14.07.2022, 16:41

Азат Перуашев: үкіметтегі "троешниктер" және жүйені өзгерту туралы

ашық дерек көздерінен

Қ-Ж. Тоқаевтың бүгінгі үкімет отырысында сөйлеген сөзі екі жақты ғана емес, үшжақты ойларға жетелейді деді Парламент депутаты, "Ақ жол" ҚДП төрағасы Азат Перуашев деп жазады Рaryz.kz

Біріншіден, мемлекет басшысы экономикалық проблемаларға баса назар аударды. Меніңше бұл сала қазіргі үкіметтің құрдымға кеткен жұмысының көрсеткіші. Бүгінгі президенттің үкіметке берген "қанағаттанарлық" деген бағасымен біз шатаспайық. Бәлкім, бұл тұста өзге секторлардағы оптимистік нәтижелердің де айтылуы мүмкін. Бірақ, қай салада ілгерілеушіліктің барын өз басым түсінбедім. Бүткіл салалардың негізі экономикада жатқанын ескерер болсақ, мемлекеттік органдардың бірінің үстінде бірінің сүрініп жатқанын бұл күнде мектеп оқушыларына дейін біледі. Және де бұл іркілістерден объективті немесе субъективті факторларды іздеу мүлдем қажет емес. Бастысы - нәтиже. Ал, нәтиже жоқ. 

Екіншіден, қуанарлығы, халық шаруашылығының барлық саласын президент өзінің байқап отырғанын көрсетті. Бұл - мемлекет басшысына министрліктер мен әкімшіліктер деңгейіндегі жағдайдың шынайы анықтамасын  көрсетіп отырған президент әкімшілігі жетекшісінің еңбегі. 

Ал, осы көрініс арқылы саяси бағасын берген, әрине мемлекет басшысының өзі.  Самурайлардың дәстүріне сәйкес,осындай бағадан соң, кінәлілер харикири жасауға тиісті. Осындайда, самурайлардың дәстүрімен өмір сүрмейтініміз де жақсы болған сияқты. Бәлкім, өкінетін тұсымыз да осы шығар?

Үшіншіден дейін десем, алдыңғы екі пункт өзімді қатты алаңдатады. Яғни, барлық шешімдер мен жұмыстар бір адамның басына үйіп-төгіліп қойғанын. Бұл алаңдатарлық жағдай. Өйткені, қандай мықты болса да, осының барлығына бір ғана адамның жауап беруі қауашаққа симайды. Биліктің ұшар басындағы мұндай талдаулардың тасасында көптеген кемшіліктердің, қызметті асыра пайдаланудың, қисайғанның түзелмеуі, кінәлінің жазаға тартылмау сияқты дүниелердің жататыны анық. Бұның неге әкеліп соқтырарын экс-президенттің дәуірі көзімізді жеткізген.    

Негізінде, қалыпты баланс сақталған жағдайда атқарушы биліктің (үкімет пен әкімдік) жұмысына бақылауды өкілетті (Парламент пен мәслихат) органдар жүзеге асыруға тиісті.   

Ол үшін, өкілетті органдардың Президентке үкіметтің тізімдік құрамын қалыптастыру, қоғамың мүддесі үшін ұлттық компаниялар мен мемлекеттік мекемелерге дейінгі бюджет қаржысының игерілуі секілді құзіреті болуға тиісті. Бұл ретте ұлттық қордағы қаражат, сыртқы қарыздарға байланысты парламенттік тексерулерді өткізу секілді құқық берілуге тиісті. Мұның барлығын "Ақ жол" демократиялық партиясы өзінің саяси бағдарламасына сәйкес талап етеді.  Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша өткен референдум халық пен биліктің арасындағы жаңа, таза қарым-қатынас орнату үшін президентіміз Қ-Ж.Тоқаевқа толық мандат берді. 

Осы күздің өзінде мемлекет басшысы Қ-Ж.Тоқаевтың өзі айтқандай, "мықты - президент, ықпалды - парламент - есеп беретін - үкімет" формуласы бойынша Конституциямыздың жаңа редакциясына сәйкес, заңдар ретке келуге тиісті. Сол кезде еліміздегі билік қоғам өкілдерімен бірлесе отырып жүйеміздің экономикалық саясатында орын алған кемшіліктерді түзететін болады.  Ал, әзірге, мемлекет басшысының айтқан сынын қолдаймыз. Өйткені бүгінгі айтылған сын "Ақ жол" демократиялық партиясының парламенттік фракциясы айтқан ұсыныстарымен қабысып жатыр.  

Бұл жерде әңгіме Ауыл шаруашылығы министрлігінің экспортты реттей алмай отырғандығы, Ұлттық банктің инфляцияны ауыздықтауға қауқарсыздығы, Ұлттық экономика министрлігі мен әкімдіктердің бағаны тұрақтандыру барысындағы үстірт жұмыстары, кәсіпкерлерге қысым көрсету секілді мәселелерде.  

Мұның барлығы экономикалық саясттағы деформация. Оны бір ғана адам түзей алмайды. Жүйені өзгерту керек. 

                                                                Сайтқа ыңғайлаған Мақпал Орынбетова