Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Жазушы Софы Сматаев халқынан кешірім сұрады. Немесе, сіз биікте, Софы аға, төменде біз...

Басқа шығармаларын айтпағанда "Елім ай" деген туындысы үшін төбемізге көтеруге тұрарлық талантты тұлға жазушы Софы Сматаевтың жанайқайына Facebook парақшасы арқылы  Рaryz.kz құлағын тосты.

Жазушы Софы Сматаев халқынан кешірім сұрады. Немесе, сіз биікте, Софы аға, төменде біз...
ашық дерек көздерінен

Мені Орталық клиникалық ауруханасы өзінің тіркеуінен шығарып тастапты. 1984 жылдан бері сол ауруханаға тіркелген менің жасым 81-де. Алты рет инфаркт, екі мәрте инсульт алып, рак (обыр) болған асқазанымды алғызған зейнеткермін. Үш айда бір жатып, ағара бастаған қанымды система, уколдар арқылы сәл-сәл қызартып шығушы едім. Енді осы соңғы ілгегімді де саусағымның ұшынан жұлып әкетті. Сылтаулары – ешқандай атағымның жоқтығы.

Енді атақтарымның маңайыма қалай жоламағанын айтайын.

Біріншіден, менің «Елім-ай!» трилогиям бастаған 11 (он бір) кітабым Жазушылар Одағының қорытынды жиналыстарының нәтижесінде 11 рет «Жылдың ең үздік кітабы» аталып, 11 (он бір) рет Мемлекеттік сыйлыққа үсынылып, есепшіл әріптес «достарымның» ар қасында 11 (он бір) құлады. «Жылдың ең үздік кітабы» Мемсыйлықты 99 % шаппай алуға тиіс болса да, мен сол атақтың иегері емеспін.

Екіншіден, 1996 жылы елбасының тапсырмасымен мен «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ұсынылғам. Ақмолаға көші-қон кезінде Мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаевтың айтуынша менің (ғана) құжаттарым жоғалып кетіпті.

1997 жылы елбасының өкімімен Жазушылар Одағы тағы да осы атаққа мені ұсынған еді. Алайда Ә.Кекілбаев менің аты-жөнімді «Халық жазушысы» деген графадан ауыстырып, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткерлер тізіміне кіргізіп жіберіпті.

Мен қайраткерліктен бас тартқам.

1998 жылы қайраткерліктен бас тартқан мен Орталық ауруханадағы тіркеуден үш рет шығарылып, Н. Назарбаев, Қ-Ж. Тоқаев және И.Тасмағамбетовтың араласуымен 3 рет қайта теркелгем. Енді сол қайраткерлікті иеленейінші деген мақсатпен (әрине ауруханаға қажет бір атақ үшін) 2008-2020 жылдар арасында 13 (он үш) мәрте ұсынылсам да, кім көрінгенге берілетін сол атақ 13 жыл қатарынан маған бұйырған жоқ.

Ал енді осыдан кейін маған берілмейтін атақтарды менің тартып алуым керек пе еді?

 Орталық клиникалық ауруханаға қайта тіркеле алмасам, қызыл түйіршіктерінен айрылған қаным (белокровье) су боп ағып кетіп, 5-6 айдан кейін менің өмірімнің ақырғы қақпасын жабылмақ. Ақшалы емдетуге қаламақысыз қалған қаламгердің зейнетақысы маңайласа да алмайды. Ауруханаға тіркеле қалсам, ілдеалдалап 4-5 жыл ғұмыр кешуім де мүмкін. Ал тіркелмеген жағдайда, 5-6 айдан соң ағарған қанымды су қылып ағызып, жұбайымның қасындағы қара жердің сызына жамбасымды тигізермін. 

Ендігім: Жамбасымды төсекке тіреп қойып, «Елім-айымның» төртінші кітабын жазып бітіруге жанталасуым. Бітіре алмай кетсем, халқымнан кешірім өтінемін.

Сөйткен жазушы өзінің 25 томдық таңдамалы шығармаларын сатып, ақылы ауруханаға жатпақ. Нағыз бір кем дүние осы....