Қазақ әдебиеті  17.11.2019, 09:59

Базар Жыраудың "ӘР КЕМЕЛГЕ, БІР ЗАУАЛ" өлеңі

Арқаның сары белінде,
Алғидың құба дөңінде,
Жусанның түбін кемірген,
Құйрығын жеп семірген,

«Жүйрікпін» деп делірген,
«Жан жетпес» деп шелірген,
Құлағын тігіп елірген –
«Кер құлан» деген аң болар,
Аунаған жері шаң болар.
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Көрген кісі таң болар.
Шындап ажал жеткенде,
Сақ болады жануар.
Жер тұтасын ұрлаған,
Шақпақ тасын тырлаған,
Елеусіз жермен еңбектеп,
Бауырын бұта тырнаған.
Орамал, мылтық қолға алып,
Ойпаңдау жермен зырлаған,
Бір атқышқа кез болар!
Аспанда жүріп шалқытқан,
Бөктерлеп тауды қалқытқан.
Мұзды балақ, қанды көз,
Аң көрмей қанат қақпаған.
Құсбегілер құмартып,
Ұяда баулып сақтаған.
Балапанын ұшқанда -
Түсіре алмай қолына,
Түскенмен іздеп соңына,
Қарасын көкте бір көріп,
Қонатын жерін таппаған.
Аш құрсақ, асау көк бүркіт,
Тартырнақ көріп түйлігіп,
Құлдилап көктен шүйлігіп,
Қолға түсер кезінде,
Айдаса бармас аранға
Өзі-өзінен килігіп –
Құрулы бір жанға кез болар!
Жал-құйрығы өрілген,
Өлшеммен от, су берілген,
Бастырық жабу, жемменен
Байлауда тұрып семірген.
Шын жарауы түскенде,
Жабуын алсаң жануар
Сілкініп дүр-дүр керілген.
Ұлы дүбір болғанда,
Зерігіп іші толғанда,
Шыр айналып қазығын
Осқырып жерді тебінген.
Жер ортаға жеткенде,
Көтермекші көп қолға
Ұстатпай шылбыр кеткенде,
Бөкенше тастап аяғын
Бұршақтап тері төгілген.
Жүзден озып, жол алып,
Жолына бәйге мол алып,
Қара терге сыбалып,
Құйындай шаңы шұбалып,
Қырымнан жалғыз көрінген.
Тері кепсе тыңайып,
Сыр бермеген мұңайып,
Айдалмаған алысқа
Ортекедей ойнақтап,
Талай келген өлімнен.
Таласпай ешкім жолына,
Тұрғанда бағып оңына,
Екі талай жерлерде
Шабылмай бәйге берілген.
Сол секілді наз бедеу,
Жолыққан күні тосуға,
Келтірмей қайтып қосуға –
Бір жалғыз қазыққа кез болар!
Бес қаруын асынған,
Беттескен жауын қашырған.
Туралап тартқан садағы
Тимеген кейін жасылдан.
Ерегіскен дұшпанын
Енді қайтып келместей,
Көз көрмеске асырған.
Тірі жан келмей бетіне,
Дарымай қару етіне,
Араны жүріп тұрғанда,
Байтаққа дәрпі шашылған.
Мезгілімен ас ішпей,
Аттан түспей, бел шешпей,
Кірпік қақпай күндіз-түн
Ұйқысы шайдай ашылған.
Ер өлтіріп, ел шауып,
Ел шапса, олжа мол тауып,
Әркімменен қас болып,
Қайратына мас болып,
Менменсіген ер жігіт –
Талайды сөйтіп басынған.
Өлшеулі демі біткенде,
Ажалдың оғы жеткенде,
Бадана көзді берік сауыт,
Тең болар оның панасы
Жалаңқат киген шекпенге.
Қайтпайтын жаудан қайратты,
Маңдайынан шыпшып қара
тер,
Жанды жерден қадалған –
Бір жалғыз оққа кез болар!
Мыңдаған жылқы айдаған,
Жүздеп нарды байлаған.
Қызылды қыстап, жаз болса,
