсаулық сақтау саласын басқардыңыз. Бір сөзбен айтқанда, иығыңызға ауыр жүк артылып, жауапкершілік жүктелді. Қазір өмір сүру салтымыз қайта қалпына келсе де, індет жайлаған сын уақытты ұмыта қойған жоқпыз. Ал өткен жылдарға шегініс жасағанда,  есіңізге не түседі?   

–  Сол қиын уақыт жиі-жиі еске түседі. Әрине, мұны әріптестер, медицина қызметкерлерімен кездескенде әліге дейін талқылаймыз.

Біріншіден, індет бүкіл әлемді жайлап, денсаулық сақтау жүйесіне үлкен дағдарыс әкелді. Тіпті, АҚШ, Еуропа елдері індетке дайын болмағанда Қазақстандағы жағдайды елестете беріңіз.

Негізгі себептерді білемін. Біздің денсаулық сақтау жүйесі дүниежүзілік медициналық индустрияға тікелей байланысты. Медицинаға қажетті тауарлар, дәрі-дәрмек, бәрі шетелден келетіндіктен індет кезінде айқын көрінді. Шекара жабық, қажетті дәрі жоқ, масканың бағасы қымбаттап кетті. Маска бағасын қадағалау үшін экспортты жабуды сұрадық. Оған да бір айдан кейін рұқсат берді. Маска тігетін фабрикалар материалды шетелден, Қытайдан ала алмады. Президентке «Индустрия министрлігіне қарайтын фармацевтикалық зауыттарды бізге тапсырыңыз» дегенде мақұлдағандай болды. Бірақ мәселе бір жылдан кейін ғана шешілді. Болжам жасап, бірінші толқында, яғни 2 айда 3 мың адам ауырады дедім, шынымен де 3,5 мың  адам індет жұқтырды. Одан кейін қанша толқыны жүретінін ДДСҰ да білген жоқ. Шынын айту керек, халық тек медицина қызметкерлерінің арқасында аман қалды. Олар үйіне бармай, жанын салып, жұмыс істеді. Біз өз ісінің нағыз мамандарына бас июуіміз керек. Медицина қызметкерлерін ынталандыру үшін тиісті үстемақы төленді.

Екінші, енді осы індеттен сабақ алуымыз керек. Дәрі-дәрмек толығымен импорт арқылы келеді. Біздің зауыттар вирусқа қарсы дәрі шығармайды. Тіпті, маска, халатқа материалды Қытайдан аламыз. «Мұндай жағдай болмас үшін ел медицинасын қалай өзгертеміз?» деген мәселе алдыңғы орынға шығуы тиіс. Бұл бойынша министрлік қана емес, жергілікті әкімдіктер, ғылыми-зерттеу институттары, ғалымдар, бизнес инвесторлары әрекет етуі керек. Әйтпесе, Құдай сақтасын, еліміз індетке ғана емес, түрлі қақтығысқа, соғысқа да дайын емес.

Үшіншіден, сол кезде бар тәжірибемді, білімім мен мүмкіндігімді  пайдаланып, қызметімді жоғары деңгейде атқаруға жұмсадым. Ештеңеден қашқан жоқпын, бас тартпадым. Біз 24 сағат бойы жұмыс істедік. Бір күннің ішінде 3-4 рет зум арқылы өңірлермен конференция өткізіп тұрдық. Өкінішке қарай, өзім де індет жұқтырып, ауруханаға түстім. Сол кезде әлдекім «Біртанов ауырып, жұмыстан қашып жүр» деп айтса керек. Бұл – өтірік. Ауырып жатсам да, жұмысымды жалғастырып, телефон арқылы жиі конференция өткіздім. Премьер-министр және өңірдегі әкімдермен сөйлесіп отырдым. Бір аптадан кейін ауруханадан сұранып шығып едім, ауруым асқынып, қайта жатқызды.

Бірақ тиісті жұмысымды атқарсам да, үш күннен кейін басшылар хабарласып: «Бізге толыққанды жұмыста отыратын адам керек. Сен тірі қаласың ба, жоқ па, кім біледі? Күтуге мүмкіндік жоқ. Орныңды босат», – деді.

Сонымен, қабылданған шешім солай болған соң келістім. Алайда, мен қызметтен кеткеннен кейін 2-3 ай мұндай шара өткен жоқ. Бір айдан кейін  індет қайта өршіді. Міне, сол кезде атқарылмаған жұмыстың бәрін менің басыма іліп қойды. Оған да еш өкпем жоқ, қазір ол басшылардың өзі жұмыстан кетті.  

