Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Кешегі билік бірнеше буынның уақытын ұрлады» - Ұзақбай Айтжанов

Белгілі кәсіпкер, меценат Ұзақбай Айтжанов – турасын айтатын, әділдікті жақтайтын азамат. Қоғамнан, биліктен, тіпті өзінен де соны іздейтін әрі талап ететін кәсіпкермен NEGE тілшісі сұхбаттасқан еді.

«Кешегі билік бірнеше буынның уақытын ұрлады» - Ұзақбай Айтжанов
Фото: nege.kz

«Жұртты үркіткім келмейді, бірақ...»

 – Ұзақбай Рүстемұлы, жұрт сізді кәсіпкер, меценат ретінде таниды. Бірақ құрылыс саласының білгірі екеніңізді біле бермеуі мүмкін. Түркияда болған зілзаладан кейін, әсіресе Алматы қаласының тұрғындарының бойында үрей үдей түсті. Сәулетшілер одағының мүшесі, құрметті құрылысшы және сейсмоқорғау бағытындағы 19 жаңалықтың, бірқатар ғылыми жұмыстың авторы ретінде не айтасыз?

– Жалпы, жер сілкінісі қаупі мен сол төңіректегі мәселелер жаңадан пайда болған жоқ. «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» демекші, бір жерде сілкініп, көп адам опат болғанда ғана оянып, «бізде де болып қалуы мүмкін ғой» деп бір-екі рет мәселе көтереміз де, қызуы басылған соң ұмытып кетеміз. Бұл біздің қоғамда қалыптасып кеткен әдет, билікте де сондай көзқарас. Бірақ ежелден келе жатқан мәселе ғой.

Кезінде Алматыда бірнеше жер сілкінісі болды. Алғаш рет 1887 жылы 9 маусымда, екінші жойқын жер сілкінісі 1910 жылы 22 желтоқсанда тіркелді. Алайда, ол кезде биік мұнаралы үйлер болмаған соң айтарлықтай шығын байқалмады.

Алатау – ғылыми салыстырмалы түрде жас тау қырқасы саналады. Сондықтан бұл жерде сілкініс болуы ықтимал. Жер ұйысуы әлі де жүріп жатыр. Тек қолдан келгенше зерттеу жасап, бақылау жүргізуіміз керек. Құрылыс салғанда да бәрін тексеру қажет. Табиғи жер дүмпуінен бөлек, адамның қолымен жасалатын жасанды техногендік жер сілкіністері де бар.

Мысалы, 2008 жылы Батыс Қазақстанда, 1977 жылы Өзбекстандағы Газлиде жер сілкінісі болды. Жерасты құбырлардан газ, мұнай алғаннан кейін орны толмаса бір сәтте сілкінеді. Ең қауіптісі осы – техногендік жер сілкінісі. Сол себептен біз өзге мемлекеттердегі жер сілкінісінен кейін ғана оянбай, бұл мәселені күнделікті күн тәртібінен түсірмеуіміз керек.

Фото: ғаламтордан

Кеңес одағын сынауға бәріміз шеберміз ғой, дегенмен де сол заманда адамның қауіпсіздігіне, болашағына деген көзқарас басқаша еді. Қаншама ғылыми-зерттеу, жобалау институттары болды. Тек Қазақ республикасының өзінде құрылыс саласына бағытталған бес министрлік жұмыс істеді. Қазір мұның біреуі де жоқ. Сөйте тұра әркім эксперт, болжам жасаушы болып алды. Мәселенің түп-төркінін кімнен сұрайтыныңды білмейсің.

 – Әсіресе, Алматы және басқа ірі қалаларда тұрғын үй құрылысы қарқынды салынып жатыр. Президенттің өзі «Алматыны бетоннан салынған орманға айналып кетті» деген еді. Қаладағы құрылыстың сапасына қандай баға бересіз? 

