Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Экс-сенатор Уәлихан Қайсаров: алдағы екі жылға экономикалық болжау жасасам, жағымды жағдайды айта алмаймын

Ұлттық  қордағы қаржыны тиімді болсын-болмасын пайдаланып отырмыз. Бір ғана мысал айтайын: келер жылға қабылданатын бюджет қаржысының шамамен 40 пайызы, яғни 15 миллиард  доллар  осы ұлттық қордан алынады. Әлеуметтік бағдарламаларға: бюджет  қызметкерлеріне төленетін жалақы, басқа да шығындарды, зейнетақылар мен  жәрдемақыларды төлеуге жұмсалады. Өйткені бюджетке түсетін салықтар мен баждардың, мұнай мен газдан келетін түсімдердің көлемі өте аз дейді "Сұрауы бар" каналында қонақта болған экс-сенатор Уәлихан Қайсаров деп жазады Рaryz.kz  ProjectXKazakhstan сілтеме жасап.

Экс-сенатор Уәлихан Қайсаров: алдағы екі жылға экономикалық болжау жасасам, жағымды жағдайды айта алмаймын
Видеодан кадр

Халық көшеге шығып кетіп, көтеріліс  жасамау үшін үкімет ұлттық қорға қол салуға мәжбүр. Келер жылдың бюджетіне қаржыны ұлттық қордан алғанда, ұлттық қордағы жиналған 32-34 миллиардтан шамамен 17 миллиард доллар ғана қалады. Осы үрдістен жаңылмасақ, екі жылдан соң, бюджеттік шығыстарға төлейтін қаражат қалмағандықтан, Ұлттық банк баспаханасын іске қосып, қосымша теңге шығаруы мүмкін. Онда теңгеміз сабан ақшаға айналып, одан сайын құнсызданбақ. Сөйтіп, 1 доллардың құны 1 мың теңге, одан кейін 1500 теңгеге көтерілуі кәдік. Қазірдің өзінде экономикамыз құлдырап бара жатыр. Көпшілік экономикадағы проблемаларды әзірге тек дүкендегі бағадан ғана сезіп отыр. Сондықтан, алдағы 2 жыл оңай жыл болмайды. Біраз кәсіпорындардың жабылуы мүмкін. Бізді алда өте қиын жылдар күтіп тұр.

Инвесторларға келсек, өткен 1 жылда бұрыннан біздің елімізге инвестиция салған инвесторлар осының алдында Қазақстанға 10 жылда салған инвестициясының көлеміндей қаржыны кері әкетті. Қазір біздің еліміздің экономикасында инвесторларды қызықтыратын сала жоқ. Мысалы мұнайды алып қарайық. Екінші мұнай құбырын салу үшін 5-7 жыл кетеді. Қазіргі гео-саяси жағдай оны көтермеуі мүмкін. Сондықтан, қазір инвесторларды тарту туралы әңгіме артық. Мына түрде экономикамыздағы қалған инвесторлардың өзі салған қаржысын алып шығуға тырысуы мүмкін. Ресейдің сыртқы саясатынан келетін қатерді де жоққа шығаруға болмайды. Осы мәселелер билікті  ойландыруға тиісті.

Өкінішке орай, біздің экономикамыздың 70 пайызы Ресейге байлаулы. Құдайы көршіміз - Ресей Федерациясымен арамызда 7,5 мың шақырымдық шекарамыз және бар. Сондықтан да, Ресейдің жағдайы бізге міндетті түрде әсер етеді. Тарихи тұрғыда ортақ мәселелер де бар. Бұл ретте сыртқы саясатымызды саралап алу керек. Өзге де векторларды қарастырып,  ЕурАзЭстен , кедендік одақтан бірте-бірте шығуға тиістіміз. Қаңтар оқиғасынан соң, Назарбаевтың бала-шағасы қолдарындағы активтерін Ресейлік бизнесмендерге сата бастады. Олар қазақтың патриоттары емес. Алыс  шетелдің кәсіпкерлері үшін Қазақстанның активтерін сатып алу қазіргі кезде үлкен тәуекелді қажет етеді. Ал, ресейлік кәсіпкерлер үшін біздің елімізге бизнеспен кіру белгілі бір мүдденің барын білдіреді. Осы арқылы біздің елімізді өздеріне одан сайын байлап-матап тастайды.