Қазақ әдебиеті  09.11.2019, 20:15

Тұманбай Молдағалиевтің "Бағым да, байлығым да сол далада" өлеңі

Бағым да, байлығым да сол далада,

Азамат елін сүйген қор бола ма?!

Емізген емшек сүтін еміреніп,

Сен бар бол, мәңгі бақи бар бол, ана.

Бар бол сен, туған халқым, тілегі бір,

Нұр бейнең көкірегімде жүреді кіл.

Білмеймін аз ба, көп пе ұзын саны,

Құдайым өзі берген бір өмір бұл.

 

Айқайлап атқа міндім, алдым ашық,

Бал дәурен, балалық күн қалды қашық.

Өретін өрістерім жайнай берші,

Көретін көп күндерім, алдыма шық.

 

Бітпеймін, ойламаймын біту жайын,

Алдымнан ең ғажайып күтуде айым.

Әзірше танымаса, таниды әлі,

Өзінің бүкіл қазақ Тұманбайын.

 

Ой қуам, арман қуам оған дейін,

Көнбейін кәрілікке, көнермейін.

Елімнің елін сүйер ақыны да,

Жақыны, ең жақыны болам кейін.

 

Өкінбен бірден бола қалмадым деп,

Қиналсам, аялайды арманым кеп.

Не берсе, Құдай өзі берді маған,

Ардақты анамнан да алғаным көп.

 

Ешкімге көзіммен де оқ атпадым,

Достықпен, ізгілікпен одақтамын.

Анамнан мейірімді алған екем,

Әкемнің жомарттығын жоғалтпадым.

 

Болды екен менің жаным неге кептер,

Жақын кел, жаныма кел, берірек кел.

Жайнайды мен барғанда туған дала,

Ойнайды гүл үстінде көбелектер.

 

Ер жеттім көп бапталған қырандай боп,

Шақырып сұлу қыздай сылаңдайды от.

Бәрі бар, терек те бар, емен де бар,

Доп қуған жалаң аяқ Тұманбай жоқ.

 

Оны іздеп әуре болман мен өзім де,

Өзгерді түс келбетім, мінезім де.

Мініске жарамайтын, жүріске де,

Арық ат жайылып жүр күн көзінде.

 

Мен үшін дау-дамайға қысылмай түс,

Жүргем жоқ көңілімнен ұшырмай құс.

Сол атта Тұманбайдың қалған жаны,

Ер салма, аман-есен жүрсін байғұс.

 


По теме:

19 November, Tuesday