– Сапа жағынан қорқатын адамның бірімін. Бірақ жұртты үркіткім келмейді. Әкімдік, құзырлы мекемелер жай ғана жиын өткізіп қоймау керек. Күнделікті жүйелі шара қажет.

Түркиядағы жер сілкінісінде қаншама ғимарат қирап, 40 мыңнан астам опат болды. Қатар тұрған ғимараттардың көбі құлап, аман қалғандары да бар. Бұл – адами фактор. Кезінде қалай болса солай салғаны, сапасын бақыламағаны көрініп тұр. Құдай сақтасын, бізде жер сілкінсе, тура сондай қауіп бар. Әйтеуір ірі құрылыс компаниялары азды-көпті бақылау жасағандай болады.

Монолитпен салынған үйлерге қорықпауға болады. Ал екі, үш қабатты жеке құрылыстар, сауда орталықтары, тойханалардың сапасын байқау үшін маман болудың қажеті жоқ, бір қарағаннан-ақ қорқынышты екенін білесің.

Тәжірибелі мамандардың жетіспеушілігі, ақшаны үнемдеу, тиісті бақылаудың жүргізілмеуі, тағысын тағылар құрылыс сапасының төмендеуіне әкеп соғады. Тіпті, кейбір «құрылысшылар» арматураны не үшін салып жатқанын білмейді. Қазір бізде бір үй, сарай салған адам құрылысшы болып кетті. Себебі, құрылыс – ақша табудың көзі. Тіпті, билікке, ақшаның қорына жақындау пысықай болса, құрылыс компаниясын ашып алып, тендерге ие болып, бытырлатып үй, мектеп, балабақша салып жатыр. Сондықтан мұның бәрі ойландырады, қорқыныш тудырады.

– Демек, жемқорлық, сыбайластық құрылыс саласын да айналып өтіп жатқан жоқ қой.

– Бұл індет болып кетті. Қоғамның қай саласын алсаңыз да осы. Құрылыс та одан аман қалған жоқ. Адамның өміріне, қауіпсіздігіне тікелей қатысты сала. Сыздап тұрған шиқанның ішін жарсаң, іріңнен басқа ештеңе шықпайды. Таза қан шығады деп ойламаңыз. Тұратын үй, жұмыс істейтін кеңсе, баратын жерлеріміз, бәрі құрылысқа байланысты. Кезінде қуаты жоғары жер сілкінісі Жапонияда талай рет болды. Бірақ қирап жатқан үй көрмейсіз, опат болған адам жоқ. Бұларда да биік мұнаралы үйлер көп. Көпқабатты үйлердің бір-біріне жақын орналасқанында, биік салынғанында емес, мәселе – сапасында және бақылауда.

Т.Жүнісов. Коллаж: NEGE

 Оныңыз рас. Жапониядағы ғимараттардың сейсмикалық беріктігін жиі айтамыз ғой. Алайда, талай идеяның авторы және ғылыми негіздердің қалаушысы қазақ ғалымы Төлеубай Жүнісов екенін енді біліп жатырмыз...

– Әлгінде айттым ғой, бізде өте мықты ғалымдар болды. Соғыстан кейін құрылыс саласында үш білікті инженер шықты. Оларды «үш «Ж» деп атады. Жармағамбетов, Жәкішев, Жүнісов. Соның бірі – Төлеубай ЖҮНІСОВ. Ол менің ұстазым. КСРО-ның қала құрылысына қарасты «КазпромстройНИИпроект» институтын басқарған. Кейін тәуелсіздік алғаннан кейін «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» болып қайта құрылды. Осы институттың директоры Төлеубай Жүнісов ғимараттардың сейсмикалық беріктігін арттыру мәселесімен ұзақ жылдар айналысты.

