Бас бармақ құның кеткен баяғыда,
Ілініп, ілмек түсіп аяғына.
Сұқ саусақ сұғың қалды дүниеде,
Буының бұрынғыдай иіле ме?
Ойладық, ортан бармақ тірек пе деп,
Із қалды, тырнағыңнан жүректе көп.
Аты жоқ саусақ жатыр бүктетіліп,
Көрмеген көп ішінде түкке тұрып.
Шынашақ шыртияды желіктеніп,
Алдыңғы төртеуіне еріп келіп.
Көз сатып көрінгеннен бұйымшылап,
Ашылып алақан тұр тиын сұрап.
Ақ білек сыбанбады, күйінбеді,-
Бес бармақ-жұдырық боп түйілмеді.
Бес бармақ - бес бөлініп дірілдеді,-
Созылып кеткен білем сіңірлері…