Саланың бойын жайлаған
Қомы астаудай түйелер,
Қазысы қарыс биелер
Қолайлы қоныс жерінде
Семіздіктен шайлаған.
Кіреге шыққан керуендей,
Наруанға буып, нарға артып,
Сүрелеп жүкті тайлаған.
Тірелген дүние жасауға
Бәйшешектей түрленіп,
Орданың іші жайнаған.
Бірі асып, бірі түсіріп,
Әр түрлі тамақ пісіріп,
Ертелі-кеш қазаны
Қашаған Күржіманұлына - 175 жыл
Оттан түспей қайнаған.
Сол секілді байлардың
«Дәулеті қолдан кетер» деп,
«Кедейлік мұнда жетер» деп,
Кімдер сірә ойлаған?.
Аспаннан жауса асбасқын,
Жерден борап суырған.
Зымыстан болып шаруаның
Апшысын әбден қуырған.
Қорадан шықпай қой, түйе,
Бола алмай ешкім малға ие,
Қыл құйрық қалмай жылқыдан
Бетімен кеткен ығынан.
Ызғырық соққан бұрқасын,
Көрсетпей күннің толасын.
Адалынан айырылып,
Бір жұртта жиған қорасын
Мыңғырған неше байларың –
Ақ сирақ бір жұтқа кез болар!
Абайласаң әлеумет,
Болатын сөйтіп кезінде
Әр кемелге – бір зауал.
Осыларды ойламай,
Ақылсыз кейбір ақымақтар
Алдағанға мәз болар.
Неше алуан өзгерген,
Естісе құлақ, көз көрген.
Әр заманның өзіне
Лайықты саз болар.
Өткен дәуір белгісіз,
Бір жылдың жартысы
қыс болар,
Жадырап жартысы жаз болар.
Айдын шалқар көл болса,
Үйрек ұшып, қаз қонар.
Алла ісіне амал жоқ,
Асылдан мұрат аз болар.
Атымын таппай іс қылса,
Қайратқа салып күш қылса,
Айбалтаны мұқалтқан
Қайыңда қатты без болар.
Әркімдер іздеп түнейтін,
Түнегендерді түзейтін,
Арнаулы тұрған әр жерде
Құрулы дайын тез болар.
Жолы болар жігітке
Ғайып ерен, қырық шілтен
Жортқанда кез болар.
Ішкеннің мейірі қанатын,
Ішпеген аңсап қалатын,
Кәделі қайнар бұлақта
Тартылмайтын көз болар!
Ханның бағы таярда
Дұшпаны сырттан көбейіп,
Жаны ашыр досы аз қалар.
Бидің бағы таярда
Үлгілі сөзден айырылып,
Әркімнің мінін қазбалар.
Байдың бағы таярда
Танабын құдай тарылтып,
Қасынан қоңсы қозғалар.
Дүниені дос көріп
Жиғаныңмен тірнектеп,
Өлгеніңде үстіңе
Киер үш қат бөз болар.
Тіріде жанға тыным жоқ,
Қызыл тілде буын жоқ,
Айта берсең аяғы
Таусылмайтын сөз болар


По теме:
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "ҚҰРТ БОП ЖЕМЕК…" өлеңі
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "АЙТАР СЫРЫМДЫ…" өлеңі
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "…АЙТШЫ НЕГЕ?" өлеңі
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "ГҮЛ-ЖАПЫРАҚ" өлеңі
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "ҚАЙТА ШЫРҚАУ" өлеңі
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "ҚАЗАҚ ҚАРАП ТҰРАДЫ.." өлеңі
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "…ҒАШЫҚ БОЛ!" өлеңі
Қазақ әдебиеті | 03.12.2019 в 09:12
Сабыр Адайдың "ПАЛЕСТИНА" өлеңі

6 December, Friday