Серік Абас-шах ҚазҰУ ректорын ешкімнің тексере алмай отырғанына қынжылды

Сондай-ақ ол кей азаматтардың хат жазып, "Секе, неге сонша шулатасыңдар? Не бүлініп қалды сонша?" деп жатқандарын алға тартты.

Серік Абас-шах ҚазҰУ ректорын ешкімнің тексере алмай отырғанына қынжылды
фото: дереккөз

ҚазҰУ қалашығы туралы "айғай-шуға" байланысты Серік Абас-шах өз пікірін білдірді, деп хабарлады paryz.kz.

"Есентай өзені мен Бас ботаника бағының арасында орналасқан университет қалашығына көп көзінің құрты түскіш келеді. Әсіресе, "ағашкалардың".

"Esentai Mall-дың" қалай пайда болғанын байқамай қалыппын, кезінде. Студенттер қалашығының оңтүстік жақ шетіне орналасқан алып ғимараттар кешеніне үйренісіп те кеттік қой. Маған ол ұнайды, шынымды айтсам. КазГуградтың жерін жұлмалау - "Mall-мен" басталды, сонымен шектелу керек еді. Өкінішке қарай, олай болмайтын секілді. Тоқтайтын түрі байқалар емес. "Esentai Mall-дықтардан" қаламыз ба, КазГуградтың ішінен біз де биік ғимарат(тар) саламыз" деп басқалар шығыпты. Соңғыларының шығып жатқанын, алып жатқанын, салып жатқанын байқамай қалыппыз. Жайбарақаттығымыз шығар? Жоқ, әлде "сен тимесең, мен тимелігіміз" бе?" - деді журналист. 

Сондай-ақ ол кей азаматтардың хат жазып, "Секе, неге сонша шулатасыңдар? Не бүлініп қалды сонша?" деп жатқандарын алға тартты.

"Екіншілері "жау көбейтіп аласың ғой" деп "сақтандырса", үшіншісі "Бұл - қазіргі ректорға қарсы жасалған "заказ". Сенбесең, Кривошеевтің соңғы жазбасын оқы" деп ақыл үйретіп тастады. Әрине, әлгі жазбаны оқып шықтым", - дейді Серік Абас-шах.

"Автордың басты мақсаты ҚазҰУбасы Мутановтың "абыройын" қорғау екені көрініп тұр, оны КазГуградтың таланып жатқан жерін қорғау қызықтырмайтын сияқты" деген ол:

"Бұрынғы және қазіргі ректорлардың "періштелігінде" немесе еместігінде шаруам жоқ. Бөліп-жармай, бәрінің жұмысын тексеру керек. Қазіргі міндетіміз - қалашық ішінде басталып кеткен құрылыс жұмыстарын тоқтатып, күмәнді жолмен жекеге бөлінген жер(лер)ді университет иелігіне толығымен қайтару. Жазда КазГуградты аралап жүргенде түсініксіз құрылыс орындарын байқаған едім. Ұнамады. Сұрастырсам, ешкім ештеңе білмейді. Сосын жер мәселесін зерттеп жүр ғой деп, сыртынан ғана танысам да Бақытжан Базарбек бауырымның жекесіне (08.10.2020) шығып: "КазГу қалашығында бір емес, бірнеше ғимараттың құрылысы басталмақ деседі. Бұл жерде тұрғын үй(лер) пайда болса, студенттер қалашығының берекесі кететін түрі бар. Бұл жаққа тұрғын үйлер салғанша, жасыл ағаш екпей ме? Салынса, КазГудің корпустары мен жатақханасы ғана салынуы керек қой. Осыған назар аударайықшы" деп өтініш айттым", - дейді.

Сонымен қатар Серік Абас-шах Бақытжан Базарбекке рахмет айта келе,

"Сөзімді жерге тастамады. Уақытының тығыздығына қарамастан, зерттеп жатыр. Сосын өздеріңіз оқып жатқан материалдар пайда болды. Ал "заказ берушіні" іздесеңіз (солай деп атасақ, әрине) - ол мен", - дейді ол.

"Заказшының" мақсаты біреу ғана - Қазақ Ұлттық Университетіне тиесілі жерлерді сонда оқитын студенттердің игілігі үшін сақтап қалу.

"Айтпақшы, көтерілген мәселені қатаң бақылауда ұстап отырған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке рахмет. Сондай ақ, қолдап жатқан жандардың бәріне 1000 да 1 алғыс (хат).
Р.S. Осы мәселеге байланысты біраз танысыма өтініш айтқаным рас. Өкінішке қарай, үнсіз қалғандар көп-ақ. Олардың арасында КазГу-де оқыған шағын еске алып, құлаш-құлаш естелік жазатындары да бар. Намыс, ұят, ұстаным жайлы әңгімелердің майын ағызатын данышпандар да жеткілікті. Көтерілген тақырыпты қолдау түгілі, жарияланған материалдарды бөлісуге де шамалары жетпей жатыр (әлгілердің). Ешкімге өкпе жоқ, бірақ осындай салғырттығымыз қатты алаңдатады. Анығын айтсам, шошытады", - дейді Серік Абас-шах.