Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Келінді құл қылғысы келетін енелерге не жетіспейді?

Бүгінгі таңда XXI ғасыр болғанымен, жаһанды дамып келе жатқан, еркіндікті ту ететін мемлекеттерден үлгі алып келе жатсақ та, қазақ отбасыларында «алып қашу», «сәлем салу», «келін-ене», «ата-енеге қызмет ету» сынды даудамай тақырыптар көп айтылады. 

Келінді құл қылғысы келетін енелерге не жетіспейді?
Сурет: ашық дереккөз

Бұл дәстүр ме, әлде, кей кезде, келінді күн емес, күң қылып, шектен шығу ма?! Әр жағдайда - әр қалай. Дегенмен де, үйлену тойының өзінде енені құттықтап,  «Келін қолыңызды жылы суға малсын» деп, тілек тілеп жатады. Сол кездің өзінде, келінге әуел бастан үлкен жауапкершілік артылып, ол жолдасымен қоса қайын жұртының қас қабағына қарау керектігін түсінеді. 

Біздің кейіпкеріміз Қарлығаш (есімі сұрауы бойынша өзгертілген) есімді қыз, жасы 27-де. Жолдасымен жұмыс барысында танысып, шын жүрегімен сүйгеннен кейін отау құрған. Тұрмыста 8 ай тұрды. Қазір ажырысу төңірегінде. Ол Paryz.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне отбасылық өмірде басынан өткен жағдайлармен бөлісті.

Қарлығаш үйлену тойынан кейін Қызылордадағы беделді жұмыс орнын тастап, Байқоңырға, жолдасы мен оның анасының үйіне көшіп келеді. Жолдасының әкесі ертеде қайтыс болған, сондықтан Қарлығаш енесімен бірге тұратындарын білді. 

Тойдан келдік, менің нәрсем үйіліп жатыр - өзі екі-ақ бөлме. Сонымен, енем мен күйеуім жұмыста. Мен үйді өзімнің ыңғайыма қарай реттестіре бастадым. Артық, көне зат көп болатын. Барлығын коробкаға жинап, болконға шығардым. Таңертең барып «сәлем берем», ұйқысынан оятамын, шәй қоямын, тамақ беремін,  орамал тағамын, - дейді Қарлығаш.

Қарлығаштың енесі оған екі аптадан кейін «тисе» бастағанын айтады. 

Сол заттарды тиіскенімнен бастады. Столды қолымен қағып отырып – «әр үйдің өз ережесі бар. Зат тұрған жерінде тұру керек» деп қаттырақ дауыспен, ұрысып айтты. Күйеуім үндемеді. Бір күні орамал тағуды ұмытып кеткем, дастархан басында «орамалыңды тағып жүр, бір жыл өткен жоқ» деді. Енем мінезін көрсете бастады: «Кіріп шыққаныңды, не істеп, не қойғаныңды - бәрін маған айтып отырасың» деді. Бірнеше апта бойы ескерту айта бергеннен кейін менің дастархан басына отыруға ниетім болған жоқ. Кейіннен ол күйеуіме де «әйелдің жұмысына араласпа, өзі пісірсін, өзі үтіктесін» деп, бізді бір бірімізден алшақтата бастады. Енем әжетханаға бара жатқанда да, шыққаннан кейін де біздің бөлмеге қарап өтетін, «не істеп жатыр екен» деп. Менің анамды бір айдан кейін шақырып алып, мені жамандаған да кездері болды, - дейді кейіпкеріміз. 

Қарлығаш соңында орамал тағуды, сәлем салуды қойып, оңтүтістікте талап ететіндей келіндік қызметті істемегенін айтады. 

Жолдасыммен үйде мүлде ұрыспайтынбыз. Бірақ, бір рет қатты жанжалдасып қалдық.  Сол кезде «Балалар қойыңдар, ұрыспаңдар» деген ене көрген жоқпын. Керісінше, сол бөлмеде тұрып, маған ұрысып тұрды. Күйеуіме мені жамандап. Менің дүниелерімді менің еркімнен тыс шығарып қойған, өзім барып алып кеттім. Маған тойға берген алтынды сұратып, сатып жіберген. Күйем де артымнан келген жоқ. Еркектер майдаланып кеткені рас екен. Күйеуім мені жақсы көретініне сенімдімін. Бірақ, анасының айтқанын шыға алмай отыр. 

Маған жігіт табылады, оған әйел табылады, бірақ сол мәселенің қайталанбайтынына кепілдік жоқ қой. Қазір «ата - ене институты», «әжелер», «әкелер», «жеңгелер» институты жетіспейді. Енелер баласы мен келіннің ортасына жатып алатындай да жағдалар болып жатыр ортамызда. Бұрын олай істемеген, - деп, қынжылды Қарлығаш. 

Психолог Назым Ділтайқызы ұлын келінінен қызғанатын енелердің өз міндетін шатастырып алғанын айтады.

Ұлын қызғанады дегенге келер болсам, аналардың ол қылығы дұрыс емес. Себебі, сіз баланың өмірлік ұстазы, демеушісі болдыңыз. Енді балаңыз ер жетті, ақыл тоқатты. Есті бала ана мен әйелінің орнын ажырата біледі. Анасын ақ сүтімен аялаған, өмір сыйлаған - адам ретінде көрсе, әйеліне мәңгілік өмірлік жары ретінде, балаларының анасы ретінде қарайды. Ең бастысы өз міндетіңізді шатастырып алмай, орныңызды білсеңіз болғаны, - дейді психолог.