Қазақ әдебиеті  08.11.2019, 23:33

Тұманбай Молдағалиевтің "АТТАР КЕЛДІ БӘЙГЕДЕН" (Серікбай Нұрғисаевқа) өлеңі

Жігіт ең елің білген, қауым білген, 
Асқақтап кетті-ау, інім, тауың бірден.
Ат қой ол — қазағыңның қасиеттісі,
Бақ қой ол — сені айналып шауып жүрген.
 

Дарасың ашылмайтын іші бірден,
Ағасың үлкен сыйлап, кіші білген.
Келген ат барлық аттан үзіп қара,
Бағың ол сені айналып ұшып жүрген.

Таразда озды атың дараланып,
Бір үміт лаулап кетті жана барып.
Мен сонда масайрадым маскүнемдей,
Сусыны бал шарапқа жаңа қанып.

Алған соң бір жемістің дәмін татып,
Өлмейді адам үйде қарап жатып.
Бір атың Түркістанда тағы келді,
Дүние қазақтарын таңырқатып.

Ат шапты, шапты бірге намыс тағы, 
Қолдады ата аруағы алыстағы.
Қасқа еді тұлпарыңның екеуі де,
Басқа еді жануарлардың шабыстары.

Тартқан-ау ұлы Сырға, мекеніне,
Тартқан-ау әлпештеген ат еріне.
Ойпырмай, барлық, барлық айналымда,
Алдына ат салмады екеуі де.

Қасқа еді екі атың да, жаңылмасам, 
Дегендей бақсыздардың бағын ашам. 
Бәйгеден озып келген аттарыңа,
Ауысқан Әбділданың қаны қашан?

Жүрегін жаулап алған жастан арман,
Сыр елін сүлей еді дос санаған.
Ұлы ақын ақындықтың бәйгесінен,
Қара үзіп келуші еді-ау басқалардан.

Аға ма жас інісін зор тұтпаған,
Ішінде қатарыңның артық бағаң.
Ағасы Сырдан шыққан сүлейлердің,
Атыңды қолдап тұрды Қорқыт бабаң.

Ат шапты, шыға шапты ағатайлап,
Қайтер деп, қалдым жасып ағат ойлап.
Аттарың жүгірген соң, ұшып келді,
Жай көзге көрінбейтін қанат байлап.

Айтсам бір көңіл сөзін мақтанбай көп, 
Отырдым атқан жаңа ақ таңдай боп.
Ат емес, аламанның ең алдында,
Көріндің өзің келе жатқандай боп.


По теме:

19 November, Tuesday