Қазақ әдебиеті  03.12.2019, 09:08

Сабыр Адайдың "КӨП ІЗДЕДІК." өлеңі

(Нұрнияз Мұхановқа )
Ағаларым, інілерім, достарым:
Көп іздедік дүниенің жоқ мәнін.

Өнер атты түнеп көрдік ауылға,
Өзектегі сырды айтып бауырға.

Күн жаңасын үмітпенен бесіктеп,
Көңілдерге қонақтадық көшіп көп.

Жаттық сосын сұлу құшып құмарға,
Біздей Сері жоқ шығар деп Тұранда!

Жанның әппақ серік қылып сенімін,
Ботасы боп боздап көрдік желінің.

Сезімі бар жүрек көрсек түстендік,
Сан отауға біздер түнеп біткен құт.

Ән сыйладық қара тасқа қан беріп,
Қалды таулар соның бәрін таң көріп.

Бұлақтардың бұрымдарын тараттық,
Бура күнді шаптан түртіп жараттық.

Құс біткеннен қанат алып самғадық,
Айға сәуле, күнге көрік жалғадық.

От ішінде көбелек боп семірдік,
Су ішінде: Суын болып тебіндік.

Құлын болып шұрқырадық, шаңдадық,-
Қозы болып көгендегі маңырадық.

Аққу болып мамық төктік көлдерге,
Мамырладық нысана боп мергенге.

Жаттық сосын талма тұстан оқ тиіп,
Жара қалды, жан кешірді… жоқ күйік.

Жинап алып барлық саз бен жырыңды,
Бал шараппен шайқап көрдік ғұмырды.

Талай тойдың көп қыздырдық көрігін,
Керім қыздың тамызық қып ерінін.

Елді сүйдік, халық үшін қам жедік,
Көкіректі күңірендік зар керіп.

Солай біздер дәуір аттап барамыз,
Әр қайсысы: жігіттердің дара құз!…

Күзде келді жапырағын үзіп бақ,
Ғұмыр кештік бірді-біреу қызықтап.

Ей, Нұрнияз,- ағам едің бауырмал!
…Енді қанша алда қызық дәуір бар!?…

Көз алдыңда тамыр салдым, көгердім,
Аттатып-ең босағасын өнердің.

Біз ұлымыз Адай атты -Атаның!
Алғысым мол, осы өлең- шапаным.

Өткізбедік өкситіндей күнді жәй,
Өрттей лаулап өте шыққан өмір -ай!…


По теме:
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "ҚҰРТ БОП ЖЕМЕК…" өлеңі
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "АЙТАР СЫРЫМДЫ…" өлеңі
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "…АЙТШЫ НЕГЕ?" өлеңі
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "ГҮЛ-ЖАПЫРАҚ" өлеңі
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "ҚАЙТА ШЫРҚАУ" өлеңі
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "ҚАЗАҚ ҚАРАП ТҰРАДЫ.." өлеңі
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "…ҒАШЫҚ БОЛ!" өлеңі
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "ПАЛЕСТИНА" өлеңі

6 December, Friday