Ал ғалым Болат Жармағамбетов темір бетон конструкциясы туралы зерттесе, Әукен Жәкішев құрылыс материалдарының технологиясы жайында еңбектенді. Одан бөлек Ленинград құрылыс-инженерлік институтының түлегі Сырым Бөкейхановтың сіңірген еңбегі көп. Тіпті, академик Қуанғали Қуатбаевтың әртүрлі құрылыс материалдарын жасау технологиясын біраз дамыған елдер әлі күнге дейін пайдаланады. Отыз жылдың ішінде осындай ұлттық қордан айырылдық. Қазір құрылыс саласында тиын-тебен тауып жүргендер өздерін корифей санап, көсемсиді.

«Қазақ тілінде сөйлемейтіндерді биліктен қуу керек»

– Сіз Нью-Йоркте кәсіп жүргізіп, АҚШ-та тоғыз жыл тұрдыңыз. Одан кейін елге келгеніңізде «Мұнда амбицияның да, білімнің де құны жоқ екеніне көзім жетті» деген екенсіз. Елге қайта оралғаныңызға өкіндіңіз бе?

– «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ұстаным бар. Бірақ мен ұлтан болу үшін келген жоқпын. Елге келгенімнің тарихы басқа. Мен шетелге еріккеннен бармадым. 24 жасымда құрылыс басқармасын, 28 жасымда бірлестікті басқардым. Мәскеуде КСРО министрлер кабинеті жанындағы жоғары басшыларды дайындайтын халық шаруашылығы академиясында оқып жүргенде Кеңес одағы тарап кетті. Бәрі сасқалақтап, не істерін білмей қалған кезең. Ұстазым Абел Гезевич Аганбегянға барып «Бізді оқыттыңыз, әрі қарай не істейміз?», – дедім.

Тоқетері, сол кісінің арқасында АҚШ-қа оқуға кеттім. «Жолыңа ақша тауып ал, оқуың, жатақханаң, тамағың тегін болады» деді. Отбасылымын, үш балам бар. Қалтамда бір доллар да жоқ. Достарымның көмегімен жолға шықтым. Оқуды бітіріп келген уақытта Қазақстан егемендігін алған мемлекет еді. Түсініксіз кезең. АҚШ-қа қайта кетіп, инвестиция компаниясын құрып, тәжірибе жинауға кірістім.

Содан тоғыз жылдан кейін оралғанымда үкіметке жоғары лауазымды қызмет ұсынды. «Ертең тағайындалып, сол жерге барасың» деген еді, басқа адамды отырғызды. Одан кейін Қызылорда облысы әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бірінші орынбасар қызметіне шақырды. Шынымды айтсам, мансапқа қызыққан жоқпын. Бірақ елге келгеніме өкінбеймін. Өзіме қолайы келетін жұмысты істедім. Өмір болған соң ащы да, тұщы да кезеңді бастан өткіздім. Қателікке бой алдырған уақыт та, білместік те болды. Бәрі өмірлік тәжірибе.  

– Соңғы отыз жылда халықтың әлеуметтік жағдайы оңала қойған жоқ. Кешегі Қаңтар оқиғасы да қымбатшылық қысқан, жүйкесі жұқарған, несиеге батқан жұрттың жанайқайынан басталған еді. Дәл қазір сіздің жаныңызға бататын, өкіндіретін нәрсе не?

– Ең бірінші өкініш – ұрланған уақыт. Билік бір емес, бірнеше буынның уақытын ұрлады. Отаршылық кезеңді былай қойғанда, бізге егемендік ойламаған жерден алақанға салбырап түскендей болды. Осы жолда құрбан болған ата-бабамыздың, Алаш қайраткерлері мен зиялылардың арманы орындалғандай күй кештік. Қатты қуандық. Үміт артып, сендік. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінен кейін тәуелсіздікке қол жеткіздік дегенде, билікке келген адамдардың халықты соншалықты алдап, дүниеқоңыздық пен ашкөздікке салынып, алаяқтық жолмен сергелдеңге салатынын кім ойлапты?

