Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Борат" та "Нұр Отанның" мүшесі болып шықпасын...

Праймериздің "жыры" таусылып, елдегі сәләфизм идеологиясы мен әлеуметтік-тұрмыстық проблема мәселесі қайта көтіреле бастағанда, "Борат" пайда болды...

"Борат" та "Нұр Отанның" мүшесі болып шықпасын...
фото: total.kz

Желіде елдің "сөзін сөйлеп", халықшыл, патриот болып көрініп жүргендер жаппай "Нұр Отан" партиясының мүшелері екенін айғақтап, соның атынан праймеризге қатысып кетіп еді ғой. Ал солардың біреуі "халық қалаулысы" атанды ма? Жоқ. Осыдан-ақ олардың қалың бұқараны әбден тобыр санап, көптің сөзін жоғары жақтың тапсырысымен сөйлегенсіп келгенін білуге болатындай.

Енді байқасаңыздар, праймериздің "жыры" таусылып, елдегі сәләфизм идеологиясы мен әлеуметтік-тұрмыстық проблема мәселесі қайта көтіреле бастағанда, дәл сол партия сайқымазақтары америкалық сайқымазақ "Боратқа" қарсы жазбаларды бората түсті. Бұл не сонда? Осы сәтке дейін үнсіз жатқан "Борат" қалайша 14 жылдан кейін аяқ астынан пайда бола қалды? Тіпті, анау киносымағын да ешбір жарнамасыз, жасырын түсіріп шыққан. Назалы назарды соған аудартқысы келгендей. Қалай ойлайсыздар, ол да "Нұр Отанның" мүшесі емес пе екен, ә?..

Жә, басынан бастайық... Қазір америкалық актер әрі режиссер Саша Барон Коэн атышулы "Борат" комедиясының жалғасын түсіріп, трейлерін жариялап үлгерді. 2006 жылы жарық көрген бұл фильм АҚШ-қа сапарлаған қазақстандық журналистің бастан өткерген оқиғаларын баяндайды. Премьерасы 23 қазанға белгіленген "Борат 2" де сол баяғы "қазақстандық журналист" жайлы. Ал шын мәніндегі қазақстандық журналистер, көбінесе желідегі "праймеризшіл патриоттар" оның көк байрақты мазақ еткенін ғана жарыса жазысып әлек. Алайда, осы мәселеге қатысты заңгер Айгүл Орынбек басқаша пікір білдірді.

"Көк тудың құрметін Борат естеріңе түсірді ме? Еліңнің рәміздерін біреу қорлағанда ғана естеріңе түсті ме? Жеккөрсеңдер көре беріңдер, қарғауларың да мүмкін. Бірақ әщщі шындықты да қабылдай білген дұрыс!.. Түріктердің отансүйгіштігін құрметтеймін! Борат неге түріктердің жалауын мазақ етпейді, себебі, өлетін жерін біледі! Ал біздікі жәй "показуха"! Еліңнің жалауын Борат мазақ еткенде мақтан еткендерің тым күлкілі!..

Мақтан тұтатын жалауың үйіңнің төрінде бар ма? Әлде әкімдікте түскен жалауды мақтан тұтып жатсың ба? "Айгүл ханым, Боратқа бірдеңе істесеңізші" деп жазып жатқан ер-азаматтарға айтарым: Өтірік "көтіройт" болуды доғарыңдаршы! Өзің құрмет жасамаған байраққа басқалар қайдан жасасын?" - деп салды ол.

Дұрыс па, дұрыс! Шындық па, шындық! Енді режисер Данияр Саламаттың жазбасын оқып көрейік.

"Фб-ға кірсем, парақшаның бетін "көк ту жауып кетіпті". Біреу көк туымызға сүйеніп тұр, бірі шіреніп тұр, бірі иіліп тұр, бірі сүйіп тұр дегендей. Бәрі мақтан етеді екен көк туымызды. Борат кәкәй екен де, қалғанымыз әйәй екенбіз. Дұрыс. Маласи. Біз бұл күйге қалай түстік? Мәселе басқада, бауырлар... Көк туымызды сүю үшін Ата заңымызды сүйейік. Ата заңымызды сүю үшін әділдікті сүйейік. Әділдікті сүйсек, адал болайық! Ата заңымызды жырымдап, черновикке айналдырдық. Одан кейін-ақ әділдік жырымдалып, шылғауға айналды. Енді көк ту қалай аман қалады? Осы мазақ болғанымыз – мазақ болған... Үйде жатып көк туды сүйгеніңіз түздегі туымызға (намысыңызға) қалқан бола алмайды!" - дейді Данияр.

Осы екі жазбадан кейін-ақ "праймеризшіл патриоттардың" биліктің ұпайын түгендеу мақсатында шулай кеткені түсінікті болып қалған жоқ па? Әлде, жетемізге бірдеңе жету үшін осындай жүздеген посттың жазылуы керек пе? Жарайды, сіз де патриотсыз. Туды, Елтаңбаны, Әнұранды сүйесіз. Бірақ, сол құндылықтар үшін далақтап кімдердің соңында шауып бара жатқаныңызды оңашада бір бағамдап көріңізші!..

"Борат" "Нұр Отанның" мүшесі емес пе екен?" деген сөз күлкілі естіле ме? Былай қарасаңыз, күлетін де нәрсе емес. Мысалы, оның алғашқы киносымағы шыққан 2006 жылы сол кездегі президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Лондонға ресми сапармен барып, баспасөз мәслихатына қатысқан. Сонда журналистердің бірі Борат туралы пікірін сұраған. Назарбаев болса, ол фильмге әншейін әзіл ретінде қарай салу керектігін айтты.

Ал 2012 жылы Қазақстанның сол кездегі Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов, тіпті, "Бораттың" елге "пайдасы тигенін" де алға тартты. Айтуынша, сол жылдары "Борат" фильмінен кейін туристер саны көбейген-міс. "Осы фильмнің шығуымен Қазақстанға берілетін виза саны он есе өсті. Мен бұл біз үшін үлкен жеңіс дедім. Мен "Боратқа" Қазақстанға туристерді тартуға көмектескені үшін ризамын", - деді сонда СІМ-ді басқарып отырған сабазың!

Керек десеңіз, мәдениетсіздіктің шыңына шыққан киносымақ көрерменге жол тартқанда, Мәдениет министрлігін басқарған Ермұхамет Ертісбаевтың өзі оның "елдің абыройына нұқсан келтірмегенін" жеткізген-ді.

"Елдің абыройына ешқандай ауыр соққы болған жоқ. Ағылшын әзілқойының шығармашылық қабілеттерін өте асыра көрсетіп отырсыздар. Осындай "қара әзіл" бар. Мұндай актер Англияда болған, Норманн Уиздом рөлдерінде ақымақтарды сомдаған", - деді ол.

Ал, енді не дейсіз? Сіз бен бізді ақ тер, көк тер етіп ойбайлатып қойған "Боратқа" билік басындағы ірі лауазым иелерінің ешбірі шаң жуытқысы келмейтін сияқты ғой. Егер "ел ағалары" оған өздерінің "қолбалаларын" қарсы қойғансып, солар арқылы халықтың сәләфиттерге деген жаппай қарсылығын басқа арнаға бұрып әкетуді мақсат еткен болса, біткен жеріміз осы дей беріңіз!

Ерік ЕЛЕУСІЗ