Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Дина Елгезек Тазабектің "сәләфи емес екенін" бұрыннан білетін болып шықты

Сондықтан онымен "қасиетті Рамазанда хат-хабар алысып, рухани тұтастығы мен имани игіліктері жайлы сыр бөлісетін" көрінеді. Тіпті, Мұхаң оның "көрген жерде ізетпен сәлемін алып, құрметпен қоштасатынына" да разы.

Дина Елгезек Тазабектің "сәләфи емес екенін" бұрыннан білетін болып шықты
фото: facebook.com

Ұлттық арнадағы жаңа бағдарламаны жүргізуге барып жатқаны әжептәуір жыр болған діни "Асыл арна" телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабектің "қауға сақалды, шолақ балақтылар" жамағатымен қатар аталып, сәләфи ретінде жиі сыналып жүргені мәлім. Алайда, бүгін өзі Facebook-тегі парақшасында "мен сәләфи емеспін" дегенді айтып қалды.

"Іріткі екенін ірілер ғана түсінеді..." деген тақырыппен әдеттегідей жылтыр сөздерін шұбалтқан әккі айтыскер, өзін сынаушылар тарапындағы журналист Дина Елгезекпен бір дастархан басында бірге отырған суретін жариялады. Оның "Жуасты жуанға, қоянды қасқырға, момынды қатыгезге айналдыратын уақыт пен тағдыр екен ғой..." деген сөзін қоса алуды ұмытпаған.

Енді шұбалаңқы жылтыр сөздерін түгел тізбей-ақ, өзімен дәмдес болған тілшіге қатысты мадағынан үзінді келтірейік.

"Өмірде шәй деспек түгілі шәй ішпеген, дауласпақ түгілі дауысын естіп көрмеген танымал адамдар әлеуметтік желіде айыптасып, әуреге түсіп жатыр... Мәселен, ел таныған Дина Елгезек сұлуымызды алайықшы... Ақберендей таланттың жүрегіне шаттық сыйлап, үйінің берекесі, достарының көз қуанышы боп жүрген Дина әпкемізді мен тек қана әсемдік пен отты мінездің үйлесімі ретінде ғана көріп келеді екем... Өмірге екі келмейтін аруларымызды ермен шекістергенде қазаққа келіп-кетер не пайда бар... Еркегі ез, қызы қылықсыз боп бара жатқан қоғамда, осындай нәркез, тұңғиық жанарында тылсым қасиет тұнып тұрған сұлуға сын айтпақ түгілі маған артық сөйлесе де ренжи алмайды екенмін... Өйткені Дина сұлудың шынайы бейнесі, сыршыл суреті ол емес..." - деп әріптесімізді әріден орағытқан.

Қанша дегенмен, "әйелдің құлағымен жақсы көретінін" жақсы білетін ерлер қауымынан емес пе, тілі майда Тазабек Дина ханымның Facebook-тегі белсенділігін "әлсіз еркектер мен әпенді тұлғалардың екіжүзділігі мен ессіздігіне көрсеткен ерке ескертуі" деп білетінін алға тартты.

"Әйтпесе, менің "сәлафи" емес екенімді де, менен қазаққа келер қасіреттің жоқ екенін де жүрегі біледі, түйсігі растайды... Жан дүниесі менде жақсылық бар екенін білмесе, қасиетті Рамазанда хат-хабар алысып, рухани тұтастығымыз бен имани игіліктеріміз жайлы сыр бөлісер ме еді?! Көрген жерде ізетпен сәлемімді алып, құрметпен қоштасар ма еді?! Анадан сезгіш кім бар. Динаның аяулы анасы алты қызына баға бере келе: "Қыздарымның ішіндегі ең жуасы, адамның көңіліне қарап сөйлейтін ең ізгісі, ең көп сөйлемейтін тұйығы – Дина" деп бекер ой толғамайды ғой... Алла ол кісіден разы болсын!" - деп, шамалы қарсыласын "қарға сонда қарқ етті, ірімшігі жалп етті" дегендей күйге түсіріп, елжіретіп жіберердей сөзбен "сылап-сипаған".

Демек, Мұхамеджан Тазабектің "сәләфи емес екенін" Дина Елгезектің "жүрегі біліп, түйсігі растайды" екен. Сондықтан онымен "қасиетті Рамазанда хат-хабар алысып, рухани тұтастығы мен имани игіліктері жайлы сыр бөлісетін" көрінеді. Тіпті, Мұхаң оның "көрген жерде ізетпен сәлемін алып, құрметпен қоштасатынына" да разы.

"Сәләфи еместігін" ғана айтып қоймай, Дина Елгезекпен "адасқан ағымдар, дәстүрсіздер, жемқорлармен күресте де біз біргеміз" деп отыр.

Ал енді түсініп көр!.. Сонда Дина Елгезектің кеше ғана "Қазақстан" арнасындағы тізгінін Тазабек ұстаған "Тәлім-тренд" бағдарламасын одан гөрі дінданушы Қайрат Жолдыбайұлының жүргізгенін құп көріп отырғаны қайда қалды?.. Осыған қатысты өз уәжі болса, мархабат! "Еститін үкіметі" бар есті жұртпыз ғой, оған да құлақ түріп көрейік.

Ерік ЕЛЕУСІЗ