Екінші, халықтың шымбайына олардың ұрлағаны, жегені, шетелге алып қашқаны, ел байлығын талан-таражға салғаны тиген жоқ, ең үлкен қиянат – рухын сындырғаны, қоғамды деморализацияға ұшыратқаны.

Ғасырлар бойы қаншама қиын-қыстау заманнан өтсек те, халықтың ары тапталмады, парасаттылығы жоғалмады. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрден де айырылмадық. Тауқымет пен қияметті басынан өткізген қазақтың қариясы қайыршы, қыздары жезөкше, ұлдары жалшы болады деп ойладық па? Елімізге қаңғып келген басқа ұлттар осы мемлекеттің қожайыны да, ал біздің балалар соларға жалшы болып жүр. Біз қазір қолдағы бар нәрсеге ғана алданамыз. Бүкіл әлем шапшаң қимылмен үлкен жетістіктерді бағындырып жатқан кезеңде қисық дөңгелекті арбамен бір ауылдан екінші ауылға жеткенімізге мәзбіз. Басқа ел космосқа зымыран ұшырап, қайта жерге қондырып жатқанда біз отыз жылда пластиктен леген шығарғанымызды мақтан тұтамыз.

Ұрлап, жегендері аз болғандай, рухтың сағы сынды. Ал рухтың басында тіл жатыр. Ұлт, ел болуымыздың негізгі түп қазығы – тіл. Өткен дәуірде отаршылдық саясат тілді тартып алып, тарихты бұрмалап, әліпбиді өзгертті. Лингвистикалық геноцид жасап, 12 жылда әліпбиді үш рет ауыстырды. Бірақ тәуелсіздіктің отыз жылында мемлекеттік тілді дамытып, мәртебесін көтеруге кім кедергі жасап отыр? Қаржы да, оны жүзеге асыратын сауатты мамандар да бар. Өкініштісі, ілгері басу жоқ. «Тұрып жатқан мемлекеттің тілінде сөйлемеген адам басқыншы, ақымақ немесе сатқын» деген екен Карл Маркс. Ал кім екенімізді таңдап алыңыз.

«Бізді кезінде орысша оқытты, заман талабы солай болды» деп сайрайтындарға «Қазір үйренуге кім тыйым салып отыр?» деп айтар едім. Өз тіліңді білмесең, дүбәрасың. Ал дүбәра адамның елдің дамуына көмегі, ықпалы тиеді дегенге ешкім сенбейді. Меніңше, қазақ тілінде сөйлемейтіндерді биліктен қуып, екінші рет бұл маңайға жолатпау керек. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі жарты жылда НЕГЕ қазақша сөйлеп кетеді? Жапониядан келген дипломат НЕГЕ тілін бұрап, пікірін қазақша айтуға тырысады? Африкалық азамат бір жылда домбыра тартып, ән айтып жүр. Бұл жерде ешқандай сылтау қабылданбайды. Аты қазақ, бірақ жаны қазақ еместер көп. Түрің қазақ болса да, ана тіліңді білмесең, бәрібір қазақ емессің.

   – Дәл сіз сипаттап айтқан азаматтар қазір де билікте толып жүр емес пе? Парламентке есеп беруге келген кейбір министр баяндамасын орыс тілінде жасайды. Ескерту жасалғандай болады, бірақ «баяғы жартас, сол жартас»...

 – Мысалы, өзім орыс мектебін бітіріп, институтты орысша тәмамдап, ағылшын тілін 33 жасымда үйрендім. АҚШ-қа бармай тұрып меңгеріп алдым. Намысқа тырысып, білуге талпындым. Кейін 60 жасқа келгенде француз тіліне қызығушылығым артты. Францияның классик жазушыларын түпнұсқада оқуды армандадым. Жыл бойы күнімнің бір сағатын француз тіліне арнадым. Қазір жетік білем демесем де, оқып, сөйлесе аламын. Тура сол сияқты қазақ тілін үйренуге кім кедергі немесе кім бөгет жасап жатыр? Өз тіліңнен өзің жерісең, басқа ұлттарды қалай сөйлетесің?

