(Мұрат Кұрбанбайтегіне)
Шуақ шашқан үнсіз таза жүректің,
Айдынынан аттанғандай түнеп күн.
Жан жылуын Маңғыстауға қалдырған,
Сенің тылсым жанарыңда бар бір мән.
Ой тербеген көз шарасы мұңданып,
Көкірегін арман керіп тұр налып.
Сол үміттің қолыма ұстап шырағын,
Мен қаншама биіктерден құладым.
Артқан сәтте тағдыр талай жүгін көп, -
Мұрат аға, Сен сүйедің: «ІНІМ!…»-деп.
Бүр жарғанда көкірегім өлеңнен, -
Мен қуансам, -Сен шаттандың: Сенем Мен! -
Ағалықтың өнеге қып мінберін,
Бәрін қымтап жүргенің сол іргенің.
Хан ұлындай күтіп алып төрлетіп,
Дарытасың іске - Қыдыр, сөзге-Құт!
Арқа сүйеп: «ӨЗІМ ҒОЙ!…»-деп барғанда,-
Қандай жақсы, ағаң болған, жалғанда!…
Ей, ағажан!…Ізгіліксің, ізетсің,-
Мен-Ініңмін!…Ізіңдегі тілекшің!
Шаңырағыңнан шаттық көріп дәм таттым, -
Енді, әрине, ЕЛ дегенде - ортақ мұң!…
Дала, мынау - ақ бесігі бабаның, -
Бір белгісіз келе жатыр тарап үн!
Балғын едік көтермеген әлі бой, -
Тек, Түбекке, берсін Құдай, абырой!…
Қос өкпені сәл қысқандай тыныс -дем!
Ал, аттандық: жаяу, жалқы жүріспен!…
Бұл сапарда-сансыз белес тұр, мәлім!…
Ей, Маңғыстау, аман болсын, ҰЛДАРЫҢ!
Өлең деген - бар тілектің тұнығы,
Ізет пенен ізгіліктің жылуы!…