Қазақ әдебиеті  08.11.2019, 23:35

Тұманбай Молдағалиевтің "Ауырам деме..." өлеңі

Ауырам деме, тәуір ән айтып берейін,
Жар көңілінің үстем ететін мерейін.
Беткейінде анау өзіміз өскен таулардың
Гүл теріп жүрші, соңыңнан қалмай ерейін.

Ауырам деме, аурудың ұмыт сен бәрін, 
Байқашы өзің, барады кіріп енді әрің.
Батаның алда аларсың, сәулем, талайын, 
Атаның сыйлап әруағын.

Ауырам деме, тәуір ән келіп тұрғанда,
Құйылсын саздар сайдан да, анау қырдан да. 
Жабырқап нең бар, жақсылық шіркін түгелдей,
Анталап келіп алдыңнан шығып тұрғанда.

Ауырам деме, сырқаттан мүлде саумын де,
Ажарын беріп алдыңа кеп тұр тау күнде.
Барасың батып махаббат деген теңізге,
Дәл мұндай бақыт беріле бермес әркімге.

Ауырам деме, жеттік бір жақсы заманға,
Ұзақ жасаудың жағдайын, жаным, амалда. 
Ауырам деме Тұмаңбайыңның барында, 
Өзіңнен туған балапандарың аманда.
 


По теме:

19 November, Tuesday