Билік күштеп шара қолданбаса, несіне билік? Ол үшін мемлекет басында ұлтжанды, рухшыл, мемлекетшіл азаматтар отыруы керек. Тазалығың да, іскерлігің де, адамгершілігің де, парасаттылығың да рухыңа байланысты. Мың жерден бұйрық, үкім шығар, шіріген жүйе шіри береді. Бір жағын жамасаң, екінші жағы шығады. Жүйе – адамның организмі іспеттес. Бір жерің ауырса, екінші бір жеріңе зияны тиеді. Егер тамырдан жүріп жатқан қан таза болмаса, бәрі бекер.

  – Мемлекет басында мемлекетшіл тұлғалар аз дейсіз бе?

– Қазір мемлекет басында жүрген кімдер? Өткен жүйенің тәрбиесін көргендер күрт өзгертеді, еліміз даңғыл жолға түсіп кетеді дегенге сенбеймін. «Жаңа Қазақстан құрып жатырмыз» деп алдамшы нәрселерді айтады. Егер шынымен осы бағытты таңдаса, өтірік сайлаулар өтпес еді. Кешегі Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауы да жалған тірлік екеніне халықтың көзі жетті.  

 Сіз үшін Жаңа Қазақстанның лебі мүлдем байқалмай ма сонда?     

 Қазақстан – әрбіріміздің атамекеніміз. Ал енді «көне ата», «жаңа ата» деген ұғым бар ма? Оның киімі, тұрмыс жағдайы өзгеруі мүмкін, бірақ аталық, аналық қасиеті өзгермейді. Сондықтан «Жаңа Қазақстан» деп айтудың өзі ерсі. Жағдай өзгеру үшін билікке ұлтжанды, ниеті таза, білімді азаматтар керек. Бізде кешегі жүйеде жалтақтап жүргендер қазір басшылық қызметте отыр. «Нұр Отанның» жай функционері ретінде сайрап жүрген адам бір күннің ішінде министр боп кетті. Қай-қайсысын түртсең осы. Сонда 19 млн халықтың арасынан үкіметке 20-30 маман таба алмаймыз ба? Халыққа сенсе, сайлауда бұрынғы басшының қолданған әдісіне жоламау керек еді.

«Билікте бір күн де жұмыс істеген жоқпын»

– Қаңтар оқиғасына кім кінәлі? Кім оқ атты?

– Әр оқтың иесі бар. Себебі, баллистикалық экспертиза арқылы қай мылтықтан кімге оқ атылғанын анықтауға болады. Жазықсыз қаза тапқандар өз алдына, қаншама азаматты абақтыға тоғытты. Ол аз болғандай, ұрып-соғып, үтікпен күйдіріп, зорлап, қинады. Жаңаөзенде оқ атылғанда бір қазақ жараланған қазақты қуып жетіп тепкілеп еді.

Сол кезде Сталинград шайқасындағы соғысқа қатысқан жазушы Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ: «Қанды соғыста фашистің өзі жаралы адамды тепкілеген жоқ. Ал мынау дұшпаның емес, өз қазағың ғой», – деп еді.

Құқық қорғаушылар баскесер болса да, жаралы адамды тепкілеуге қақысы жоқ. Не деген жауыздық? Әлгінде халықтың рухын сындырдық дегеніме бір дәлел осы.

Қаңтарда халық еріккеннен шықпады. Әрине, ішінде бұзақылар да болған шығар. Бірақ көбі көкейтесті жанайқайын айтқысы келді ғой. Келешектен күдер үзіп, сенім болмаған соң, алаңға шықсақ, билік үнімізді еститін шығар немесе президент өзгерді ғой, пікірге құлақ асатын болар деген жоқ па?

