Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Библиотеканың" батасы болмаса, Тоқаев Тазабектің талқанын шығарар еді-ау?!.

Бұл ретте, "библиотекадағы батаның" "уытын" Тоқаевтың "үшкіруі" қайтара алмайтыны алты Алашқа аян болып қалғандай. Өйткені, осы күні жұрттың оны "президенттен гөрі Премьер-министрдің міндетін атқарушыға көбірек келеді" деп жүргенін жиі еститініміз рас.

"Библиотеканың" батасы болмаса, Тоқаев Тазабектің талқанын шығарар еді-ау?!.
фото: коллаж

Қазақта "Борсық ұрған сайын семіреді" деген жақсы бір тәмсіл бар. Ұрып та көрдік. Домаланып, ісінетіні рас енді. Мұхамеджан Тазабектер сияқты.

Мысалы, Шымкенттің Әйтенов деген әкімін әлеуметтік желідегі заңгер, журналист сынды салмағы бар белсенділер күн құрғатпай "ұрып" әлек. Бірақ, оның бәрін шыбын шаққан құрлы көріп отырған шенеунікті көрмедік. Мыңқ етпейді-ау, жарықтық! Жалғыз қоғам белсенділері ғана емес, естуімізше, шырайлы қаланың шырылдаған тұрғындары да Тоқаевқа "әкімімізді ауыстырып беріңіз" деп талай рет хат жазыпты. Өңірде тас үстіне төсей салған автожолдардың да текеметше жиырылып жатқаны туралы арыз-шағымдар аз емес. Жалпы, әйкәпір болған Әйтенов сондай сапасыз жобаларға ақшаны өз бағасынан жоғары қойып жатқан көрінеді. Оған қатысты мәселені анау-мынау емес, әжептәуір құзырлы органдар көтерді.

Желіден Әйтеновтің әріптесі Алтай Көлгіновтің де жетіскен бейнесінің көрініп тұрғаны шамалы. Кемшіліктері көзге шұқып тұрып көрсетіліп жатса да президент олардың орнын "шахмат тақтасынан" төменірек ауыстыра алмайтын сияқты.

Сөз басында мысал еткен Мұхамеджан Тазабек ше? Міне, мәселе осында! Қазір "көзге шыққан сүйелдей" көп сыналып жатқан бірден-бір адам – сол! Оның "Асыл арнасы" аздық еткендей, енді келіп ұлттық арнадан ұпай жинай бастауын өз айналасындағы "ақилардан" басқа ешкім жақтырмайды. "Жақтырмайды" дегеніміз – бергі жағы, қазақтың оқығаны да, қатардағы қарапайым өкілі де оны кәдімгідей "иттің етінен жеккөретіндерін" айқын аңғартуда. Сенбесеңіз, заңгер Айгүл Орынбектің, журналистер Тоқтар Жақаш пен Дина Елгезектің Facebook-тегі парақшаларына көз жүгіртіп көріңіз! Білуімізше, оларға Әйтенов те, Көлгінов те, Тазабек те "Ит үреді, керуен көшеді" деп қана қарайтынға ұқсайды.

Ауылда Сырлыбай есімді сабаз бар еді. Әкесінің аты – Әжібай. Содан бірдеңе сұрай қалсаң, "Әкем Әжібай тіріліп келсе де бермеймін!" - деп қасарысатын. Сол сияқты, анау "ұрған сайын семіретін борсықтар" Шерхан Мұртаза сынды қаһарлы тұлғалар тіріліп келіп, сынап-мінесе де өз соқпағынан жаңылмайтындай көрінеді. Құдай өзгертпесе, өзгеретін түрлері жоқ. Әйтпесе, күнде мың, миллион рет сыналып жатыр ғой.

Неге десеңіз, бұл шіркіндер – өз мүддесіне гол салу үшін жүгіріп келе жатқан "игроктар" ғана. Бапкерлері – "библиотекада", жанкүйерлері жан-жағында жүр дейді ұзынқұлақ. Тоқаевтың бұл мәселені шешуге қауқарсыз екені айтыла бастағандықтан, біз оларды "библиотекадан бата алған" деп топшылаймыз.

Бұл ретте, "библиотекадағы батаның" "уытын" Тоқаевтың "үшкіруі" қайтара алмайтыны алты Алашқа аян болып қалғандай. Өйткені, осы күні жұрттың оны "президенттен гөрі Премьер-министрдің міндетін атқарушыға көбірек келеді" деп жүргенін жиі еститініміз рас.

Ғали ТӨЛЕК