«Осыншама уақыттың зая кеткеніне өкінемін»

– Сізді QazMed республикалық салалық медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымына кеңесші қызметке арнайы шақырды ма?     

– Індеттен аман-есен өтсек те, медицинада басқа да сыни кедергілер болып тұр. Соны шешу үшін атсалысып, жұмыс істеп жатырмын. Кәсіподаққа арнайы шақыртумен келдім. Қолдау көрсеткен әріптестерімді мен де қолдауым қажет. Менің басымдағы заңсыздық күнделікті болып жатқан көрініс. Кәсіподақ ұйымдары медициналық қызметкерлерге құқықтық көмек көрсетуі керек.

Қазір «Медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы» заң жобасы қажетсіз құжат болып тұр. 7-8 өңірді аралағанда медицина мамандары осындай пікір білдірді. Олардың айтуынша, заң жобасы ешқандай көмек бермейді, керісінше, қосымша қиындық әкеледі.

Заң жобасы қабылданса, дәрігерлер үстінен түсетін шағым көбейеді. Біздің бас дәрігерлер жай-жапсарды анықтау үшін тек сотта, комиссияда жүретін болады. Демек, бұл заң дәрігерді қорғамайды. Бұл заң жобасын кәсіподақ ұйымдары қайта талқылап, өзгерту енгізген соң ғана парламентке жіберу керек.

– Әке ізін жалғап, еңбек жолыңызды қарапайым медициналық қызметкерден бастағаныңызды білеміз. Әкеңіз қандай адам еді?

– Менің әкем қазақ елі мақтанатын нағыз азамат болды. Ең алдымен балаларына дұрыс тәрбие берді. Атамыз мал баққан кісі еді. Әкем ауылдан қалаға оқуға келіп, кәсіби жағынан өсіп, бірнеше жыл бойы аурухана, емханаларды басқарды. Туған жерінің құрметті азаматы ретінде қоғамдық жұмысқа да атсалысты. Төрт мәрте Алматы қалалық мәслихатының депутаты болды. Бір сөзбен айтқанда, медицина сапасын көтеруге еңбек сіңірді. Әкем өмірден өткенше жанында жүрдім. Бір ауруханада жұмыс істедік. Әкеммен әркез мақтанамын. Ендігі парызым – балаларыма да дәл сондай тәрбие беру.  

– Жаңа Қазақстан жайында не айтасыз?

– Қазақстанды «ескі» және «жаңа» деп бөлмеймін. Бұл – дұрыс емес. Ескі, жаңа болсын, Қазақстан – біздің еліміз. Мемлекетіміздің болашағы – ұрпақтың болашағы. Патриот ретінде, келешектің жарқын болатынына сенемін.

– Сот процесінен кейінгі жарияланған суретіңізді көрген жұрт «Соңғы үш жылда әбден қажып кетіпті» десіп жатты. Осы ұзаққа созылған сот процесі жүйкеңізге салмақ салып, денсаулығыңызға зиян келтірді ме?   

– Әрине, бұл кез келген адамның басына туып жатқан жағдай емес. Өкінішке қарай, сот ісі екі жылға созылып кетті. Осыншама уақыттың зая кеткеніне өкінемін. Өмір сүруге, жұмыс істеуге әрбір сағат маңызды.

Қазір мемлекеттік қызметте емес, жеке қоғамдық ұйымда жұмыс істеймін. Құдайға шүкір, денсаулығым, көңіл-күйім өте жақсы. Отбасым аман-есен. Халық, достарым қолдауын білдірді. Мұның өзі үлкен энергия береді. Мүмкіндігінше спортпен шұғылданып, денсаулығыма көңіл бөліп жүрмін. Қызметтік көлігім жоқ. Жаяу жүргеннен рахаттанамын. Ел-жұрт, халықпен тікелей кездесемін. Ешкімнен тығылмаймын. Елге барып, ақсақалдардан бата алдым. «Елжан, елдің ішінде басыңды көтеріп жүр. Сенде кінә жоқ. Біз саған сенеміз, қолдаймыз!» деген жылы пікірін естідім. Сондықтан жанашыр азаматтардың бәріне алғыс айтамын. Әлі де еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға күшімді сала беремін.

–  Сұхбатыңызға рақмет!