Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

30 жылдың ішінде мемлекеті бай, халқы кедей қоғамға айналдық – Ерлан Саиров

2007-2019 жылдар аралығында Ұлттық Қордан екінші дәрежелі банктерге 9 трлн теңге таратылды. Бұл қаржының басым бөлігі әлі қайтарылған жоқ, байлар байып, кедейлер кедейлене берді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров төменгі палатаның жалпы отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі.

30 жылдың ішінде мемлекеті бай, халқы кедей қоғамға айналдық – Ерлан Саиров
Фото: ашық дереккөз

Саиров өз сөзінде Дүниежүзілік банктің есебі бойынша Қазақстан халқының 15%-ы кедейлер санатында екенін қозғап өтті.

«30 жылдың ішінде мемлекеті бай, халқы кедей қоғамға айналдық. Былтыр қаңтардың басында елімізде әлеуметтік әділеттілікті талап етіп, бейбіт митингіге шыққан азаматтар – әділетсіздіктен шаршаған, тұрмыс жұтаңдығынан қажыған, болашаққа сенімсіздіктен тұралаған отандастарымыз, туған-туыстарымыз. Ол азаматтарды осындай жағдайға жеткізген волюнтаристік, коррупциялық, протекционистік ескі жүйе. Қазақстан мемлекетінің тағдыры қыл үстінде тұрды. Мәсімов бастаған жымысқы топтың іс-әрекетінің нәтижесінде елге территориялық дезинтеграция қаупі төнді», - деді ол.

Ерлан Саиров елімізде қаңтар оқиғасы тәрізді трагедия қайталанбауы тиіс екенін айта келе, билік халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру үшін нақты қадамдар жасауы керектігіне баса назар аударды.

Оның айтуынша, мемлекеттік аппаратты коррупция, протекцияға былыққан шенеуіктерден тазарту, квазимемлекеттік сектордың өнеркәсіп, қаржы ресурстарын бақылаудың сенімді тетіктерін жасау, олигархтарды ауыздықтау, шетелге заңсыз кеткен капиталды қайтаруды тездету өте маңызды.

«Кедейшілікті жоя отырып, әсіре байлардың да тәбетін азайту – ең басты міндеттердің бірі. Президент Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында халықты кедейліктің «шынжырынан»  табанды түрде шығару, халықтың әл-ауқатын нақты өсірудің жолдары нақтыланып, қарастырылған. Ауылды жерлерде халыққа үй шаруашылықтарын дамыту үшін 1 млн адамды қамтитын 1 трлн теңге бөлінеді, алдағы жеті жылда 111 млн текше метр үй салынып, 3,3 млн адам жұмыспен қамтылуы тиіс», - деді Мәжіліс депутаты.

Депутат өз сөзінде аталған жұмыстың бәрі Үкіметке жүктелетінін қозғап өтті. Алайда ол бүгінгі Үкіметті «сылбыр, жұмысы шала» деп сынға алды.

«AMANAT» Фракциясы Президенттің тапсырмаларының нақты орындалуын әрқашан бақылауда ұстайды. Өйткені бұл елдіктің, мемлекет пен қоғамның бірлігінің мәселесі. Бізге плюрализм керек, әртүрлі ойлауымыз мүмкін, дегенмен Тәуелсіздікті сақтау үшін Президент институты, мемлекеттік құндылықтар аясында бірігіп, ұлттық консолидацияға қабілетті болуымыз шарт», - деді Саиров.