Халықтың салт пен ғұрып әні кетіп,
Қу жанның құлдырайды мәні кетіп.
Ұлт жоғалса:
Адамзат тоқырайды-
Тірліктің құны менен сәні кетіп.
Безінген ұлттығынан жасықтар бар,
Бәс қойып, бәрін сатып машыққандар.
Ұялап ұлт тамырын
Құрт боп жемек, -
Адамзатты билеуге асыққандар…
Келеді заман солай бетін бермей.
(Бермеуге бетін ұлтқа бекінгендей…)
Ұлтқа қарап -
Ұлт өссін деген Құдай,
Ұлға қарап - Ұл өсіп жетілгендей.
Әр күннің кеші - кеңес, таңы - бір ән,
Өзгеше айырмасын жарығынан.
Ұлт бақыты-Теңдікте,
Бірлік-Иман:
Ағаш та жеміс берер тамырынан.