Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Бұл – қоғам үшін қауіпті сигнал": Әшімбаевтың Тазабекке алғыс білдіруінің артында не тұр?

Мысалы, кезінде Президенттік әкімшілікті басқарған Аслан Мусин "құранит" деп айыпталды. Енді қазір қарап отырсақ, діни ағымның өсуіне оның емес, сол кездегі орынбасары Әшімбаевтың тікелей қатысы бар сияқты ма, қалай?.. Сол уақыттарда елде қаншама діни оқиғалар болғанына халық куә. Алайда, сәләфизмге "бәсекелес болатын" бағыттардың біразы тұқыртылып, мына "кенже ағым" аяқ астынан күш алып кетті. Сондықтан да Тазабектердің көлеңкесін солардың тасасындағы Мәуленнің маскалы тұлғасы ұзартып тұрғандай әсер қалдырады екен, кешегі қол алысу.

"Бұл – қоғам үшін қауіпті сигнал": Әшімбаевтың Тазабекке алғыс білдіруінің артында не тұр?
фото: facebook.com

Кеше Сенат спикері Мәулен Әшімбаев атышулы діндар ақын Мұхамеджан Тазабекті қабылдап, оны "Егемен елімізде дінаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге және халқымыздың береке-бірлігін арттыруға зор үлес қосқаны үшін" алғыс хатпен марапаттай қойды. Атауынан ат үркетін, салмағын атан көтере алмайтын осынша үш атақты бір жапырақ қағазға сыйдырып жіберген Әшімбаевтік әдісті бүгін саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов әшкере етті.

Facebook-тегі "Тазабеков пен Назарбаев режимінің достығы жайлы" деген тақырыптағы жазбасында саясаттанушы: "Еске сала кетейін, ҚР Конституциясы бойынша М.Әшімбаев – мемлекеттегі №2 адам. Осыған дейін М.Тазабековті Конституция бойынша елдегі №3 адам Н.Нығматулин қабылдаған. Енді Конституция бойынша елдегі №1 адам Қ.Тоқаев және Қазақстандағы №01 адам Н.Назарбаевтың Тазабековті қабылдап, алғыс хат табыстауы қалды", - деп отыр.

Ал бірдеңені "артық қыламын деп тыртық қылатын" шенеуніктердің мысын мысқылмен басып отырудың шебері Серік Абас-шах Шалқар Нұрсейітовтің сол жазбасын "Басқасы басқа, Мәулен Әшімбаевтан күтпеп едім (осыны). "Сексолог-самоучкаға" сұрағым жоқ, ал Мәкеңнің бетінде қанша маска бар (сонда)?" - деген екі ауыз базынасын қосып бөлісті.

Иә, бұл жерде мәселе Мәкеңнің бетіндегі медициналықтан бөлек, көзге көрінбейтін қанша маскасы бар екенінде болып тұр. Ол – бұған дейін мемлекеттік идеология саласын басқарған адам. Президент әкімшілігінің идеология жөніндегі орынбасары болғанын айтамыз да. Бұл жолғы "қылыққа" құлық қойсақ, биліктен Тазабекке ең жақын адам Әшімбаев болып шыққандай. Себебі, бұл кісі де Серік Абас-шах айтқан "сексолог-самоучкаға" қарсы бағытталған көпшіліктің сынын көріп отыр. Сол себепті, "ең жақын адамына" қиналған шақта қолдау көрсеткісі келген сияқты. Жамағаттың жігіттері бірін-бірі "қолтықтан демеп, басынан сипау үшін" шәйға шақырады деуші еді. Алғыс хат ұстатып жіберудің де одан түк айырмашылығы байқалмады бізге. Былғары орындықта маскамен отырып, алдарына шәй құйып қойған үйлесімсіз суреттері біраз жайтты аңғартатынға ұқсайды. Біздің пәлсапа: "Бұлар бірін-бірі шәйға шақырса да маскасын шешпейді".

Мысалы, кезінде Президенттік әкімшілікті басқарған Аслан Мусин "құранит" деп айыпталды. Енді қазір қарап отырсақ, діни ағымның өсуіне оның емес, сол кездегі орынбасары Әшімбаевтың тікелей қатысы бар сияқты ма, қалай?.. Сол уақыттарда елде қаншама діни оқиғалар болғанына халық куә. Алайда, сәләфизмге "бәсекелес болатын" бағыттардың біразы тұқыртылып, мына "кенже ағым" аяқ астынан күш алып кетті. Сондықтан да Тазабектердің көлеңкесін солардың тасасындағы Мәуленнің маскалы тұлғасы ұзартып тұрғандай әсер қалдырады екен, кешегі қол алысу.