Фото: ғаламтордан

  – Қазақстанның болашағы жарқын болады дегенге сенбейсіз бе?

– Болашағына сенгім келеді. Себебі, мүмкіншілік бар. Жаңа буын шығып жатыр. Жастарға сенемін. Бірақ қазіргі билік басындағы билікқұмарларға сенбеймін, оларға күмәнмен қараймын.

Бірінші, сот жүйесінде әділдік орнату қажет. Сот – би. Билігің дұрыс болмай ештеңе өзгермейді. Талай әділетсіз адамдар абақтыға жабылды. Ал нағыз темір торда жататындар еркіндікте жүр.

 Осы өткір пікірлеріңізді Назарбаев билікте отырғанда айтатын ба едіңіз?

 Менде билікке араласпаймын деген ішкі қарсылық болды. Әкімдікке, жоғары лауазымды қызметке шақырды деп бағана айттым ғой. Бәрінен де бас тарттым. Себебі, құп алсам, мен де сол жүйеге иленіп кетуім не болмаса бетке айта салып, біреуге жақпай қалып, көпке бармауым мүмкін еді. Сондықтан бұрынғы билік кезінде батырлық көрсетіп, қарсы шықтым дей алмаймын. Көп үндемейтін, іштен тынып отырған қорқақ адамның бірімін. Менің жұмысым – компаниямдағы 5 мыңға жуық қызметкеріме айлық тауып беру болды. Зауыттар салып, кәсіпорындар аштым. Мемлекетке ай сайын бір миллион АҚШ долларынан астам салық төлеп тұрдық. Қолымнан келетін іс болған соң аянбай жұмыс істедім.

 Назарбаев дәуірінде бизнесіңізге кедергі болған жоқ па?

– Әрине, болды. «Солардан таяқ жедім, жолымды бөгеді, бизнесімді тартып алды. Енді кек алуым керек» демеймін. Болған нәрсе болды. Мұндай мәселеге жеке бастың емес, қоғамдық көзқараспен қараймын. Егер кәсібімді құртып жіберсе, алдымен өзімді кінәлаймын. Ұстанымым осындай. Олардың қолына түспес үшін көзге түспей, алшақ жүру керек. Бірақ бірде болмаса бірде жылтырап шығасың. Сол кезде IPO-ға дайындалғанда кәсібім 150 млн АҚШ долларына бағаланды. Әрине, бұл көрсеткіш қызықтырмай қоймайды. Ешкімге шағымданып, өзіме жарнама жасаған емеспін. Мысалы, балық өндіретін зауытын ашып, Еуропаға айына 1 млн еуроның өнімін шығардық. Теміржол вагонын құрастыру зауытын жүргіздік. Сол вагондар әлі күнге дейін Қазақстан мен Ресей теміржолдарында жүр. Құрылыс саласында да бой көтерген тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, инженерлік құбырлар жеткілікті.

 Н.Назарбаев. Фото РИА Новости

– Қазір ше, немен айналысасыз? Бай адамсыз ба?

 Бүгінгі кәсібім құнды қағаз нарығымен байланысты. А.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығында директорлар кеңесінің мүшесімін. Чех республикасының Қазақстандағы құрметті консулы, бірнеше оқу орындарында қамқоршылық кеңесінің мүшесімін. Шүкір, ортаммен баймын, перзенттерім және туыстарыммен баймын. Қайырымдылық қорларын ашып, қолдан келгенше көмек беруден аянбадық. Бұдан ұпай жинайын демедім. Кейде біреулер ойламаған жерден «кезінде жәрдем беріп едіңіз ғой» деп алғысын айтып жатады. Аты түгіл, түрін де білмеймін. Мұның өзі жақсы сезім. 

– Мемлекеттік қызметтен талай рет бас тарттым дедіңіз. Ал балаларыңыздың шенеуінік болғанын қалар ма едіңіз?

