Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Тілеухан мен Тазабек "шәкірттерінің" қайда отырғаны белгілі бола бастады

Байқауымызша, Біләл Қуаныш сынды "шәкірттер" де сөзден ұстатпау стилін Мұхамеджан ағаларынан жақсы үйренгенге ұқсайды. Өйткені, ол соларды сайт арқылы сынағанын "сынадым" демей, ақталған қаз-қатар тақырыптарын "ақталдым" демей, желідегі жұртқа сұлу сөздер тізбегін жасап, "тілін емізіп" қана отыр.

Тілеухан мен Тазабек "шәкірттерінің" қайда отырғаны белгілі бола бастады
фото: nege.kz

"Байқаймын, басымды шайқаймын" дегендей, Бекболат Тілеуханның дәрісін тыңдап, Мұхамеджанмен шәй ішкен "шәкірттері" жеме-жемге келгенде, түлкібұлаңға сала бастағандай ма, қалай? Бүгін "Қамшы" порталының иесі Біләл Қуаныш бауырымыз "ұстаздар" алдындағы "айыбын" жуып-шайып, Facebook-тегі парақшасына аталған екі "мықтының" алдында амалсыз ақталған сыңайдағы жазба жариялады.

"Мұхаметжан ағамен, Бекболат мырзамен таныстығымыз 2009 жылы басталған. Ол кезде "Ана тілі" газетінің ақүрпек журналисі едік... Қазіргі қас жүйрік қаламгерлер Қанат Әбілқайыр, Арман Әубәкірлер сол жылдары "Ана тілінің ақ мылтықтары" болатын. Руслан Желдібай (Ақорда), Рахат Жақсыбай (Qazaqstan), Ерлан Әбдір (Асыл арна), Өркен Кенжебек (Хабар), Мұрат Есжан (кинорежиссер), Ағабек Қонарбай (Мүфтият) және жоғарыда атаған қызметтестерім Арман (Адырна), Қанаттармен (Bai bol Qazaq) бірге Мұхаметжан мырзаның дастарханынан бірнеше рет дәм татқанбыз", - деп бастапты сөзінің "біссімілләсін" Біләл Қуаныш.

Одан кейін Ахметбек Нұрсила ашқан "Сақ" моншасында Бекболат Тілеуханның уағыз әңгімелерін тыңдағанын айтады. Көрдіңіз бе, уағызды не үйде, не түзде емес, моншада айтқан! Сонда Біләл бауырымыз дәретханада сөйлеуге, діндар адамның монша сынды кірден арылатын лас жерде уағыз айтуына болмайтынын білмей ме? Бұнысын Бекеңді мақтаған болып "мақтамен бауыздау" деп қабылдамай-ақ қояйық, бірақ, оның бусанып отырып уағыз айтқанын әлеуметке әйгілеуі ыңғайсыз енді.

"Айтайын дегенім, соңғы уақытта Мұхаметжан Тазабековтың Ұлттық арнада "Talim trend" бағдарламасын жүргізуіне байланысты "Қамшы" порталы үлкен талас-тартыстың ортасына айналды. Осыған орай кейбір азаматтардың сұрағына "Бекболат пен Мұхаметжан мырзалармен жеке бас араздығымыз жоқ екенін" айтқым келеді. Ал жұрт пікірін жариялау – тәуелсіз сайттың негізгі ұстанымы. Тиісінше аталған азаматтар өз пікірлерін айтып жатса, оны да жариялауға әзірміз. Қанат Әбілқайыр, Арман Әубәкір үшеуміз саяқ кеткеніміз болмаса, кезінде дастархандас болған әріптес бауырларымызбен әлі де сыйласпыз", - дейді қолына "Қамшысын" ұстаған жігіт.

Шамасы, моншада уағыз айтып, дастарханынан дәм таттырған үлкендер Біләл командасының сайттағы сындарын оқып, "тәйт" деген болып тұр ғой? Кезінде Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабектің қасында болып, жоғарыда аты-жөндерін тізіп өткен басқа да "бір кемедегі" әріптестерімен аралас-құралас жүріп, "жұрт пікірін жариялау – тәуелсіз сайттың негізгі ұстанымы" деген желеуге сүйене қойғаны қызық.

Ел аузындағы екі азамат "тәйт" демесе, Біләлдің "Қамшысы" бір сәтте "Асыл арна" ақшаны қайдан алып отырғаны белгілі болды", "М.Тазабек: "Тәлім Trend"-ке халықтың 1 пайызы ғана қарсы", "Мұхамеджан Тазабек "сәләфи" туралы сұраққа жауап берді" деп мәймөңкелеген үш ақпаратты қатар-қатар жариялар ма еді? Өзі "бессандырақ" ақпараттың Мұхамеджан Тазабекке қатысты тақырыптарының арасынан "қыл өтпеген".

Енді сол үштіктен мысал келтірейік. "Мұхамеджан Тазабектің сөзінше, телеарна ара-тұра ғана тендерге қатысып, азын-аулақ ақша табатыны бар. Табыстың негізгі көзі – жарнама. Кей-кейде қарапайым азаматтар мен қалталы адамдар қаржылай қолдау жасап тұратынын жасырмады", - дейді "Асыл арнаға" қатыстысында.

"Сондай-ақ ол бағдарламаны ұлттық арнадан көрсету ойы телеарнаны қазіргі президент кеңесшісі Ерлан Карин басқарып тұрған уақытта туғанын, белгілі себептермен жоба кейінгі қалып, ойды жүзеге асырудың орайы енді келіп жатқанын жеткізді", - дейді екінші ақпаратта. Әне, бәрібір атышулы бағдарламаның артында сол баяғы Ерлан Қарин тұр! Ал Біләлдің сайты осы орайда Мұхамеджанның "Тәлім Trend"-ке халықтың 1 пайызы ғана қарсы" дегенін келтіреді де, артынша "Бұған дейін Qamshy.kz порталы "Qazaqstan арнасынан Тазабектің "Тәлім" беруін қолдайсыз ба?" атты сауалнама жүргізген. Сауалнама нәтижесі бойынша қатысқандардың 88,7 пайызы бағдарламаға қарсылықтарын білдірген", - деп өзінің "дастархандасының" сөзін "жоққа шығара" салады.

Ал "Мұхамеджан Тазабек "сәләфи" туралы сұраққа жауап берді" деген ақпаратта оның: "Мен сәләфи емес екенімді өзім де айтайын, өзгелер де біледі. Мені танитындар, менің үйімде болып жүрген, қызметтес болып жүрген немесе сапарлас болып жүрген адамдар ел "сәләфи" деп айтып жатқан адамдарға еш қатысым жоқ екенін анық біледі", – деген "уәжін" келтірген.

Байқауымызша, Біләл Қуаныш сынды "шәкірттер" де сөзден ұстатпау стилін Мұхамеджан ағаларынан жақсы үйренгенге ұқсайды. Өйткені, ол соларды сайт арқылы сынағанын "сынадым" демей, ақталған қаз-қатар тақырыптарын "ақталдым" демей, желідегі жұртқа сұлу сөздер тізбегін жасап, "тілін емізіп" қана отыр. Бейнелеп айтқанда, "о дүниеде жағаға жармасатын" ағалардың наласынан "өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай" құтылуға көшкен сыңайлы.

Ердәулет СЕРІК