Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов Бас прокурордан Нұр-Сұлтандағы LRT ісіне қатысты тергеудің егжей-тегжейін алды. Алайда оның айтуынша, құжат жария етілмейді, - деп хабарлаған болатын осыдан бұрын Tengrinews.kz . Алайда, Рaryz.kz байқауынша даулы мәселе LRT -нің бұзылуымен тынатын сияқты.
Елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков АҚШ-та. Елордада LRT салу кезінде қаржы жымқыру дерегі бойынша Сұлтанбековке халықаралық іздеу жарияланып, Интерпол тізіміне енгізілген. Құқық қорғау органдары оны ұстау және экстрадициялау туралы АҚШ үкіметімен келіссөздер жүргізуде. Сұлтанбековтің өзі Facebook-те қылмыстық істің кейбір жай-жапсары жайында ашық жазып отырады.
Бұған дейін іздеуде жүрген экс-шенеунік әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұловқа жүгінген болатын. Ол LRT ісін тергеу, ұрланған қаражатты қайтару мәселесін бірнеше рет көтерген.
"Мен Бас прокурор Берік Асыловқа жүгіндім. Халықаралық іздеуде жүрген Сұлтанбеков Facebook-те оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, өз ұстанымын анық айтқанын жеткіздім. Сұлтанбеков келтірген дәлелдерді тексеріп, BRT (Bus Rapid Transit - жүрдек автобус көлігі - еск.) және LRT бойынша бөлек қылмыстық істің барысы туралы толық ақпарат беруді сұрадым.
Жауап алдым, бірақ өкінішке қарай, оны БАҚ жариялай алмаймын, өйткені жауап ҚПҮ түрінде келді - қызметтік пайдалану үшін. Дегенімен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Сұлтанбеков пен басқа да сотталушыларға қатысты қылмыстық істі тергегенін айта аламын. Тергеу деректері бойынша, айтылған тұлғалар 2016 жылға дейін, 2012-2015 жылдар аралығында жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезеңінде де қаржы жымқырған", - деді депутат Раманқұлов сұхбатында.
Кезінде BI Group басшысы Айдын Рахимбаев LRT құрлысын салудың экономикалық тиімсіздігін көтерген болатын. Бірақ, бұл жөнінде тиісті органдр тарапынан қандай да бір шешімнің шыққанынан хабарсыз екенбіз. Бізге жеткен инсайдерлік дерек көздеріне қарағанда құжат дайындалуда. Дау шыққан LRT құрлысына барып, кей жерлерде бағандардың монтаждалып жатқанын Рaryz.kz тілшісі өз көзімен көріп келді. Соған қарағанда, қаржы жымқырғандарды жауапқа тартқанмен,LRT орны толмайтын құрлысқа айналған сыңайлы. Оған Сығанақ, Түркістан және Ақмешіт көшелерінің қиылыстарынан көз жеткізуге болады.