– Билікте бір күн де жұмыс істеген жоқпын. Компанияда істегенде бюджеттің бірде-бір тендеріне қатыстырмайтынмын. Бірде жігіттер Қорғас шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын салуға 2 млрд теңгелік тендерге қатысып, ұтып алыпты. Іле-шала үлескер компаниядан біреулер келді. Сосын компаниядағы жігіттерге «Бұл істі доғарып, келісім шартты бұзыңдар» дедім. «Олай етсек, айыппұл төлейміз ғой» деп шырылдап жатыр. «Айыппұлды төлеп, дереу алған 30 пайыз авансты қайтарыңдар» дедім.

Айтқанымдай болды, бір жылдан кейін Қорғаста іс қозғалып, біраз адам сотталды. Содан жігіттерге «Көрдіңдер ме? Қайта аман қалдық. Бюджеттің ақшасына жоламаңдар!» дедім. Оны алсаң, біреумен бөлісуің керек. Ал бөліспесең, сені таптап тастайды.

Бір ұлым Ұлттық банкте жоғары қызметте істеп жүрген. Бір күні жұмысына хабарлассам, басшылығы: «Ой, аға, біз ұлыңызды департамент директоры қылайық десек, жұмыстан кетіп қалды ғой», – дейді. Сосын балама телефон соқсам: «Әке, ондай ортада істей алмаймын. Бірін-бірі күндеп, аңдып жүретін ортаның энергетикасы ұнамайды», – деді.

IT менеджер мамандығы бойынша Праганың жоғары техникалық университетін бітірген. Сырт елде оқыған соң, түсінігі де басқаша, мансапқа жақын емес. Сөйтіп, компания ашып алып, жұмысын істеп жүр. Балаларымды шетелде оқытуға тырыстым. Қолымнан келетін мүмкіндігім осы. Екі сүт кенжем қарапайым қазақ мектебінде оқиды.

«Біздің қоғам мұздақтың астында тұр»

– Талай мәдени шараға, оның ішінде «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің өтуіне қаржылай демеушілік көрсетіп келдіңіз. Өнерді, руханият саласын қолдау қалталыларға тән бе, әлде шын жанашырлық ниеттен бе?

– «Еуразия» кинофестивалінің бас демеушісі болдық. Елдің дәрежесін көтеретін дүние ғой. Мысалы, халықаралық фестивальге әлемге танымал адамдар атбасын бұрды. Олар киноны насихаттау үшін ғана емес, сенің еліңе келіп жатыр. Өнер адамдары шетелге бару керек болса, қалай көмектеспейсің? Суретшілерді қалай танытамыз? Біз жердің көлемімен, білектің күші немесе қару-жарақпен, ақшамен ешкімді қызықтыра алмаймыз. Дүниежүзі бізбен санасу үшін бірінші мәдениет, ғылым, өнер, спортымызды көрсету керек. Содан кейін ғана басқа жұрт тани бастайды. Біздің елге келуге, тіліміз бен мәдениетімізді үйренуге құштар болады. Біз неге АҚШ-қа, Еуропаға баруға құмармыз? Себебі, олар дамыған ел. Олардың да олқылықтары жетіп жатса да, әлем жұртына көрсететіні бар, дамыған ел деген атқа сай. Біз неге Италия, Францияның тілін білуге ұмтыламыз. Неге сондай ел болмасқа? Кімнен кембіз? Тарихымыз тереңде жатыр, тіліміз бай, халқымыз ынталы. Мәселе – билікте, жемқорлықта, дүниеқоңыздықта, сыбайластықта, тағысын тағы кете береді.

20 жыл бұрын Қытайды төмен санадық. Қазір жастар қытай тілін үйренуге құштар. Дұрыс басқарғанның арқасы. Заң жұмыс істейді, тәртіп қатал. Сол сияқты 20 жыл бұрын түйе бағатын БАӘ құмның ортасында тұрып туризмді дамытып әкетті. Каспий мен Аралдың жағалауы да сондай. Артық болмаса кем емес. Бәрі айналып келгенде билікке тіреліп отыр.

