Қазақ әдебиеті  08.11.2019, 23:31

Тұманбай Молдағалиевтің "АТАСЫНЫҢ ҰЛДАРЫ" өлеңі

Мұқашым, Қожаным да, Қасымым да,
Тезірек ер жетсек деп асығуда.
Бәрің менің баламсың, қиналмаңдар, 
“Неге бала болдық деп осы қуға”.

 

Барлығың да баласың осы шалға, 
Қарны жуан, ұқсайтын басы шарға. 
Аялайды ол сендерді тәтті ұйқыдан,
Таңмен бірге оянып көз ашарда.

Ұлым да бар, бар біраз қыз баламыз,
Оларды ептеп басқадан қызғанамыз. 
Сендер әкем дейтұғын Дәуренжанның
Абыройлы әкесі біз боламыз.

Қайтіп, қалай олардан көзімді алам,
Жақындықты жүрегім сезінді әман.
Ата деген сөзбенен тілі шыққан
Немеремнің бәрі де өзім балам.

Ей, Тұманбай, көрінер жерде көрін,
Берді саған тым ерте еңбек өрін.
Қанша ұлың бар деп біреу сұрай қалса,
Төртеу дейсің, тигендей төрден орын.

Ұлдарымның төртеуі төрт құбылам,
Өн бойымды аралап өтті бір ән.
Өте шықты, жақсарам осылармен, 
Осылармен бойдағы дертті қуам.

Осылармен көктеймін, көгеремін,
Иісін сезем бүгін-ақ шөберенің.
Өз қанымнан жаралған қандарымды,
Құшағыма қыспастан неге өлемін.

Ойнап, күліп, таласып, төбелесіп,
Атасының ұлдары келеді өсіп.
Кетіп қалам үйден де, Күлтайдан да,
Бір жақтарға соларға мен ілесіп. 


По теме:

19 November, Tuesday