Қазақ әдебиеті  09.11.2019, 20:23

Тұманбай Молдағалиевтің "БАЖА" (Төлеген Әубәкіровке) өлеңі

Білемін, Төке, сені жас кезіңнен,
Махаббат сусынына аш кезіңнен. 
Жарқырап атқа мініп шыға келсең,
Пәлекет-сәлекеттер қашты өзіңнен.

Ұланы бола білдік біз дәуірдің,
Өтінде тұра білдік күз-дауылдың.
Есіңнен шыға қоймас сенің, бажа,
Иттерін үргізген кез қызды ауылдың.

Махаббат көгеніне көгенделдің,
Әнге ердің, жас жігіт боп өлеңге ердің.
Екеуіміз екі қызын алып қаштық,
Атақты Қырбалтабай деген жердің.

Болса да Тұманбайдың жасы кішік, 
Жөнелді аққуымыз қосыла ұшып.
Сонымен бажа болдық тұратын бір
Көргенде бірін бірі басы қашып.

Әй, Төке, өтті жылдар түйдектеліп,
Ер болдық, әйелдерге билетпедік.
Кәрілік отырғызды, амалың не,
Қасына кемпірлердің сүйреп келіп.

Бүгінде қаламайды денең дуды,
Шығардың төрге жетпіс деген қуды.
Бір кемпір басқарғаны жөнсіздеу-ау,
Бір кезде ел басқарған елеулімді.

Бел болдың, бедел болдың ағайынға,
Мақсат бар жансам деген тағы ойыңда.
Уақыттың сынығына төтеп беріп,
Бақыттың балбұл жандың сарайында.

Желеді желпең-желпең ақ тайлағың,
Өтті ғой отты жыл мен отты айларың.
Кеп түстің аға жүрер ұлы жолға,
Жетпістің жайлауына ат байладың.

Сыпайы қалпың сақтап, сырды алдырмай,
Жүрмейсің айналаңды нұрландырмай.
Тарта бер сексеннің де сеңгіріне,
Қасыңнан Райсаңды бір қалдырмай.


По теме:

19 November, Tuesday