Кешегі Ыбырай мен Абайды, Алаш қайраткерлерін, әл-Фарабиді, бүгінгі Димашты дүниеге алып келген халықты қалай талантсыз деуге болады? Талай Абайларымыз бен Димаштарымыз булығып, тесіп шыға алмай жүр ғой. Бесқонақтың кезінде күн суық болса, бәйшешектер қылтиып жарып шыға алмайды. Себебі бетінде қар, мұз жатыр. Сәл ери бастаса, ең мықтылары қылтиып шыға бастайды. Мұны көріп, «табиғат оянды» деп қуанамыз. Біздің де қоғам мұздақтың астында тұр. Мұздақты жойсақ, талай бәйшешек пен қызғалдақ тесіп шығар.

– Сол күнге қашан жетеміз? 

– Әңгімені неден бастадым? Кешегі билік 30 жылымызды ұрлады. Мен қазіргі билікке де сенбеймін. Сол үшін кешегі сайлауға бармаймын деп ойладым. Азаматтық құқымды таптап, алдын ала мен үшін шешіп қойса, несіне барамын? Қай партияны таңдаймын? Кейінгі құрылған партиялар да жасанды. Биліктің көңілінен шықпаса, тіркеуден өтпес еді. Басқа да жалындап тұрған жастары бар партияны неге тіркемеді? Қоғам танымайтын белгісіз адамдарға сенім жоқ. Сол себептен учаскеме бардым да, «бәріне қарсымын» деген тұсты белгілеп кеттім.

Фото: ғаламтордан

– Ресей мен Украина арасындағы соғысқа бір жылдан асып кетті. Кейбіреулер «Егер Ресей соғысты Украинаға ашпаса, Қазақстанға көз алартар еді» дейді. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Украинамен арадағы соғыста Қазақстанның келешектегі тағдыры шешіліп жатқанын түсінбейтін адамды сатқын немесе ақымақ дер едім. Ресейдің бүкіл халқын мақтабас, қанішер, фашист қылып отырған – үгіт-насихат идеологтары. Өкініштісі, жұрт соларға сеніп отыр. Экономикалық, әлеуметтік жағдайы неғұрлым күйреген сайын халық ашынып, билікке қарсы шығады. Ресейге түбі алдамшы соғыс керек болды.

Украина – еуропалық бағытқа қарай дамып келе жатқан мемлекет. Екі-үш жылда жайнап, дамып кетуі мүмкін еді. Сосын Ресей халқы «Украина күні кеше біздің қоластымызда еді, қазір қандай? Ең құрығанда солар сияқты өмір сүре алмаймыз ба?» деп айтатын еді. Қысқасы, Украинаның Еуропаның бетке ұстар бір еліне айналғаны Ресейге керек емес. Сөйтті де, саусақтан сорып алынған сылтаумен соғысты ашып жіберді. Егер түлен түрткен Ресей оларға ашпаса, Қазақстанға бас салар еді. Бізді Құдай сақтады.

Ресей – адамзат тарихындағы соңғы империя. Себебі, тарихтан белгілі басқа кіші халықтарды еріксіз күштеп, басып алды. Бірақ мына соғыста түбінде Украина жеңетіні анық. Олар идеологиялық, дипломатиялық, саяси, моралдық тұрғыдан жеңді. Енді әскери тұрғыдан жеңсе, ертең экономика жағынан да жеңеді. Украина жеңгеннің өзінде, Ресейден Қазақстанға төнетін қауіп сейілмейді. Себебі, Ресей билігіне кішкентай болса да жеңіс керек. Соны ойлауымыз керек. Сондықтан ең басты мәселе – халқымыздың бірлігі.

– Сұқбатыңызға рақмет!