Қазақ әдебиеті  07.11.2019, 11:23

Абай Құнанбайұлының "Өлсе өлер табиғат, адам өлмес" өлеңі

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
“Мені” мен “менікінің” айрылғанын
“Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

Кім жүрер тіршілікте көңіл бөлмей,
Бақи (1) қоймас фәнидің (2) мінін көрмей,
Міні қайда екенін біле алмассың,
Терең ойдың телміріп соңына ермей.

Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей орныға алмас.
Дүниеге ынтық, мәғшарға (3) амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас.

1 Бақи (арабша) – мәңгілік, мәңгі жасаушы. 
2 Фәни (арабша) – өзгеретін, бітетін, өткінші жалған дүние.
3 Махшар (арабша) – ақыр заман болғаннан кейін адам баласының күнәсі тексерілетін орын. 


По теме:

19 November, Tuesday