Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

"Неге осындай болдық екен?..": "Абай" телехикаясының сиқынан "көз ұялады"

Тартымсыз, сапасыз диалогтар, не істеп, не қойып, не ойнап жүргенін білмейтін сұрқайы жүрістер, ешқандай этнографиялық негізсіз жасалған интерьер, бірі жаздың киімін кисе, бірі қыстың киімін киген, жасанды, арзанқол театрландырылған қойылымдар көңіліңді түсіреді...

Бүгінгі пікір Абай телехикаясы хақында... Өткен жылы дәл осы уақытта, 2020 жылы Абайдың 175 жылдығын дүркіретіп өткізу...

Опубликовано Ғалымжаном Өтелбаем Среда, 23 декабря 2020 г.
"Неге осындай болдық екен?..": "Абай" телехикаясының сиқынан "көз ұялады"
фото: youtube.com

Қоғам белсендісі Ғалымжан Өтелбай Facebook-тегі парақшасында ұлтымыз төбесіне көтерген ұлы тұлғалар туралы тұшымды ештеңе жасай алмай жатқанымызға қынжылыс білдірген. Әсіресе, қазір экранда жүріп жатқан "Абай" телехикаясын көрсеңіз, данышпан ақынның өзі айтпақшы, "қатты састым, бетті бастым" дегеннің керін келтірген-ақ екен, деп жазды paryz.kz.

Жазбасын "Бүгінгі пікір Абай телехикаясы хақында" деп бастаған Ғалымжан Өтелбай былтыр ұлы ақынның 175 жылдығын дүркіретіп өткізу жоспарланғаннан бастап, қаптаған іс-шара тізбегі түзіліп, мемлекеттен қыруар қаржы қарастырылғанына тоқталған. Осы ретте, әлгі телехикая туралы былай дейді:

"Абай, Әл-Фараби туралы көркем сериалдарды 5-10 минуттан әрі қарай көру мүмкін емес. Тартымсыз, сапасыз диалогтар, не істеп, не қойып, не ойнап жүргенін білмейтін сұрқайы жүрістер, ешқандай этнографиялық негізсіз жасалған интерьер, бірі жаздың киімін кисе, бірі қыстың киімін киген, жасанды, арзанқол театрландырылған қойылымдар көңіліңді түсіреді. Ұлтымыз төбесіне тұтқан Тұлғалар туралы да жарытымды ештеңе жасай алмаппыз-ау деген ой жаныңды жейді... Неге осындай болдық екен?.. Барлық іс асығыс-үсігіс, ылдым-жылдым, су аяғы – құрдым... Тереңнен талдап сынай беруге болар еді, әйтсе де азды-көпті еңбек еткен шығармашылық топтың жүрегін ауыртпайын дедік. Мәселе дұрыс үйлестіре білмеуден болып отыр ғой".

Сондықтан ол идеология саласына жетекшілік ететін барша лауазымды тұлғаларға ортақ бір-ақ ұсыныс тастап отыр.

"Абыройлы, ардақты тақырыптарға сериал, көркем фильм түсірмес бұрын, біздің елде ғұмыр кешіп жатқан Досқан Жолжақсынов, Сатыпалды Нарымбетов, Талғат Теменов, Ермек Тұрсынов және т.б. білікті мамандардан кеңес алсаңыздар артық болмас еді деп ойлаймын. Тым құрығанда өте қарапайым тәсіл Абай телехикаясының сценарийіне ашық конкурс жариялап, арнайы құрылған комиссиямен ең үздігін таңдап алса да болмас па еді?.." - деген Ғалымжан Өтелбай, өнердің басы-қасында жүргендерге "Судың да сұрауы бар!" деген аталы сөзді жадында ұстау керектігін ескертті.