Осы орайда, белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлынан бір мысал келтірсек, "Сəлəфилер жылт еткен əнші, ақын, спортшы, журналист, аналитик, т.б. танымал адам көрсе, қалтасы қалың кəсіпкерді көздері шалса, оларды мақсатты түрде өз қатарларына қосуға тырысады. Оларды қаратса, оларға еліктеген қалың жастарды оңай қанжығаларына байлайтындықтарын жақсы түсінеді. Олармен жұмыс істеудің түрлі жолдарын меңгерген. Сəйгүлік мінгізіп, бүркіт сыйлайды. Сəлəфи сеніміндегі əдемі қызбен үйлендіреді", - дейді ол.

Сондай-ақ, сәләфи болуына бір-ақ саты қалып тұрғандар жұмыссыз жүрсе, оларды айлыққа байлап тастайды екен.

"Əлеуметтік желіде жарнамасын жасап, көңілдерін хош етеді. Сайт ашып береді. Құрығы ұзын, жоғарғы жақтағы билік өкілдері немесе қалтасы қалың кəсіпкерлері арқылы арзан бағамен баспана мəселесін шешіп тастайды. Тендер алып береді. Спортшыға спортшыны, əншіге əншіні, кəсіпкерге кəсіпкерді, журналистке журналисті салады. Тіпті, есерсоқтарды да тиімді пайдаланып, ұнамағандарына айдап салып, қоқан-лоққы жасатып отырады", - дейді Қайрат Жолдыбайұлы.

Егер биліктегі Мәулен Әшімбаев сынды біреулер идеологиялық тұрғыдан қолдау танытпаса, жай ғана діни рәсім орындау төңірегінде жүрген ағым өкілдерінің ондай зор мүмкіндіктерге қол жеткізе алмасы қарапайым такси жүргізушіге де түсінікті ғой, иә?

Такси жүргізуші емес, белгілі заңгер Айгүл Орынбек те Мұхамеджан Тазабектің желіге биліктегі біреулермен түскен суретін жариялап, өзін "сәләфи емеспін" дегенін аһылап-уһілеп отырып әрең айтқанын меңзеп пост жазды.

"Сүйкімсіз бейнесін біреулерге сүйкеліп жүріп ақтап алу, ол адамның ең майда екенін көрсетеді! Ешкімге сүйкелмей-ақ, еркек сияқты өзін неге ақтап алмайды? "Мен сәләфи ағымында емеспін" деп бір сөйлем жазу үшін поэма жазып не керек, М.Тазабек? Анау майда, мынау ірі деп, әйтеуір біреуді кемсітіп, мұқатып, осы ма, ұлтқа тәрбие беретін адам? Жазбасын жақсы ниетпен екі қайталап оқыдым! Шынайылық жоқ, тек кінәлау, өзін жоғары көрсету, тәкәппарлық, екі жүзділік ұрып тұр!" - дейді заңгер.

Енді ол Мұхамеджан Тазабектің діни көзқарасына нақтылық енгізу үшін ҚМДБ өкілдері Сансызбай Құрбанұлы мен Қайрат Жолдыбайұлының сараптамадан өткізуін талап етуде. Солар діни көзқарасы бойынша сараптама өткізгенде ғана ол кісіге сенуге болады, оған дейін ұлттық арнаға жоламасын деген пікірде.

"Бүкіл ірілерге сүйкеніп, суретке түсіп шықса да, бұл кісінің діни көзқарасы тексерілу керек! Кім кіммен суретке түспей жатыр? Зоопарктегі маймылмен де суретке түсіп, мақтап жазуға болады емес пе?! Сол себепті сараптама жүргізілсін!" - дейді Айгүл Орынбек.

Бұның бәрін неге айтып отыр десеңіз, сөз басындағы саясаткер Мәулен Әшімбаев пен діндар Мұхамеджан Тазабектің едел-жедел кездесе қоюын жан-жақты пысықтап алып отырмыз. Өйткені, саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің айтуынша, "Саясатта танымал адамдардың көпшілік алдында бір-біріне қолдау көрсетуі жайдан-жай жасалмайды. Бір тұлғаның екінші тұлғаға ашық қолдау білдіруі (endorsement) "Мен оның құндылықтарын қолдаймын, оның ойымен, іс-әрекетімен келісемін" дегенді білдіреді... Ал авторитарлық Қазақстанда саясаткерлердің М.Тазабеков секілді пропагандистерді жеке қабылдап, алғысын білдіріп, ашық қолдау көрсетуі "режимге жасап жүрген еңбегіңді бағалаймын" дегенге келеді. Бұл – қоғам үшін қауіпті сигнал".

Ал біз оның қаншалықты "қауіпті сигнал" екеніне Тазабектің талпыныстарынан қауашағының хабары бар адамдардың шыр-пыр еткен жазбалары арқылы көз жеткізуге тырыстық. Жалпы алғанда, бұл сол Сенаттың тікелей ресми позициясын аңғартып тұрған жоқ па? Егер солай болса, жетіскен екенбіз! 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