Қазақ әдебиеті  08.11.2019, 12:26

Абай Құнанбайұлының "Бақа мен өгіз" (И. А. Крыловтан) аудармасы

Қарасаң, тым-ақ көп
Көре алмас іші тар.
Несі артық, бізден деп,
Салыспақ жұрт та бар.

Су ішкелі бір өгіз
Барып еді бұлаққа.
Бақалар қорқып, тарбақтап
Қашып шықты әр жаққа.

Бақаға өгіз таумен тең,
¥шып кетті зәресі.
Мақтаншақтың, сен көрсең,
Бақада екен төресі.

Өз-өзінен бір бақа
Күшенді де, бөртінді.
Қарны үлкейді қампайып,
Өгіздей болам деп ісінді.

Қасындағы жолдасқа:
"Қарашы,— деді,— сен бізге!
Қиын ба екен үлкею,
Жеткем жоқ па өгізге?"

"Ісіндің, кебіндің,
Сонда да не пайда?
Түрі жат өгіздің,
Сен қайда, ол қайда?"

Күшенді кеп кіжініп,
Келгенінше шамасы,
"Өстім ғой",— деп ісініп,
Дейді: "Енді бір қарашы!"

Қарады да: — "Дәнеме
Болған жоқ қой, қой!"— деді.
Қызып алған антұрған
Айтқан сөзге көнбеді.

Ыңқыл қағып, тыпырлап,
Күшенді де, бөртінді.
Іш жарылды сытырлап.
Мақтанам деп өзі өлді.

Таласпа, жаным-ай,
Қолыңнан келмеске.
Боларсың бақадай,
Көп түссең егеске.
 


По теме:

19 November, Tuesday