Тәрбие сағаты  29.11.2019, 12:54

"Өзін - өзі тану сабағының жоспары" тақырыбына арналған тәрбие сағаты

Мектеп: Қ. Аманжолов атындағы ЖОББМ
Мұғалiм: Нигметова Н. С
Сынып: 1 Оқушылар саны: 20
Тақырып: № 3 Тәртіп пен парыз
Құндылық: Дұрыс әрекет Қасиеттер: әдептілік, ұқыптылық, адалдық.

Сабақ мақсаты: Оқушыларға тәртіп пен парыз ұғымдарының мәнін ұғындыра отырып, дұрыс әрекет құндылығының мәнін ашу

Міндеттері:
- Оқушыларға тәртіп пен парыз ұғымдарының мәнін ашу арқылы адалдық қасиетін ұғындыру
- Оқушылардың бойындағы адамгершілік құндылықтары туралы айта отырып,
ұқыптылыққа дағдыландыру.
- Еліне, халқына абыройлы қызмет етуге, әдепті болуға тәрбиелеу.
    Ресурстар: (құралдар, мәлiметтер)
Сабақ барысы:
Ұйымдастыру кезеңi.
- Сәлемдесу 5 «Т» ережесін еске түсіру
Тәртіп
Тыныштық
Талап
Тазалық
татулық
Тыныштық сәтi. Нұрға бөлену
Алтын балық.
Жаздың жайма - шуақ керемет бір күні, мен судың жағасында дем алып отырмын. Күн қапырық болып, ысып кетті. Суға секіріп түсіп, рахаттана шомылдым. Не деген керемет! Өзімді судағы балықтай еркін, жайлы сезіндім. Су астына сүңгіп тереңдей бердім. О, ғажап! Мына сұлулықты қалайша көрмегенмін. Су асты патшалығына кез болдым. Айналам сондай әсем, сұлу дүниеге толы. Өте әдемі өсімдіктер, ағаштар, көздің жауын алатын лағыл тастар, інжу маржандар. Балықтың небір әдемі түрлерін көрдім. Осынау сұлулыққа тоймай қарап тұрған кезімде, балықтардың арасынан басына тәж киген, жан - жағына жарық шашып келе жатқан «алтын балықты» байқадым. Қызығып кетіп, оны ұстап алдым. Мына кереметті қара, дәл ертегідегідей сөйлеп қоя берді: «Әй, жас өркен, мені жібер, айтқанымды істесең, үш тілегіңді орындаймын». Мен ойланып, толғанып, алтын балықты жөніне жібердім. Ішімнен үш тілегімді ойлап, су бетіне жүзе жөнелдім».
Қане, бәріміз көзімізді ашамыз. Ішімізден ойлаған тілектерімізді болашағымызға ала кетейік. Тілеген тілектеріңіздің толық орындалуын шын жүректен тілеймін!    Ескерту
Дәйексөз.
« Жақсы тәртіп көрсе бала күнінде, үлгісімен қуантады түбінде.»
Білім әлеміне саяхат    
Сыпайы қоян ертегісін оқып беру.

Қоян қандай дұрыс әрекет жасады?
Жылан неліктен қоянға тиіспеді?

СЕРГІТУ СӘТІ.
Тербеледі ағаштар,
Алдымнан жел еседі.
Кіп-кішкентай бөбектер
Үлкен болып өседі.
Жұмбақ шешіп, дамалайық!
Жасыл ала дөңгелек,
Бақшада жатыр дөңгелеп.
(қарбыз)
Әр желінің асты толған көк қоян,
Жаз болғанда көк қоянды жеп қоям.
(қияр)
Бұтағында азығы
Ортасында азығы.
(алма)     
Шығармашылық іс - әрекет, топтық жұмыс.
(шеңбер арқылы 2 топқа бөлу)
1-топ: Оқушыларға тәртіпті оқушы дегенге ауызша әңгіме құрастыру.
2-топ: «Әдепсіз оқушы» деген қысқа әңгіме оқып беріп, сахналау    
Топпен ән айту.
«Балдырған» әні.
Сөзі: Рауза Архабаеванікі
Әні: Айжігіт Асановтікі.
1. Біз кішкентай балдырған,
Қылығымен таң қылған.
Біздің орта көңілді,
Отты үрлеп жандырған.
Қайырмасы:
Қуыр, қуыр, қуырмаш,
Балдырғанға құлақ ас.
Секір, жүгір, тоқтама,
Ой болмасын жасырмас.
2. Балдай тәтті балдырған,
Құмарымды қандырған.
Өнер тамған саусақтан,
Жоқ нәрсені бар қылған.
Қайырмасы:
3. Біз бақытты балдырған,
Ыршып аяқ талдырған.
Сөздің сырын түсінбей
Не бір сұрақ жаудырған.
Қайырмасы:    
Үй тапсырмасы.
Дәйексөзді жаттау    
Сабақтың соңғы тыныштық сәтi.
Балалар көздерін жұмады. Мұғалім сөйлейді. Сендердің жүректерің — сендердің кішкене жарқыраған күндерің. Ол да күн сияқты жылытады. Сендердің күндерің сендерге жылулық береді. Өздеріңнің жақсылықтарыңмен адамдармен бөлісесіңдер. Ал, кәне жақсылық сезімдерімізді өздеріміздің әке - шешемізге, аға - әпкелерімізге, өздеріміздің достарымызға, барлық адамзатқа, келген қонақтарға, маған және өзіміздің кішкене ғана әдемі жер шарымызға, бәріне - бәріне жіберейік, жақсылық тілейік.
- Ал, енді көздеріңді ашыңдар, жымиыңдар және осы сезімдеріңді, қуаныштарыңды күні бойы сақтауға тырысыңдар.    

БҚО Зеленов ауданы
Қ. Аманжолов атындағы ЖОББ мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі Н. С Нигметова
bilim-all.kz сайтынан алынды



6 December, Friday