Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

«Қазақ та адам баласы» емес пе?

Белгілі ақын Светқали Нұржан өз парақшасында Жетібайдағы жағдайға байланысты жан айқайын жеткізді, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Қазақ та адам баласы» емес пе?
Сурет: ақынның ФБ парақшасынан

Біздің бала күнімізде ақсақалдар айтатын: «Шіркін, Жетібайдың несін айтасың, – осы мұнай ашылып, шәр орнағанша бұл жер «төрт түлік малдың анасы» еді. Қақалып өскен майқара жусан мен сіңбірік, қазоты мен торғайот, ырғалған еркек пен бұралған боздан қара жер көзге шалынбайтын. Жатқан түйе, жайылған қой көрінбейтін...» деп. Біздер олар ертегі айтып отырғандай тыңдаушы едік. Кейін өзім жазғандай: «Сәбетіңнің керелеп Мақтаншағы, – Боз даланың бұзылып мақпал сәні, – Фонтандары мұнайдың – бөріктерін, – Атып болмай аспанға жатқан шағы» еді ол кез.

Ал Жетібай біз көргенде, шынында да, «мақпал сәні бұзылған» – қара дауылдар мен алатопалаң шаңның «отаны»-тұғын. Олардың екпінінің күштілігі сонша, төменгі сынып оқушыларына мектепке бару мұң еді.

Майлақы шаңды дауылдардан соң үйлердің қабырғалары мен дуалдары тұтас май жаққандай алабажақтанып қалатын.

Сөйтсек, Ана-Жер, Ата-Топырақтың – түбі берекет әкелмейтін мұнай деген кесапатқа, Құдайдың бермесін тартып алуға кіріскен кеселді құзғындарға қарсы ышқынған қарсылығы екен ғой сол кездегі шаңды дауылдар!..

Иә, Жетібайда алғаш мұнай атылған 1961 жылдан бері оны қанша ақын жырға қосты. Олардың бәрі де бұл өлкенің «жарқын болашағына» сенген. Сенгеннен де төмендегі тебіреністеріне арқау еткен.

Ақберен ақын Ғафу Қайырбеков «Жетібай оттары» өлеңінде:
Сонау бір тезек шоғынан
Маңдайдың тері кепкенше,
Қаншама болды жол құрбан
Біз мынау отқа жеткенше! – деп еміренсе;

ақжарма Төлеген Айбергенов Жетібай жұмысшыларына арнаған жырында:
Мен – қара төспін, қайғыдан бақыт жасаған,
Шатырлап жатқан найзағайлы аспан – босағам! – деп те бір тебіренді-ау.

Ал Бақытжан Абызов деген жас ақын сол кезде былай толғаған: «Жеті қазына бар болса, – Біреуі соның – Жетібай!»

Сағат Әбдуғалиев марқұм «Жетібайдағы жаңбыр» атты құсни сөзінде: «Ноян найзағай ұран сап, – Ойнатты от сапты бишігін. – Науша қыр жатыр-ау Нұр аңсап, – Құйшы, күн!..»

...Талайдан тамбаған тандыр-желін аспан ерекше иіп, күн бүгін де құйып тұр. Кеше кештен бүгін сәскеге шейін көз көрсетпес шаңды дауыл бораған. Біз Ермұқан Мәдіғұл, Оңайбек Әбділов – үшеуміз Мұнайшыдағы Сисенбек ағамның 7 күндік садақасынан шығып, тұңғыш мұнай атылған атышулы «6-скважина» басында ереуілдеп жатқан ауылдастарымызға арнап бардық. Дауыл мен жаңбыр астында әбден өңдері қашқан бауырларымыз дүр сілкініп қарсы алды. Амандасып, оразаларына – қабыл, жыл-жастарына құтты болсын айтқан соң, ағаш(киіз) үйге бастады. Онда оннан аса жігіттер аштық жариялап жатыр. Әбден қалжаурап отырған олармен тілдесіп шығып, көпшілікпен жаңбыр астында біраз сұхбат құрдық. Еліміздің құрылысшы жігіттері ұсынған жұмыстарға неге бармағандарын сұрағанымызда біреуі: «Оларға тағар кінәміз жоқ, бірақ біз оны биліктің осы ситуациядан шығып кету үшін жасап отырған айла-шарғысы деп қабылдадық. Ал оны түрлі саққа жүгіртіп құйқылжытып жатқан кейбір жазғыштардың «пікірлері» бізге қызық емес. Сондықтан Жетібай жұртына мынау қалыптасқан күрделі жағдайдан – ыңыршағы шыққан жұмыссыздықтан құтылатын түбегейлі шаралар керек. Басқасына көнбейміз. Әбден алдана-алдана титығымызға жеттік» деді. Басалқа сөзімізді және қашанда өздерінің жағында болатынымызды, кеше ғана аяқтай барып жанайқайларын Ақордаға дейін жеткізгенімізді, бұдан кейін де ылғи байланыста екендігімізді; күллі зиялы қауымның біздің дабылымызға үн қоса бастағандарын; Маңғыстаудан Мәжіліске сайланған жігіттердің де бұл тарапта жұмыстанып жатқандарын баса айттық!.. Қоштасарда олар: «Ағалар, сіздердің осы жердің шаңын да, қайғысын да елмен бірге жұтып жүрген азаматтар екендеріңізді білеміз. Бізге өлке басшысы Н.Ноғаев, басқа да тиесілі басшылар келіп, зарымызды өз құлақтарымен тыңдағаны, тыңдап қана қоймай, қордаланған кеселді түйіндерді шешкені керек. Шешілмесе, бір жағына шыққанша қарсылығымызды жалғастыра береміз. Осы жан-даусымызды жоғарыға жеткізсеңіздер екен» десті...

...Сәуірдің ілкі суық жаңбыры орай да борай жауып тұр. Көзді ашқызбайды. Ал нөсер астында қалып бара жатқан жел өтінде дірдек қаққан жетім жапырақтай бауырларымның жүздерін айғыздаған ылғал – жаңбырдың суынан гөрі, өз үй – өлең төсегінде отырып, неше заман теңдігін таба алмаған Қазақ атты қорғансызымның көз жасы құсап елестеп кетті. Ол жасты кім сүртпек, кім құрғатпақ?.. Абай айтпақшы: «Қазақ та адам баласы» емес пе?.. Әлде қандасы үшін қары сырқырамайтындай, Биліктің ата-тегі басқа ма?., - деп тұжырымдады Айт-Ман.